Қайнарбұлақ тұрғын алабы биыл табиғи газбен толық қамтылады

Шымкент қаласындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабы биыл табиғи газбен толық қамтылады. Бұл туралы тиісті басқарма өкілдері мәлімдеді. Аумақты көгілдір отынмен қамту үшін 10 млрд. теңге бөлінген. Жұмыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады.

2024 жылға дейін жұмыстың тең жартысы орындалып, 50 пайыз қаражаты игерілді дейді жауаптылар. 60 мыңнан астам халқы бар тұрғын алап биыл толық табиғи газға қол жеткізеді.

Азат Қайнарұлы, Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «2023 жылы 9 нысанның құрылыс жұмыстарына 5,6 млрд. теңге бөлініп, жыл қорытындысымен 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 49 мыңға жуық адам табиғи газ дүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Қамту деңгейі 9 пайыздан 96 пайызды құрады. 2024 жылы 7 нысанның, оның ішінде Қайнарбұлақ 7-ші, 8-ші кезек, Бозарық-Жаңақұрылыс, Ынтымақ-2, Тассай, Қаратөбе, Тәуелсіздікке 20 жыл, Қайтпас-1 шағынаудандары бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 7 млрд. теңге жоспарланды. Құрылыс жұмыстары осы сәуір айынан басталды».

Жалпы Шымкент қаласында 54 елдімекен табиғи газбен қамтылған. Оның 24-і жартылай қамтылған аймақтарға жатады. Биыл 7 нысанның құрылыс жүргізіледі. Ол үшін бюджеттен 7 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Қайнарбұлақтықтар қаншама жылдан бері көгілдір отынның жырын айтып әкімшілікке шағымданып келген болатын. Жергілікті билік тұрғындардың арызына бей-жай қараған жоқ. Ақыры игілікті іс жүзеге асатын болды.

Мемлекет басшысының Шымкент қаласының дамуына қатысты берген тапсырмалары дер уақытында жүйелі жүзеге асырылуда. Үшінші мегаполистің шеткі аймақтарындағы елді мекендердің барлығы да биыл инфрақұрылммен толық қамтамасыз етілмек. Ол үшін бүгінгі таңда толыққанды жоспар құрылып, берілген тапсырмалар орындалу үстінде.