Елдегі кәсіпкерліктің дамуына жекешелендірудің екінші толқыны қуатты серпін береді – ОҚО Кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте осы мәселе сөз болды. Ақпараттық-есептік орталық, ОҚО Қаржы басқармасы және Мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру департаменті өкілдері алдағы жекешелендіруді өткізу тәртібін түсіндірді.
ОҚО-да сатуға 47 нысанды шығарады, оның ішінде 2 нысан – республикалық меншікте («Арман шипажайы» АҚ, «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы» РМК), 28 коммуналдық меншік нысаны (Шымкент қаласы «Мұзайдын Сарайы», «Ордабасы» футбол клубы, «Алатау» шаңғы базасы, Шардара балық көшеттігі және т.б.) және ұлттық холдингтер мен корпорациялар қарауындағы 17 нысан.
Барлық сатуларды электронды форматта Мемлекеттік мүлік тізілімі www.gosreestr.kz веб-порталында орналасқан бірыңғай сауда алаңында өткізу жоспарланып отыр. Бұл сатудың ашықтығын және бизнестің «бір терезе» қағидасы бойынша ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Тізілім порталында жекешелендірудің екінші толқынымен байланысты барлық қажетті ақпарат орналастырылған. Бұл нысандардың атаулы тізбесі берілген сатылымдар кестелері, инфографика және сатуға қатысу тәртібін түсіндіретін бейне-нұсқаулықтар.
Қазіргі уақытта жекешелендіру бойынша тұрақты комиссиялар құрылып, 2014 жылға арналған нысандарды сату кестелері бекітілді. Жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жекешелендіру жөніндегі тұрақты комиссия құрамына Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері енгізілді.
«Жекешелендірудің кәсіпкерлік дамуына серпін берері сөзсіз. Бюджет нысандарды сатудан түскен ақшамен толығады да, дағдарыстағы және дағдарыс алды күйіндегі кәсіпорындар жеке иегер қолындағы жаңаша өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Халық та бәсекелестікті енгізу есебінен көрсетілетін қызмет құнының төмендеуіне, спектр кеңеюіне, сапа жақсаруына қол жеткізеді», — деген сенімде ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатов.