Шымкенттегі құрылыстардың бірінен жарылғыш зат табылды. Бұл жайында суыт хабар 14-тамыз күні сағат 11:40 шамасында Әл Фараби полиция бөлімінің кезекші бөліме түседі. Қоңырау шалған қала тұрғыны Тәшенов көшесіндегі арықтың маңынан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жұмысшылардың 1 метр тереңдіктен жарылғышқа ұқсас зат тауып алғанын айтқан.. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен басқа да шұғыл қызметтер келіп жетті. Тәртіп сақшылары жарылғыш зат табылған аумақты қоршап, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары мен кездейсоқ кетіп бара жатқандарды қауіпті аймақтан шығарды.
Табылған жарылғыш затты залалсыздандыру үшін әскери бөлімнен саперлар тобы шақырылды. Кейінірек ол 82 милиметрлік тот басқан мина болып шықты. Тәртіп сақшылары жарылғыш заттың көзін жою үшін әскери полигондардың біріне алып кеткен. Қазір осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүріп жатыр.