Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясының негізгі міндеттері – адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасы монополияға қарсы заңнамасының бұзылуының алдын алу, анықтау және тергеу, жолын кесу, экономикалық шоғырлануды бақылау, бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру болып табылады. Осы ретте облыстық монополияға қарсы инспекция бастығының орынбасары Бегалы САПАРАЛЫҒА жолығып, аталмыш саладағы қордаланған мәселелерге қатысты сұрақтар қойған едік.
– Бегалы Сапаралыұлы, инспекция қай орталық атқарушы мемлекеттік органның қатарында?
– Инспекция Қазақстан Рес-публикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) аумақтық бөлімшесі болып табылады және ол тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау, монополистік қызметті шектеу және тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау саласында бақылау және іске асыруды жүзеге асырады.
Инспекция өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес бәсекелестікті шектеуге және жоюға бағытталған мемлекеттік органдардың актілерінің, әрекеті мен әрекетсіздігінің жолын кеседі, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың немесе монополиялық жағдайдың алдын алады және жояды, нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерін, келісілген іс-қимылдарды, жосықсыз бәсекелестікті болдырмайды және жолын кеседі, үстем жағдайға ие нарық субъектілерін анықтау, сондай-ақ, тауар нарығының жай-күйін, ондағы бәсекелестіктің деңгейін зерделеу мақсатында тауар нарықтарына талдау жүргізеді.
– Инспекцияның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде ашық көрсетіп айтып өтсеңіз…
– Биыл қантты, тауық жұмыртқасын, цементті, астықты көтерме саудада сату және астық қабылдау кәсіпорындары, сұйытылған газды және сұйытылған баллонды газды көтерме және жеке саудада сату, жанар-жағар майды жеке саудада сату, жерлеу қызметтері бойынша бәсекелестік ортаны анықтау мақсатында 14 тауар нарықтарына талдаулар жүргізді.
Аталған талдау нәтижелері бойынша жекелеген тауар нарықтарында бәсекелестің дамуы үшін тиісті ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, 2014 жылғы I-ші жарты-жылдықта көмір, электр қуаты, ауызсу, дәрі-дәрмек, макарон өнімдері, жиһаз, тұрғын-үй құрылысы нарықтарында, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қатысты Қазақстан Республикасы монополияға қарсы заңнамасының бұзылуына 10 тергеу жүргізді. Атап айтқанда, «Су ресурстары-Маркетинг» және «Тан-Атар 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің іс-әрекеттерінде тұтынушылардың ауызсу құбырларын жаңарту жұмыстарын жүргізу кезінде, нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері бөлігіндегі монополияға қарсы заңнаманың бұзылу фактілері анықталды. Бұдан өзге «Демеу-К», «VIP-M», «Азамат-R», «Көмір», «Өндірістік фирма «Қаратас», «Лидер-НК», «Сигрос» ЖШС-ларының іс-әрекеттерінде көмірді сату кезінде бағалық сөз байласу, бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттер бөлігіндегі монополияға қарсы заңнаманың бұзылу фактілерін білдік. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер «Ен Светлана» және «Big House» (Биг Хауз) ЖШС-ның іс-әрекеттерінде де дәйексіз жарнама тарату бөлігіндегі жосықсыз бәсекелестік фактілерінің бары белгілі болды. Ал, «Оңтүстік Жарық» ЖШС-ның іс-әрекетінде жеке кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға ұсынған төлем төлеу шотындағы ескертпеде егер тұтынушы электр қуатының ақысын 72 сағат ішінде төлемесе, электр қуатын беруді қосымша ескертусіз тоқтататындығы жөніндегі хабарлама беру және электр қуатын тұтыну үшін алдын ала төлем талап ету мәніндегі тұтынушылардың заңды мүдделеріне қысым жасайтын үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталды.
Осы жерде энергия көздерін (электр қуаты, табиғи газ, жылу) тұтынушыларының назарына үстем немесе монополиялық жағдайға ие энергия жабдықтаушы мекемелерге тұтынушылардың, өзге де тұлғалардың заңды мүдделеріне қысым жасайтын іс-әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне заңнамамен тыйым салынатынын («Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының 13-бабы) түсіндіргім келеді.
– Қандай мемлекеттік органдардың іс-әрекетінде монополияға қарсы заңнаманың бұзылу фактілері анықталды?
– Кентау қаласы әкімдігінің, Кентау қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің және Кентау қаласы әділет басқармасының іс-әрекеттерінде нарықтың жекелеген субъектілеріне оларды бәсекелестерге қатысты басымдықтар беру бөлігіндегі мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттері фактілері анықталды.
– Тергеу нәтижелері бойынша шаралар қолданыла ма?
– Жоғарыда аталған монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына тергеу жүргізу нәтижелері бойынша инспекция тергеу объектілеріне монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын тоқтату және оның салдарын жою туралы нұсқамалар және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалды. Әкімшілік істердің нәтижесі бойынша 2 206 307 теңге айыппұл салынды. Қазіргі уақытта инспекция мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезіндегі мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттері мәніне монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына 17 тергеу жүргізуде. Тергеу нәтижелері бойынша инспекция тиісті шаралар қолданады.
– Кедендік одақ құрылғалы бері сауда-саттықтың географиялық шекарасы кеңейді. Бұл ретте отандық кәсіпкерлердің бәсекеге төтеп беруіне инспекцияның алдағы уақытта жоспарлап отырған жұмыстары жөнінде не айтасыз?
– Елбасы Н.Ә. Назарбаев отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылатындығын, ол үшін жаңа жағдайларды, соның ішінде біздің Еуразиялық Экономикалық Кеңістікке қатысуымызды, алда Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) кіретінімізді ескере отырып, отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шараны қабылдауды тапсырды.
Бұл ретте, импорттық тамақ өнімдерін өткізу саласында ішкі нарықты жосықсыз бәсекелестіктен қорғау шараларын қолға алуымыз қажет. Сондықтан, Оңтүстік Қазақстан облысының тамақ өнімдерін өндіруші кәсіпкерлерінің және тұтынушылардың құқықтарын қорғаушы қоғамдық бірлестіктерінің назарына – жосықсыз бәсекелестіктің жолын кесу мақсатында импорттық тамақ өнімдерінің көрінеу жалған, жосықсыз және дәйексіз жарнамасы туралы қолда бар ақпараты жөнінде, сондай-ақ, тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және оны өндірушілерге қатысты дәйексіз ақпарат бере отырып, импорттық тамақ өнімдерін өткізу фактілері туралы инспекцияға хабарлауды сұраймын.
Сонымен қатар, Елбасы: «Мемлекет өзінің рөлін өзгертуі тиіс. Бізге кең ауқымды жекешелендірудің екінші толқыны қажеттігін, жеке бизнес әрқашан және барлық жерде мемлекеттен гөрі тиімдірек әрекет ететіндігін ескере отырып, сондықтан біз стратегиялық емес сипаттағы кәсіпорындар мен қызметтерді жеке қолға беруге тиіспіз. Бұл – отандық кәсіпкерлікті нығайту үшін аса маңызды қадам», – деген болатын.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 наурыздағы № 280 қаулысымен бекітілген жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарының 4 және 17 – тармақтарына сәйкес, инспекция жартыжылдық тұрақты негізде мемлекет қатысатын ұйымдар және компаниялар жұмыс істейтін тауар нарықтарындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне тұрақты негізде талдау мен бағалау жүргізеді. Олардың осы тауар нарығында одан әрі жұмыс істеуінің орындылығы туралы және ол жұмыстарды бәсекелестік ортаға, яғни жекеменшік секторға беру туралы ұсыныстар енгізеді.
– Экономиканың мемлекеттік реттелуінде заңнамаларды жетілдіру қажет етеді. Бәсекелестік туралы заңнамаға өзгерістер енгізілуде ме?
– Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа қол қойылуына байланысты ерекше маңызды болатын біздің қызметіміздің басым бағыттары – бәсекелестікке жәрдемдесу және монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде таңдаулы халықаралық тәжірибені есепке алу. Келісімшартта мазмұндалған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерінің нарық субъектілері үшін тең бәсекелестік жағдайлар ұлттық экономиканың бәсекелестігінің көтерілуіне маңызды фактор болып табылады. Келісімшартта біз үшін екі және одан да көп мемлекеттердің аймақтарын қамтитын трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік қағидаларының бұзылуын алдын-алатын мүмкіндіктер мазмұндалды. Келісімшартта бейрезидент субъектілерінің заң бұзушылығын алдын алу кезіндегі монополияға қарсы органдардың өзара әрекет механизмі қарастырылған және трансшекаралық нарықтардағы заң бұзушылықты анықтау кезіндегі монополияға қарсы органдардың Еуразиялық экономикалық Комиссиямен өзара ықпалдастығы айқындалды.
Биыл Агенттік Еуразиялық экономикалық одақтың Бәсекелестік туралы үлгілік заңының қабылданылуына байланысты қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізуге бастамашы болды. Жалпы, бұл өзгерістер бәсекелестікті тиімді қорғау және дамыту және нарықтардың еркін жұмыс істеуіне және дамуына бөгет болатын әкімшілік кедергілерді төмендету үшін институционалды қолайлы және ұйымдастырушылық жағдайларды жасауға бағытталған.
– Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қандай іс-шаралар жүргізілуде?
– «Бүгінде дамудың ірі көрсеткіштерін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер көрсетіп отыр. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіретін 34 ел кіреді. ЭЫДҰ-ға кіруге тағы 6 ел – Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы үміткер болып отыр. Ұйымға мүше барлық елдер терең жаңғыру жолынан өтті, инвестицияның, еңбек өнімділігінің, шағын және орта бизнесті дамытудың, халық өмірі стандарттарының жоғары көрсеткішіне ие болып отыр. Әлбетте, ЭЫДҰ елдерінің болашақ ұзақ мерзімді қарқыны ескерілгендегі индикаторлары – жер жүзінің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жолындағы біздің базалық бағдарымыз осы» — деп атап өтті Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында.
Бұл ретте, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңында ЭЫДҰ сарапшыларымен Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының халықаралық стандарттарға сай келуіне шолу жүргізуі жоспарланып отыр. Аталған шолудың нәтижелері бойынша Агенттік өзінің жұмысында Қазақстанның бәсекелестік заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру шараларын жүргізеді. Осыған байланыс-ты, бәсекелестік заңнамасы біздің бизнеске және еліміз үшін қажетті үлгіде жетілдіріледі. Қазақстанда бизнес жүргізу жайлы болуы керек, ал отандық бизнес заңсыз және жосықсыз бәсекелестіктен қорғалуы керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Дәурен Әбдіраманов
«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014