Білім күніне орай Төле би ауданында бірнеше нысан пайдалануға берілді. Аудандағы шағын мектеп саналып келген Дулати атындағы жалпы орта мектеп кеңейтіліп, оқушыларды қабылдауға дайын. Бұдан өзге қос бірдей бастауыш мектебі де аудан әкімінің қатысуымен салтанатты жағдайда ашылды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында үш бірдей мектеп шәкірттерге есігін айқара ашады. 100 орынға лайықталған қос бірдей бастауыш мектеп заман талабына сай жасақталған. Интерактивті тақта, ғаламтор желісіне қосылған компьютерлер, өскелең ұрпақтың білім алуына қажеттінің бәрі осында. Ал Көксәйек елдімекеніндегі жалпы орта мектеп биыл кеңейтілді. Енді мұнда мыңға жуық шәкірт білім ала алады.
Конституция күніне орай аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция пункті де салтанатты жағдайда ашылды. Жергілікті тәртіп сақшылары енді жаңа ғимаратта, ыңғайлы жағдайда жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ ауыл азаматтарына ең қажетті ғимарат медициналық бекет те бүгін ашылып, ел игілігі үшін табысталды. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған бекеттің 10 медициналық қызметкері енді бір дегенде 20 науқасты қабылдай алады.
Жаңа ғимараттан бүлдіршіндер де құр қалған жоқ. Леңгір қаласынан бой көтерген «Ұлы Төле би» жекеменшік балабақшасы 140 орынға лайықталған. Мектепке дейінгі білім беру ошағының ерекшелігі сол, балабақша ата-аналардың өтініші бойынша ұзартылған мерзімде, тіпті, демалыс күндері де жұмыс істейді. Ауданда бұған дейін балабақша тапшы еді. Сондықтан бұл ғимарат ауадай қажет-ақ.
Аудан әкімі жергілікті білім ошақтары жаңа оқу жылына сақадай сай дейді. Шағын нысандарды кеңейтіп, қайта жасақтау арқылы үш ауысымда жұмыс істейтін мектептер мәселесі де оңтайлы шешіліп отыр екен.