Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызы 65 жасқа келді. Осыған орай облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ұжымы әдеби кеш өткізді. «Өмірі өлеңмен өрілген ақын» тақырыбы аясында өрбіген шараға қаламгердің оқырмандары жиналды. Көпшілік ақынның жырларын оқып, ел аузында жүрген танымал әндерін шарықтай шырқады.
Нұржан Төлебаев, оқырман: «Бүгінгі әдеби кеште мен Ханбибі апамыздың «Алтынай» әнін орындап бердім. Осы туындыны араға 10 жыл салып бүгін айттым. Есіме студенттік шағым, Алматыдағы алғашқы махаббатым түсті. Бәрі де көз алдымда. Хан апамыздың өлеңдерін оқып, әндерін айтқанда ерекше күйге бөленемін. Ақынның жазары көп болғай!»
Зағип болғанымен көкірегі ояу жандар осылайша жандарына жұбаныш болған жырлардың авторына сұрақ қойып, кеш кейіпкерімен сырласты. Айта кетейік, бүгінге дейін 20-ға тарта жыр-жинақтың авторы болып үлгерген Ханбибі Есенқарақызы әлі жазарым көп деп толқыды.
Ханбибі Есенқаразы, ақын: «Мені қуантатыны сол — халқымның махабатынан айрылмай, сол құрметке лайық боп тұрғаным. Міне, енді, 65 жас басталды деп, жер-жерде кездесулер өткізіп, оқырмандарым шақырып жатыр. Алла бұйыртса, барлық шақырған орындарды аралап шығамын. Ал бүгін зағиптар кітапханасындағы оқырмандар менің кітабымды оқып, өлеңдерді жатқа айтқанда көзіме еріксіз жас келді. Олар менің жырларымды жүрекпен түсініп оқиды. Мен бүгінде 65-ке толып, жазар дүниенің барлығын жаздым десем, мен өмірден баз кешуім керек. Мен әлі ойымдағы халыққа керектің барлығын толық жеткіздім деп айта алмаймын. Алла Тағала өмір берсе, мен әлі де қаламның қайратына мініп, әлі де халыққа беретін жырларын көп деп олаймын».
Қаламгердің мерейтойы құрметіне орай жуырда оның 2 томдық жыр жинағы жарық көрмек. Оның бірі «Диалог», екіншісі «Егіз лебіз» деп аталады.