Басты назарда – жаңадан қосылған ауылдар

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шымкент қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Өңір басшысы өз жұмысын облыс орталығына жаңадан қосылған Қаратөбе елді мекенінен бастады. Аталған елді мекен Шымкенттің аумағына жақында қосылған. «Қалалық» атанған тұрғындар құжаттарын қайта ресімдеуде.

Осы мақсатпен көшпелі тіркеу орталықтары жұмыс жасай бастаған. Яғни, тұрғындар құжат ресімдеу үшін арнайы мекемелерге барып табан тоздырмай-ақ өз елді мекенінде көрсетілген қызметті пайдалануда.

35-017

Қаратөбеге келген облыс әкімі әлеуметтік сала қызметкерлерімен және қала құрамына қосылған халықпен жүздесті. Кездесу барысында тұрғындар қалалық атанғандарына қуанышты екенін жеткізіп, шаһардың кіреберіс шекарасындағы көпір аумағын кеңейтіп беруді сұранды. Сонымен қатар тұрғындар Жұлдыз елді мекенінде мәдениет үйінің мәселесі әлі шешімін таппағанын жеткізді. Елдің ұсынысын мұқият тыңдаған А.Мырзахметов көпірге қатысты құрылыстың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатқанын, ал қалған мәселелер алдағы уақытта оң шешімін табатынын айтты.

Мұнан соң Асқар Мырзахметов «Ордабасы» индустриалды аймағында орналасқан «Заманауи құрылыс бұйымдары» ЖШС-де болды. Мұнда тұрғын үй құрылысына арналған материалдар шығарылады. Өндіріс орнындағылар алдағы уақытта жылу оқшаулайтын тақталарды өндіруді жоспарлап отыр екен. Жоба келер жылдың қараша айында аяқталмақ. Айтпақшы, серіктестікте тек құрылыс материалдары шығарылып қана қоймай, жұмысшы бригадалары да қарастырылыпты.

35-016

Одан әрі облыс әкімі жабық түр-дегі «Солтүстік» подстанциясының, «Солтүстік-Батыс» суаққысының құрылыс жұмыстарымен де танысты. «Солтүстік-Батыс» суаққысының құрылысы қыркүйек айында аяқталады. Ал жабық түрдегі «Солтүстік» подстанциясында қуаттылығы 40 МВ болатын заманауи трансформаторлар орнатылуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тапсырыс берген бұл жоба жыл соңына дейін толығымен іске қосылмақ. Мамандардың айтуынша, облыста алғаш іске қосылғалы отырған мұндай трансформаторды тек Алматы мен Астанадан кездестіруге болады екен.

Шымкенттің тіршілігімен танысқан облыс басшысы қалаға арнаған жұмыс сапарын «Қайнарбұлақ саяжайы» елді мекенінде қорытындылады. Саяжайдың инженерлік коммуникациялық құрылыс жұмыстарымен танысқан ол халық тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Сая-жай тұрғындары жергілікті басылымдардың бірінде ауызсуға жыл соңына дейін қол жеткізеді деп жазылғанын айтып еді, қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов бұл мәлімет шындыққа жанаспайтынын, яғни, жыл соңына дейін мұнда орталық магистраль жүйесінің құрылысы бітетінін, ішкі жүйе жұмысы тек келер жылы аяқталатынын жеткізді. Айта кетейік, бұл елді мекенге көгілдір отын құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжат дайын, келер жылдың қаржысын нақтылайтын кезде ол жоба билікке ұсынылатын болды.

35-018

Қалаға жасаған жұмыс сапарының соңында Асқар Мырзахметов барлық әлеуметтік мәселелер жоспарға сай жүргізіліп келе жатқанын атап өтіп, қала әкімі Дархан Сатыбалдының есебін тыңдады. Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Қайсар Шерім

«Оңтүстік Рабат», №35, 27.08.2014