Есімде… Көрші ағамыз бұдан біраз жыл бұрын қырдағы жеріне күнбағыс өсіретін. Сосын үйдегілер жұмысқа кетіп бара жатып: «Құр теледидар қарап, ойнағанша пісте түсірісуге көмектесіңдер барып! Жауын-шашынға ұрынбай ертерек жинап алсын!» деп мықтап тапсыратын. Басқалар да сөйтеді-ау.
Өйткені таңертең көршінің бар баласы сол үйден табылатынбыз. Көшедегі екі үлкен әжеміз пістенің гүлін түсіріп беріп отыратын. Ал біздер қаз-қатар қойылған кереуетке күнбағыстың басын үйкеп, дәнін түсіреміз. Болмаса тоқпақпен ұрамыз, сосын күннің астына жайып тастаймыз. Әйтеуір түскі, кешкі тамағымызды сол үйден ішіп, қап-қап пісте сарайға жиналғанша сол үйдің балалары болатынбыз.
Мектепті бітірдік. Екі әжеміз де өмірден өтті. Көрші аға да пісте егуді қойды.
Бүгінде… Біздің ауыл күнбағыс өсіру шаруашылығымен әлі де айналысып келеді.Қаншама отбасы осы күнбағыстың арқасында ас-суын ажыратып отыр.
Қазір күнбағыс жинау науқаны. Ауылда қызу әрі қарбалас тіршілік болып жатыр.
Күнбағыстары пісіп-жетілген диқан ауылдың жігіттерін жинап, қыр басына алып барады. Өсіп тұрған күнбағыстың басын кеседі.
Жинап, трактордың «телешкісіне» тиеп, ауылға алып келеді. Жігіттердің күндік еңбегіне 1 500 теңге ақы төленеді.
Кеше екі-үш көше ары тұратын Байжан аға да үйінің ауласына трактордың «телешкісіне» тиелген күнбағыс кіргізді.
Қарасам, бұрынғыдай біз секілді қолмен түсіріп жатқан ешкім жоқ. Қаншама адамның істейтін жұмысын бір ғана «барабан» деп аталатын құрал атқарып тұр. Күндігіне 5 мың төлеп, жалға алады екен. Пісте еккендер қазір сол «барабанға» кезекке тұрады. Бұл құрал күнбағыстың дәнін өзі түсіреді. Содан кейін үй иесі жиналған дәнді желге суырады.
Ал, 5 мың теңге төлеуді құп көрмегендер мен кезегін күткісі келмегендер қол қусырып қарап отырғанша деп туған-туысының, көрші-қолаңның балаларын үйіне шақыртып, күнбағыстың басын сым кереуетке үйкелеп, дәнін түсіреді.
Байырғы тәсілді әлі де іске жаратады.
Осылайша Қайнар ауылының диқандары қаладан келетін алыпсатарларға қап-қап пісте дайындап қояды.