Қарақұмық пен күнбағыс майы арзандауы мүмкін

158

 Қазақстанда Ресейге қарсы енгізілген санкциялар аясында қарақұмық пен күнбағыс майы арзандауы мүмкін. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде өткен кеңесте айтылды.

Қарақұмық жармасы мен күнбағыс майын өндірушілер қазіргі кезде шикізат тапшылығы байқалатынын атап өтті. Алайда Ресей Федерациясының қарақұмық жармасы мен күнбағыс майын алыс шетелге жеткізуді тоқтатуына байланысты бұл тауарлар Орта Азия нарығына, оның ішінде Қазақстанға жіберілуі мүмкін, бұл бағаны төмендетеді деп болжанып отыр.
Ал күнбағыс майын өндірушілер шикізат, валютаға сатып алынатын қосалқы бөлшектер мен полиграфиялық өнімдер (жапсырмалар, РФ шығарған картон) қымбаттаған жағдайда ғана баға өсуі мүмкін екенін хабарлады.

Сүт өнімдерін өндірушілер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) санатына жататын өнімдерді қоспағанда, олардың тауарларының бағасы 10%-ке дейін көтерілгенін хабарлады. Баға шикізат пен қаптаманың қымбаттаған жағдайда ғана өсуі мүмкін.

Қант өндірушілер АҚШ долларымен сатып алынған шикі қант бағасы өскен жағдайда баға өсуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Консультациялық кездесулер кезінде бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарыққа қатысушыларға жасанды тапшылықты жасауға және бұрынғы бағамен сатып алынған тауар бағасын көтеруге жол берілмейтінін және олардың салдары туралы ескертті.
Шынар Оразова