Отбасы күні мерекесіне орай Шымкентке жазушы, салт-дәстүр насихатшысы, батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова арнайы келді. Ұлт жанашыры Оңтүстікке жасаған іссапарын қазақтың батыры Баукеңнің ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым етуден бастады. Мұнан соң М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғимаратында жастармен кездесіп, өнегелі өсиеттерімен бөлісті. Жастар болса көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, тұмшаланып бара жатқан салт-дәстүрлердің тарихымен танысты. Назарларыңызға жастармен кездесу барысында өрбіген сұрақ-жауапты ұсынып отырмыз.
– Зейнеп апа, сізбен дидарласудың өзі біз үшін үлкен ғанибет. Себебі сіз қазақ батырының келінісіз. Елдің салт-дәстүрін насихаттаушы, жазушысыз. Осы ретте өршіл рухтың, отаншылдықтың, салт-дәстүрге деген беріктіктің нағыз үлгісін көрсетіп кеткен Бауыржан атамыздың ұл бала тәрбиесіне қатысты айтылған ойлары мен әрекеттеріне тоқтала кетіңізші…
– Асып-тасып бара жатқан түгім жоқ, қазақтың келіндерінің бірімін. Батырдың шаңырағына келін болып түсуімнің арқасында елдің шарапаты мен сүйіспеншілігі тиіп жатқанын жасырмаймын. Менікі күріш арқасында күрмек су ішіпті деген ғой (күліп).
Атаның әрбір қимылы, айтқан өсиеттері мәңгі есте қалып, оның бәрі күнделікке жазылды. Ондағы жазбалар 1980 жылдары «Шуақты күндер» деген атаумен кітап болып жарыққа шықты. Кітаптың екінші бөлімі 1986 жылы басылды. Кейінірек өнегелі туындының орысшасы оқырманға жол тартты. Міне, содан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де сол кітапты іздеп оқитындар бар. Мұның бәрі атаны сағынған халықтың жүрегінен таралып жатқан керемет сүйіспеншілік ұшқындары деп білемін. Кейде өтірік әңгімелер де айтылған кездер болды. Бірақ, кімнің аузына қақпақ боласың? Бәрін саралайтын халық. Халық кімнің ақылгөй, дара тұлға екенін өздері-ақ біледі. Ел өзі ардақтаған азаматын ғана аңызға айналдырады емес пе? Ата көзінің тірісінде аңызға айналған адам болды. Қойылған сұраққа жауап берер болсам, мына бір көрініс жиі есіме түседі. Ұлым Ержан небәрі 4 жаста болатын. Бақытжан екеуміз атаның қолына көшіп келдік. Ата Ержанды «Үшінші Момышұлы» дейтін. Әдеттегідей таңертең Ержанды киіндіріп отырғанмын, сол мезетте ата бөлмеге кіріп келіп: «Баланы жалқаулыққа үйретіп жүрген сен екенсің ғой…», – деп маған ала көзімен бір қарады да: «Сағатымды алып кел», – деді. Ол кезде жап-жаспын, зытып барып ұзын шынжыр бауы бар «тырс» етіп ашылатын қалта сағатын әкеліп бердім. Сағатын қолына алған ол: «Өзің ары кет», – деп тағы дүрсе қойды. Ұзын дәліздің бойында кетіп бара жатырмын. Бір уақытта «шешін» деген дауысты естідім. «Ойпырмай, әлгінде ғана киіндіріп қойып едім ғой» деп аяғымдағы тырп-тырп деп басатын шәрпиімді шешіп шұлықпен ата мен Ержан отырған бөлмеге ақырын жақындадым. Есіктен қарасам, ата теріс қарап тұр екен. Ержан шешініп, киімдерін қалай болса солай тастап жатыр. Іш киімі ғана қалды. Сол кезде ата сағатын тырс еткізіп «киін» деді. Бала Ержан киінгендей болды. Көйлегінің бір жағасы ішіне қайырылып қалған, бір түймесі жоғары қадалған. Шұлығының бірі оң, бірі теріс. Шалбарының ауы салбырап тұр. Мұны көрген ата «Болмайды! Шешін!» деп қатты айқайлады. Осы сәтте Ержанның көзі маған түсті. Бала ғой, бойында қорқынышы бар. Жанашырлық көзбен қарап тұрғанымды атам теріс қарап тұрып байқап қойып, «Кет бұл жерден!» деп айқайға басты. Мен болсам зулай жөнелдім. Содан кейін жолаған жоқпын. Құдды бір сарбазды тәрбиелегендей «киін», «шешін» деп қанша рет қайталағанын білмеймін, Ержан болса қара терге түсті. Ата осы әдетін күніге қайталады. Жалыққан емес. Қазір қарап отырсам, атаның сол әрекеті баланы ұқыптылыққа тәрбиелеген екен. Бүгінде біздің үйде ең ұқыпты адам – Ержан. Біз той-жиынға баратын болып енді киіне бастасақ, ол қақайып дайын тұрады. Әр заты өз орнында. Атаның: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзінің дәлелі осы болса керек. Сондай-ақ, ата баламен ешқашан балаша сөйлескен емес. Кәдімгі үлкен адамдарша әңгіме айтатын. Бала оны түсіне ме, түсінбей ме, онда шаруасы жоқ.
Ата: «Намысыңды нанға сатпа!» деп жиі айтып отыратын. Бұл сөздің де астарында терең мағына жатыр. Естеріңізде болсын, егер біз намыстан айырылсақ, ел болудан қаламыз. Адамды алға сүйрейтін де, алға құлшындырып отыратын да ар мен намысы.
– Сіздің «Шуақты күндер» атты кітабыңызда өзге авторлардың туындыларында кездесе бермейтін керемет жұмбақтармен келтірілген мысалдар көп. Сондағы мысалдарды келтіре отырып, қазір балаларға арналып түсіріліп жатқан «Алдар көсе», «Ер Төстік» секілді мультфильмдердің сценарийін жазу жоспарыңызда бар ма?
– «Көңілдегі көрікті ойды, базардағы нарық бұзады» деген нәрсе бар. Бұндай әдемі ой, әдемі идея дегенді айтқанымызға қай заман. Сонау 90-шы жылдары телевидениені Шераға басқарып отырғанда «Таңшолпан» дейтұғын таңертеңгілік бағдарлама болатын. Ол қазіргі «Таңшолпаннан» мүлдем басқа. Сол кезде мен екі жыл қатарынан әр дүйсенбі сайын «Кәусар бұлақ» бағдарламасында халық педагогикасы бойынша әңгіме айтатынмын. Ол сабақ емес, кәдімгі әңгіме. Сол кездері көрермен, әсіресе ұстаздар қауымы «Апа, сізді тыңдамай кетпейміз» деп айтатын. Бағдарлама алдында аңдатпасы болады ғой, сол кезде менің иіліп сәлем салып тұрған көрінісім көрсетілетін. Соны көрген Түлкібастағы әжелер «Зейнеп келін күнде ертеңгілікте келіп сәлем жасайды» деп мәз болады екен. Оны күні бүгінге дейін ұмытпай жүргендер де жоқ емес көрінеді. Дәл қазіргі таңда, яғни, өз салтымыздан жерініп, өзгенікіне жерік болып бара жатқан біздің халық үшін мұндай бағдарламалар аса қажет.
Біз ылғи «жастар сөйтіп кетті, жастар әдепті білмейді» деп жастарды кінәлаймыз. Тары егіп, бидай алғымыз келеді. Ол үшін жастарға жақсыны үйрететін насихат керек. Білгісі келіп, шөліркеп тұрған жастар қаншама. Бірақ, өздерің телеарналарды көріп жүрсіңдер. Қаптаған шоу… Бір ұлттық дүниені көрдіңдер ме? Мен көрмедім.
Жасыратыны жоқ, қазір қазақтың жартысы әнші, жартысы асаба болып кетті. Әртістің көбі журналистерді сырып тастап, селкілдеп хабар жүргізеді. Егінді егінші егу керек, темірді ұста соғу қажет. Ал бізде керісінше болып жатыр. Теледидардағы толып жатқан шоуларда қатысушылар үстіне кеспе де, тамақ та құяды. Бұл жерде намыс жоқ. Ананың басында отырған адамдар бізді келеке етіп отырғанын соны жүргізіп, істеп жатқандар аңғармайды. Теледидар түгілі сахнаға шығатын әртістің өзі белгілі бір дәрежедегі тәрбиеші ғой. Себебі оның киген киімі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысын жастар тез қабылдайды.
Қазақ «ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» деп айтқан. Біздің ықтырмамыз — салт-дәстүрге жетік болуда. Бұрынғыдай Мәскеуге қарап, сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қойған заман емес, өз қолымыз өз аузымызға жетіп отыр. Олай болатын болса қолыңды кім ұстап отыр, жоқ бәрібір ұстап отыр екен. Телеарнадағыларға «Маған ешнәрсе керек емес, ешнәрсе төлемей-ақ қойыңдар. Маған тыңдаған 100 адамның 10-ы айтылған ғибратты сөздерді бойына сіңірсе, мен мақсатыма жеткенім» деп айттым. Кейде «Мына ойыңыз дұрыс екен… Бірақ сіз бізге ақша төлеуіңіз керек» дегендер де болды. Өкініштісі, бүгінде телевидение дегеннен бар-жоғы 10 минут сұрап ала алмадым. Содан балам: «Ешкімге жалынбаңызшы, Құдайға шүкір, қазір интернетте «youtube» деген бар» деп айтты. Амандық болса, сол жобаны бастағалы отырмыз. Мен білгенімді қарапайым етіп әңгімелеп айтқым келеді. Өйткені салт-дәстүр қисайып бара жатыр. Кім ойына не келеді, соны істеп жүр. Баланы қырқынан 20 күнде шығаратынды шығарды. Бұл дұрыс емес. Неге? Өйткені 40 күнге дейін баланың ет пен сүйегі бірікпейді. Бұл уақытта кішкентай сәбиге келер қатер көп. Керек десеңіз, Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымындағылар 42 күнді белгіледі. Ал қазақта ұл-баланы қырқынан 37-39 күнде, қыз баланы 40 күнде шығарған. Осы ретте ұлды неге ерте қырқынан шығарады деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі қазақ ер азамат ерте есейіп, елін қорғайтын, шаңырағына қорған болсын деген ырыммен солай жасаған. Сондай-ақ, баланың тұсауын кілең кемпірге кестіру де сәнге айналған. Ойлап қараңдаршы, өзі әрең жүрген қария тұсауын кескен бала қалай жүріп кетеді? Баланы тіпті сылбыр жүретін адамға кестірмеген. Осы ретте есіме түсіп отыр, өткенде бір тұсаукесер тойда асаба: «Артынан кес, артынан кес» деп қояды. Ойланса қайтеді, бала артқа қарай жүрмейді ғой. Міне, осының бәрін халыққа ұқтыру керек. Талайлар оны білмейді…
– Ғаламтор туралы айтып қалдыңыз. Жақында сол желі арқылы мынандай бір сұмдықты көріп едім. Қателеспесем, Маңғыстау жақта орын алған болуы керек. Бір шаңырақ бір күнде екі келін түсіріпті. Үлкен келінді босағадағы табалдырық арқылы аттатса, кішісін терезеден кіргізіп жатыр. Бұл көрініс ғаламтор арқылы тез таралды. Демек, елге насихатталып үлгерді. Бұл жағдайға қатысты не айтасыз?
– Қазақта табалдырық аттау, босаға көру деген бар. Жаңа түскен келін шаңыраққа терезеден кіретіндей ұры емес қой. Кез келген келін ақ босағаның табалдырығын оң аяқпен аттауы керек. Әруағын да, әулетін де сыйлатып, келін табалдырықты аттаған кезде үш мәрте сәлем салғызып алып кіреді. Ал орын алған жағдай әлдекімнің сәнге айналдырып шығарғаны. Дарақылықтың көкесі сол қазір қыздың жасауына неше түрлі кәмпиттер салады. Ол адам жататын, жамылатын көрпе. Тәтті түйетін дастархан емес. «Оларың не?» десең, «Ашқан кезде тәттілер шашылсын» дейді. Осы ретте үлкен кемені кішкентай тесік суға батыруы мүмкін екенін ұмытпаған абзал.
– Қазақта «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген ұғым қалыптасқаны белгілі. Бірақ елдің кей аймақтарында келіннің бетін енесі ашатын болды. Сіздіңше бұл дұрыс па?
– Бұл да жамбасқа бұрып, салт шығарып алғандардың әрекеті. Бұрын елге беделі бар жыршы, ақындар өтініш айтып, келіннің бетін мен ашайын деген екен. Ал қызуқанды мінезі барларға енелері келіннің мінезі омпақ-домпақ болып қалады деп ашқызбаған. Келіннің бетін ашқан адамға үй иесі өздігінше құрмет көрсеткен. Түйе жетектеткен, ат мінгізген, шапан жапқан, тағысын тағы… Ал көрімдік мүлдем басқа. Бүгінде көрімдік пен беташар бірігіп, бизнеске айналып кетті. Беташарды жүргізуші асаба ортаға банкі немесе салынған ақша көрінбесін деп құмыра қойып, қолындағы ұзын-сонар тізімін тізбектей әрқайсысына жеке-жеке, тіпті еңбектеген балаға дейін келінге сәлем салғызады. Қазақтың келіндері жолдасынан жасы кішілерге ешқашан сәлем салмаған. Келіннің бетін ененің ашуы салтқа мүлдем қайшы. Осыны ұмытпаған жөн.
Қазіргі кей келіндер де жетісіп тұрған жоқ. Кеудесі ашық, көйлегі қалай тұратынын да білмеймін, әйтеуір жабысып тұрады. Беті ақ жаулық орамалмен немесе бір жапырақ фатамен жабық. Денесінің жартысы ашық келінге беташар жасаған не сән? Енді осы жерде неге қазақтың әдемі киімін кимеске деген ой келеді. Мен баяғыда Алматының ортасында отырып, келінім мен ұлыма қазақтың киімін кигіздірдім. Осы тұрғыда Үнді халқын сұмдық құрметтеймін. Қандай жиын-той болмасын дүние жүзіне атақты, тіпті миллионер болса да ешқашан өзге ұлттың киімін кимейді.
Қазақтың той-думанына қатысты әңгіме қозғалды ғой, мына бір жайтты да атап өткім келіп отыр. Үйлену тойында «Қане, екі жас келе жатыр» деп жасымыз да, кәріміз де орнымыздан тұрып шапалақтап қарсы аламыз да олар төрге жайғасып отырғанша күтіп отырамыз. Келе салып төрге шығатын болса, оның несі келін? Неге осыны басқалай жасамасқа? Неге төрге құда-құдағиды, қыз беріп отырған ауылдың үлкендерін отырғызбасқа? Ал жас жұбайлар жастардың қасына отырсын. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі тойларда екі жасты қайта-қайта орнынан тұрғызады. Той біткенше көздері мөлейіп, шаршайды. Олар деген сөз тыңдау керек емес пе? Отырып тыңдаса да болады ғой. Ол аз дегендей тойдың соңына таяу жарықты сөндіріп, ортаға тәтті торт әкелінеді. Екі жас пен ата-аналары ортаға шығып, енді ғана отағасы атанып отырған ер азаматтың қолына пышақ ұстатып, әлгі тортты кестіреді. Содан соң екі жас тортты ата-енелеріне жегізеді. Бұл — барып тұрған әдепсіздік. Адамда кішкене сыйластық деген болуы керек. Тәтті торт кесудің орнына неге келін шайын бермеске? Үлкендер отырған үстелдің бір шетіне жайғасқан келін шай құйса ешкім қой демейді ғой. Қайта керісінше, аталар батасын беріп, әжелер орамал мен сақина-білезігін сыйға тартады. Мұның өзінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. Ал ұзату тойы туралы әңгіме тым бөлек. Негізінде қызды ұзату тойын түнге қалдырмау керек. Қыз жарықпен, тіршіліктің көзімен үйден ұзатылуы тиіс. Ал бізде ел-жұртты кешкілік уақытқа жинап алып, түнгі он екіге дейін үлгеруге тырысамыз. Бұл тойда да әлі келін мен күйеу бала атанбаған екі жасты төрге отырғызып қоямыз. Сондай-ақ, қызбен қоштасу дегенде кәдімгідей сыңсу күтіп отырасың. Жоқ, қыз әкесімен ортаға шығып, вальс билейді. Қай қазақ қызын билеп жүріп ұзатқан? Түсінбеймін. Жарайды, баяғының сыңсуы бәлкім қазіргі заман ағымына сай келмейтін шығар. Бірақ, соны да бүгінгі күнге келтіріп жар-жар секілді айтуға болады ғой. Айтпақшы, ұзатылып бара жатқан қыз тойға келген туыстарына алыстан тұрып шаттана қолын бұлғап қоштасатын болған. Айналайындар-ау, қазақта өзге шаңырақтың табалдырығын аттағалы отырған бойжеткен қыздық дәуренімен қимай қоштасып жылаған емес пе? Тағы бір атап өтерлігі, тойда келіншек қолындағы гүлін лақтыратынды шығарған. Оның артына әлі тұрмыс құрмаған қыздар қатар тізіле тұрып, гүлді қағып алуға таласады. Ұят емес пе? Бұл тарихта болмаған. Қазақта ұзатылған қыз үкісін соңынан ерген сіңлілеріне бөліп беріп кеткен. Себебі ол енді үкілі қыз емес. Қарап отырсаңыз, бізде салт-дәстүрдің бәрі бар. Тек соны бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау қажет.
– Бүгінгі мен өткенді ой елегінен саралап, кемшін тұстары мен артықшылықтарын атап өтіңізші…
– Әрбір азаматтың мойнында бүкіл ұлттың жауапкершілігі тұр. Өкініштісі, кейде өзімізге өзіміз ұқсамай қалатын әдеттерге үйір болып барамыз. Өте еліктегіш халықпыз. Өзгенің қаңсығының бәрі бізге таңсық, соны үйренуге құштарланып тұрамыз. Соның бәрі мәдениет болып көрінеді. Тіпті ұйқыдан ояна сала төсекте жатып кофе ішетіндер бар. Кейбір келіндер көзін ашар-ашпастан беті-қолымды жуып келгенше шай қайнап тұрсын деп газға шай қойып қояды. Бұл мұсылманшылдыққа, қазақшылдыққа жатпайтын дүние. Қазақ ұйқыдан тұрғанда беті-қолын жумай шай ішпек түгілі, от жақпаған. Осы ретте «Біз қашанғы өзгелерден көргенімізді жасаймыз?» деген сұрақ туындайды. Мойындау керек, өзге елдерден технология, ғылымды үйрену керек. Ал тәрбие жағынан үйренетін ештеңе жоқ. Олар онсыз да тәрбие тұрғысында осал қалып отыр. Біз солардың ішкенін ішіп, кигенін киіп, айтқанын айтып өзімізді мәдениетті санауға тырысамыз. Кеңес үкіметін қанша жамандасақ та ол кезде ауылдарда береке-бірлік деген болушы еді. Қалада тұратындар балаларын ауылға жиі жіберіп тұратын. Қазір керісінше, ауылдағылар біраз жүдеңкіреп, бұрынғы қалыпты тұрмыс-тіршіліктің қабырғасы қақырап сөгілгеннен кейін адамдар бытырап, бірлік кетті. Діни сауаттылық та мәз емес. Өзге діни ағымның жетегінде кеткендер жоқ емес. Қазақ атам заманнан мұсылман халық. Қазақ халқы «Құдайсыз қурай сынбайды» деген бір-ақ ауыз сөзбен мұсылман екенін дәлелдеген. Жаратушы иемді жүрекпен сезіну керек. Хиджаб деген қазақтың қай тарихында, қай жырында бар? Біздің қыздарымыз ешқашан бетін жапқан емес. Жаугершілік кезінде ағаларымен, әкелерімен бірге жүріп басына дулыға, кеудесіне қалқан киіп, елін де, жерін де қорғаған. Қазақтың қыздары айтысқа да, шабысқа да түскен. «Қыздарды қорлады» деген Кеңес үкіметінің саясаты болды. Осы кезде еркек пен әйел теңдігі деген шықты. Ол жай алдау болды. Өйткені үкіметке жұмыс күші керек болғандықтан «сен мықтысың» деп әйелдерді қара жұмысқа салды. Мақтау айтып, тіпті орден тағып, кеудесін қақты. Осыдан кейін психологиялық улану пайда болды. Бірақ бізде ер мен әйел теңдігі болмаған. Болуы мүмкін де емес. Қазақ деген көне халықтың, жердің иесі, елдің киесі болып отырғаннан кейін әрқайсымыздың жауапкершілігіміз болуы керек. Адамға қолыңнан жақсылық келмесе, жамандық жасама. Арамға қол созба. Бастысы, бұрынғы жақсы мен бүгінгі жаңаны біріктіріп керегін алу қажет.
– Демек, гендерлік саясатқа қарсысыз ғой?
– Бірінші жауымын. Материалдық жағдайын реттеп алған кейбір әйелдер енді қызмет керек болып, осыны жақсы қолдап жүр. Себебі оларға мансап керек, министр, бастық болғысы келеді. Ал енді кейбір әйелдер күйеуінің тапқан табысы бала-шағаға жетпегендіктен жұмысқа шығуға мәжбүр.
Әйел адамының үш бақыты бар. Біріншісі: ата-ананың отбасында шыр етіп қыз баласы болып дүниеге келіп, сол үйдің гүлі болып жүрген кездегі қыз дәурені. Екіншісі: көңілі қалаған жанмен қосылып жар атануы. Үшіншісі: бесік тербетіп ана атануы. Маған салса, күйеулеріне айлықты 3-4 есе етіп көбейтіп, көп әйелдерді салпақтатпай-ақ қазақтың санын көбейтуді талап етер едім. Себебі қазаққа Алла тағала ұшан-теңіз жер берген. Сол жерге ала бұлттан тамған тамшыдай етіп қазақты шашып жіберген. Біз азбыз, бір-ақ уыспыз. Талай рет қолдан жасалған қырғынменен қайта-қайта өртенген шөптей болып көтеріліп-көтеріліп бұл күнге де жеттік. Оған шүкіршілік етеміз. Енді біз көбеюіміз қажет.
Ақыл айтуға әркім-ақ шебер болған заман болды ғой қазір. Ең арзан нәрсе — ақыл. Мен ақыл айтпаймын, тек өзімнің білгенімді өзгелермен бөлісуді өзіме міндет санаймын. Оны қабылдау, қабылдамау әркімнің өз еркінде.
P.S. Кездесу соңында жастар тарапы Зейнеп Ахметованың өсиетті әңгімелеріне алғыс айтса, университет басшылығы салт-дәстүрлерді насихаттаушы қонаққа естелікке сыйлықтар табыс етті. Мұнан соң Зейнеп апа «Отырар» кітапханасында «Бабалар аманаты» кітабының таныстырылымына қатысып, жас оқырмандармен кездесті.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №37, 10.09.2014