Шымкент қаласының өз энциклопедиясы шығады

206

Үшінші мегаполистің өз энциклопедиясы шығады. Қала әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққалы отырған кітап авторы – Момбек Әбдәкімұлы. Бүгін оқулықта не жазылуы керек деген сауалға жауап іздеген қоғам белсенділері кеңес өткізді. Энциклопедия мегаполистің қанша жылдық тарихын қамтиды? Кітаптың қанша данасы шығарылады деп жоспарлануда?

Шымкент қаласының энцклипедиясы шығарылады. Бұл әрбір қала тұрғыны үшін қажет кітап деген қалалық мәслихат хатшысы қаржы жағынан уайымдамаңыздар деді. Халыққа пайдасы тиетін оқулықтың жарыққа шығуына қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласының мәслихат хатшысы: «Жылда Шымкент қаласының күні атап өтіледі. Сол кезде біз кімге не береміз? Не сыйлаймыз деп бас қатырамыз. Сондықтан бұл дүние менің ойымша ешқашан ескірмейтін актуалдығын жоғалтпайтын нәрселер болса ішінде. Бұл жобаны Шыңғыс Мұқан ұсынатын болды, біз мәслихат тарапынан қолдап, ақшаны бөліп береміз. Оның еш қиындығы жоқ».

Сондай-ақ, шенеунік алдағы уақытта бұл оқулық білім ордаларында оқытылса деген ұсыныс білдірді. Әрі аэропорт пен вокзалда да тұруы қажет екенін жеткізді. Ал тұлғаларсыз тарих жоқ деген энциклопедия авторы кітапта үшінші мегаполиске еңбек еткен азаматтар туралы қысқаша ақпарат жазылатынын атап өтті.

Момбек Әбдәкімұлы, жазушы: «Шымкент қаласының тарихы неден басталады? Және осындай үлкен қала боп қай уақыттан бері қалыптасты деген сұрақ көптің көкейінде жүргені кәміл. Сондықтан да мен Шымкент қаласының энциклопедиясы деген танымдық кітап шығармақшымын. Онда Шымкенттің 2000 жылдық тарихы, 1917 жылдан кейінгі құжатқа түскен документтер бойынша түрлі деректер, жалпы өндіріс орындары, тұлғалар жайында, мәдениет жалпы құрылыс, бүгінгі дәрежесіне қалай жетті? Соның барлығы қысқаша түрде жазылады».

Айта кетейік, 600 беттік энциклопедия алғашында 1500 данамен шығарылады деп жоспарлануда. Автордың айтуынша кітап «Алматы» баспасында басылады.

Мөлдір Ибадуллаева