«Оралмандарға тұрғын үй салу үшін жер телімін немесе баспананы кезексіз алуға, жұмысқа орналасуға мүмкіндік жоқ. Тіпті, оралмандарға берілетін квотадан да қағылдық». Редакциямызға шағым айтып келген қандастарымыз осылай деп налып отыр. Мәселенің мән-жайын білу үшін ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласқан едік.
– Оралман – тарихи отанына тұрақты тұру мақсатында елге келген, ҚР Заңында белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ. Бүгінгі таңда оралмандар мәртебесі «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабына және «Оралмандар мәртебесін беру қағидасын бекіту туралы» 2013 жылдың 22 шілдесіндегі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің №329-е-м бұйрығына сәйкес берілуде,-дейді ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон мәселелері бойынша бөлімінің маманы Сандуғаш Тоқмұрзина.
ОҚО-да 2014 жылдың 8 айында: 65 оралманға «Жұмыспен қамту- 2020 жол картасы» бойынша әлеуметтік көмек көрсетілді.
Олардың: 4-еуі кәсіптік оқуға жолданса, 1-еуі жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасты. 41 оралман әлеуметтік жұмыс орындарына тартылса, 17-сі тұрақты жұмысқа орналасты.
Маманның айтуынша, оралмандар үшін мемлекет тарапынан арнайы жеңілдіктер, өтемақылар, әлеуметтік көмектің барлық түрлері қарастырылған. Яғни, оралмандар:
– Оралмандарды бейімдеу және біріктіру орталықтарындағы тегін бейімдеу және біріктіру қызметтерін пайдалануға;
– ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмек алуға;
– ҚР азаматтарымен тең мектептердегі және мектепке дейінгі ұйымдарда, ҚР Үкіметі анықтайтын сандағы техникалық және кәсіби, ортадан кейінгі және жоғары оқу орындарына түсуге бөлінген квотаға сәйкес білім алуға;
– ҚР азаматтарымен қатар әлеуметтік көмек алуға;
– ҚР заңнамасына сәйкес жұмысқа орналасуға құқылы.
Ал, «Жұмыспен қамту жол картасы– 2020» бағдарламасы аясында оралмандарға :
– оқу мәселелері жөнінде кеңес;
– еңбекке орналастыру;
– психологиялық бейімдеу;
– кәсіби деңгейін көтеруге арналған курстарда тегін оқыту;
– оқуға материалдық көмек беру;
– мамандығына сай келетін жұмыс орындарын іздеу;
– жұмысқа орналасуына көмектесу;
– әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесіне жіберу;
– жастар тәжірибесіне жіберілген жастардың еңбекақысын төлеу сияқты мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Оралман мәртебесі…
Білгеніміз оралман мәртебесі 7 жылға немесе ҚР азаматтығын алғанға дейін беріледі. Оны алу үшін отағасы немесе отбасының кәмелет жасқа толған бір мүшесі аталмыш басқармаға өтініш жазып, құжаттардың көшірмелерін тапсыруға міндетті. Өтініш пен мәліметтер «Оралман» электронды базасы арқылы тексеріледі. Бұл оның Қазақстанның басқа да өңірлерінде тіркелген, тіркелмегенін анықтау үшін қажет екен. Ал, егер оның басқа өңірлерде тіркелгендігі анықталатын болса, өтініш беруші құжаттарын бұған дейін өткізген жерден жаңа тіркелу орнына ауыстыру жөнінде сол өңірдің басқармасына өтініш жазуы керек.
Азаматтық алу…
– Оралман және оның отбасы мүшелері тарихи отанына тұрақты тұру мақсатында келгенін ескере отырып, тұрақты тіркеуге тұруы керек. Тұрақты тіркеуге тұрған оралмандарға міндетті түрде «Ыхтияр хат» беріледі. Бұл хаттың жарамдылық мерзімі 5 жыл. Қолында «Ыхтияр хаты» бар азаматтарға оралман мәртебесі беріледі. Оны алу үшін оралмандар ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласуы керек. Мұндағылар өз кезегінде қандастарымызға «Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталықтарына жолдама береді. Мұндай орталықтар Шымкентте және Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында бар. Шымкенттегі орталық 170 орынға, ал Ақсукенттегі орталық 140 орынға шақталған. Мұнда оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне:
– Ақпараттық және анықтамалық қызмет көрсетіп қана қоймай, мемлекеттік тілді меңгеруге, ҚР тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, заңнама негіздері мен әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізуге, құқықтық қызмет көрсетуге, аударма қызметі бойынша қызмет көрсетуге, жұмысқа орналастыруға, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілікті арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ:
– Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге жәрдемдесуге;
– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесуге;
– Қазақстан азаматтығын алуға және құжаттандыруды рәсімдеуге жәрдем береді.
Айтпақшы…
Оралмандардың, этникалық қазақтардың және олардың отбасы мүшелері тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өздерінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылады.
2013 жылдың 10 желтоқ-санында ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына енгізілген кейбір өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, 2011 жылдан бастап елге қоныс аударған қандастарымызға көшіп келу квотасы берілмейді.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №39, 24.09.2014