Теориялық емтихан тапсыру қиындап кеткен

28

13 мың шымкенттік тұрғын жүргізуші куәлігін ала алмады. Жауаптылар енгізілген жаңа жүйеден кейін, теориялық емтихан тапсырудың қиындай түскенін атап өтті. Жаңа бағдарлама үміткердің дене қимылдарын оқуға, тестілеу үдерісінің аудио және бейне жазбаларын жасауға мүмкіндік береді. 

Шымкентте жыл басынан бері 13 мың адам жүргізуші куәлігін ала алмады. Жауаптылар ЖЖЕ 3.0 жаңа жүйесін енгізе отырып, теориялық емтихан тапсырудың қиындай түскенін атап өтті. Жаңа бағдарлама үміткердің дене қимылдарын оқуға, тестілеу үдерісінің аудио және бейне жазбаларын жасауға мүмкіндік береді.

Сондай – ақ, емтихан тапсыру кезінде клиент биометриялық деректер бойынша сәйкестендіріледі, бұл бөгде адамдардың емтиханға кіруіне тосқауыл болады. Бұл жүйе шамамен бір жыл бұрын енгізілген. 11 айдың қорытындысы бойынша аталған бағдарлама арқылы 40 тестілеу нәтижесі жойылған.

«Бізде 13 мыңға жуық адам бұл тесттен өте алмаған. Осы ЖЖЕ 3.0 бағдарламасы арқылы аудио, видео барлығы түсіріледі. Тестілеу уақытында, сәйкестендіру кезінде жан-жақа қарау кемшіліктері орын алған. Жалпы сол кемшіліктермен олардың результаты жойылды»,- дейді Шымкент қаласы мемлекеттік корпорациясы филиалының орынбасары Мәди Аманжол.

Айта кетейік, үміткер жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін теориялық және практикалық емтихан тапсыруы керек. Бүгінде Шымкентте үш Мамандандырылған ХҚО жұмыс істейді, олардың екеуінде практикалық емтихан тапсыратын автодром бар. Қала тұрғындарының жүргізуші куәлігін алудың бұл жүйесіне көңілі тола ма? Сұрап көрдік.

«Дұрыс қой. Біз кезінде 2-3 жыл оқыдық бір куәлікті алу үшін. Қазіргілер оқымайды. Оны оқу керек» 

«Жалпы сұрақты өте қатты қиындатып жіберген. Тіпті керек емес белгілер өте көп, менің ойымша. «Емтиханды оңайлатып береміз ақшаңды берсең» деген секілді нәрселерді де естіп жатырмыз»

«Барлық сұрақтарын оқып, куәлігіне де, жүргізу емтиханына  дайындалсаң өту оңай деп ойлаймын. Өйткені мен тесттен де, жүргізуден де 1 ші мүмкіндіктен өтіп кеткенмін»,-деді қала тұрғындары.

Жалпы 11 айдың қорытындысы бойынша 40 мыңға жуық Шымкенттік жүргізуші куәлігін алуға өтініш білдірген. Оның 23 мыңы емтиханды сәтті тапсырған.