Шымкентте балет студиясы ашылды

835
Балет мектебі жұмысын 1-қыркүйектен бастады

Шымкентте балет студиясы өз жұмысын бастады. Жаңа ұжым облыстық опера және балет театры жанынан ашылып отыр. Қазір мұнда 7-9 жас аралығындағы жеткіншектер сабаққа қатысып, өнердің осы түрін кәсіби тұрғыда меңгеруге кіріскен.

Балет мектебі жұмысын 1-қыркүйектен бастады
Студия шәкірттері

Тоғыз жасар Қымбат Бегенова балет сабағын қалт жібермейді. Алғашқы күнен бастап жаттықтырушының үйреткен би қиымалдарын жаттап жүр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=QtvToObnho4[/youtube]

Қымбат Бегенова: «Балетке өзімнің денсаулығымды сақтап, сұлулығымды арттыру үшін келдім. Болашақта Қазақстанның танымал балетмейстері болғым келеді. Арманымды жүзеге асыру үшін мен осылай дайындықтан қалмай, еңбектеніп, ізденуім маңызды екенін де жақсы білемін. Мойындаймын, алғашында би қимылдарын меңгеру қиындау болуда, бірақ, мен барлығын жаттап жатырмын.»

Балет биіне қатысушылардың жасы 7-9 жас аралығында болуы тиіс
Сабақ күніне 2 сағаттан өтеді

Балет студиясы жұмысын 1-қыркүйектен бастады. Жаттығу-сабақтың бағасы – айына 6 мың теңге. Мұнда жас бишілерге сабақты 30 жылдан астам тәжірибесі бар, облыстық опера және балет театрының бас балетмейстері Рита Хайрушева жүргізеді. Ұстаздың айтуынша, студия облысымызда балет бишілері жетіспеушілігінен ашылып отыр.

Рита Хайрушева

Рита Хайрушева, облыстық опера және балет таетрының бас балетмейстері: «Балет студиялары бұған дейін біздің облысымызда болған жоқ. Астана мен Алматыда ғана бар. Оны тәмамдаған біздің жерлестеріміз көбіне сол өңірлерге қалып, қызмет етеді. Соның салдарынан бізде қазір мамандар жетіспейді. Сондықтан бұл қадамды баршамыз құп көріп отырмыз. Студия енді ғана жұмысты бастаған соң күніне 2-3 адамнан келіп, биге қатысуға ниет білдіріп жатыр. Бірақ олардың барлығын қабылдай алмаймыз, себебі, біздің де өз талаптарымыз бар. Баланың би қимылдарға белсенділігі, икемділігін бақылаймыз. Жас оқушы бір айдың ішінде биді алып кетуі қажет. Қазір біздің студияда 20 қыз бала бар, олармен аптасына 5 күн бойы 2 сағаттан жұмыс жасаймыз. Балет – өнердің оңай түрі емес, үлкен еңбекті талап етеді. Сондай-ақ, студиямызға ер балалар да келсе екен дейміз, әзірге тек қыздар билеп жатыр. Барлығының да қызығушылығы жоғары.»

Балет студиясына келіп, би сабақтарын аламын дегендердің жасы 7-9-дан аспауы керек. Және жаттығу-сабақ аптаның 5 күнінде, облыстық опера және балет театрының ғимратында 2 сағаттан өрбиді. Бүгінде шәкірттерін тәрбиелеп жатқан студияның жұмысы қарқынды. Жылдың соңында көптің алдында есеп беру кешін өткізуді жоспарлап қойыпты.