Әлемнің классикалық әуендері – қариялар құрметіне

403
Шетелдік танымал туындылар орындалды

Шымкентте классикалық әуеннің кеші өтті. Облыстық опера және балет театрының ұжымы әлемнің жауһар туындыларын қазыналы қарттардың құрметіне арнап орындады.

Имре Кальманның «Сильва» опереттасындағы «Сильва» ариясы классикалық кештің ажарын ашты. Әлемнің жауһар жыры сапынан табылған туындыны көрермен облыстық опера және балет театрының әншісі Маргарита Киннің орындауында тыңдады. Ұжымда 5 жылдан бері қызмет ететін өнер иесі шығарманы симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындау үшін жылдар бойы еңбектенген.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=vOhYUoRrieM[/youtube]

Маргарита Кин, облыстық опера және балет театрының әртісі: «Мен бұл әнімді қарттардың құрметіне, олардың мерекесіне арнап шырқадым. Сахнада ән салғанда да ондағы сезімімді жан-тәніммен айтып, жеткіздім деп ойлаймын. Неміс әні болса да мені көрермен түсінеді. Бұл ән үлкен еңбекті қажет етеді. Мұны осылай айту үшін 10 жылдан астам уақыт бойы тер төктім. Ал көпшілік алдындағы қобалжуымды олардың қолдауы жеңіп кетті.»

Бағдарлама «Классикалық әуеннің кеші» тақырыбында өрбіді. Мұнда қазақтың ғана емес, әлемнің бекзат өнері, жауһар жырлары шырқалды. Көрермен қауым сезімнің сұлулығы мен көңілдің тұнығы баяндалатын кешпен сағына қауышады.

Шетелдік танымал туындылар орындалды

Мейрамкүл Кенеханова, көрермен: «Мұндай кештер, концерттер біздің қоғамға ауадай қажет. Себебі өнерге деген сүйіспеншілік адамды мейірімділікке баулиды. Және мұнда әлемнің ең танымал туындылары орындалып жатыр. Маған Маргарита Кин мен Алексей Скибиннің орындауындағы шығармалар өте ұнады. Керемет!»

Мақсат Жарылқасын, көрермен: «Сүйікті әртістерімізге гүл шоқтарын әкеліп, оларға демеу болып отырамыз. Ұжымның ән қоржыны керемет. Бізге арнапты кешті. Алғысым шексіз. Тек әлемнің авторларының еңбектерін орындайтын осындай кештердің жиі өткенін қалаймыз.»

Әлемнің асылы мен қоңыр күзбен қоштасу сезімдері осы кеште әнмен кестеленді. Айта кетейік, облыстық опера және балет театрының ұжымы қарттар күні мерекесі аясында қариялар үшін тұщымды кештерді тағы да ұсынуды жоспарлап отыр.