Шымкентте мектеп табалдырығын аттамаған оқушылар бар (фоторепортаж)

Жаңа оқу жылының алғашқы айы да аяқталуға жақын. Алайда әртүрлі себептермен әлі мектеп табалдырығын аттамаған оқушылар бар. Сол себепті біз бүгін Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге рейдке шықтық. Мақсатымыз – ішімдікке әуес болғаны үшін полицияда тіркеуде тұрған отбасы балаларының сабаққа барған-бармағанын анықтап, ана-аталарымен сөйлесу.

Біз барған бірінші отбасының үйінде жан баласы жоқ. Есігі ашық-шашық.

IMG_6728
Бір бөлмелі үйдің ішін жағымсыз иіс алып кеткен.


Үстелдің үсті шашылып жатыр.

Біраз күттік. Адам келмегесін есігін жауып, екінші отбасының үйіне беттедік.

Бұл үйден Нұрсұлтан есімді бала оқу басталғалы мектепке бармаған. Анасы наркологиялық диспансерде ем қабылдап жатыр екен. Әкесі жұмыста. Біз барғанда екі бала есік алдында ойнап отырды. Бірақ, есігін ашпады.

Фатима деген әпкесімен қақпаның арғы жағынан ғана тілдестік. «Інімнің не себепті сабаққа бармай жүргенін әкемнен сұраңыздар, мен ешнәрсе білмеймін» деп жауап қатты жас қыз.

Ал үшінші отбасына бас сұққанда балалардың анасы Анастасия Мусиенко үйінде болып шықты.

Жас ана, басқалардай емес, есігін ашып, бізді ішке кіргізді. Тілдесуге келісті.


Анастасияның 4 баласы бар. Үлкені Данил — мектеп жасында. Бірақ сабаққа бармайды. Айтуынша, киімдері жоқ екен.

Ал балалардың ең кішкентайын полиция қызметкерлері балалар үйіне өткізген. Енді ішімдікке әуес ата-атаны түбегейлі ата-ана құқығынан айыруға құжат жинастырылуда.


«Тәрбиесі қиын балалар мен олардың отбасы біздің үнемі бақылауымызда болады. Жеткіншектердің сабаққа тұрақты қатысуын бақылап, мұғалімдерімен сөйлесіп тұрамыз» дейді Әл Фараби полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция майоры Пармышева Халима.