Қыркүйектің 11-і мен 13-і аралығында Литвада өткен халықаралық жарысқа Шымкент қалалық медициналық жедел көмек көрсету станциясының дәрігерлері қатысып, жеңіспен оралды. Жарысқа медицина саласы дамыған Польша, Германия , Литва мен Қазақстаннан барлығы 30 команда қатысты. Ал еліміздегі Алматы мен Шымкент қаласыннан аттанған 3 бригаданың ішінде ерекше көзге түсіп, сапалы әрі тез алғашқы көмек көрсеткендер Шымкент қалалық жедел медициналық көмек стансасының мамандары болды.

SAM_0606
Айтулы мекемедегі екі, үш адамнан тұратын екі бригада бір емес екі жүлдеге қол жеткізіп отыр. Бірі командалық есепте 30 бригаданың ішінен екінші орын алса, екінші топ миға қан құйылған жағдайда алғашқы көмек көрсетуді мінсіз орындап, ерекше номинацияның иегері атанды.

Дәрігердердің науқасқа көмек көрсету сәті
Дәрігердердің науқасқа көмек көрсету сәті

Жарыс түрлі елдердің жедел жәрдем көрсету қызметі бойынша тәжірибе алмасу, оны сараптап, бағалауға арналған. Қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің біліктіліктерін көрсетті. Олар берілген уақытта жүрек талмасы кезінде, дене жарақатын алғанда, тікұшақ құлап, адамдарды құтқару кезіндегі алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Тапсырманы орындау кезінде

Жерлестеріміз жарыстағы жедел жәрдем көлігінің жабдықталуы, алғашқы көмекке қажетті жабдықтар салынған сөмке, науқас жайлы мәліметті толтыру қағазы да басқа болғандықтан түрлі қиындықтардың болғанын айтады. Алайда өз ісін жақсы білетін шымкенттік мамандар жоғары дайындықтың нәтижесінде өзге елдің қатысушыларынан асып түсті. Әр тапсырма балдық көрсеткіш арқылы бағаланған. Қандай тапсырмалардың болатыны туралы еш хабарсыз болса да бөтен елде біздің мамандар дәрігер деген аттарын абыроймен ақтапты.

Бір өкініштісі – тапсырманы орындаймыз деп жүріп өзге елдің алғашқы көмек көрсету қызметін толықтай көре алмадық дейді жедел көмек көрсету стансасының бастығы Гүлнар Мамытқызы. Өйткені берілген тапсырманы аз ғана уақыттың ішінде орындау тиіс болғандықтан, бас көтеріп, өзгені бағдарлауға мұрша болмаған.

Гүлнар Мамытқызы:» Мен сол жарысқа дәрігерлеріммен бірге барып келдім. Өзге елдің жедел жәрдем көрсету стансасында жұмыс жасайтын дәрігерлердің жұмысымен танысып қайттық. Жүлделі екінші орны алғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл біздің еліміздегі дәрігерлердің өзге елдерден артық болмаса, кем түспейтінін білдірсе керек. Мамандар өздерінің білікті маман екендерін тағы да бір дәлелдеді. Мен оларды мақтан тұтатын.»