Қазақ тойының сценарийін өзгертетін кез келді. Шымкентке отбасы күні мерекесіне орай арнайы келген жазушы, салт-дәстүрді насихаттаушы Зейнеп Ахметова осылай деді. Қазақтың батыры — Бауыржан Момышұлының келіні өз салтымыздан жерініп, өзгенікіне жерік болып жүргендерге сабақ болар тәлім айтты. Ұлт жанашыры өзгелерден үйренген өрескел қателігімізді жоюдың өзіндік жолдарын да сөз етті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=oH9FMIhsQv4[/youtube]
Батыр Бауыржан Момышұлының келіні алдымен атасының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Салт-дәстүр, тәрбиеге қатысты жазған еңбектерін енді Зейнеп Ахметова ғаламтор арқылы жастар арасында таратуды жоспарлап отыр. Ұлттық тәрбиені ұрпақтың санасына сіңіріп, жастардың жүрегіне жеткізудің жолы осы дейді жазушы. Әйтпесе ұзатылар қыздың үкіні сіңлілеріне беретін әдемі дәстүрін құрбыларына гүл лақтырумен алмастыруы әдетке айналып барады. Ата-бабамыз қалдырған ұлттық мұраны жалғастыру өз қолымызда дейді Зейнеп апа.
Зейнеп Ахметова, сондай-ақ, ер жігіттер тәрбиесіне қатысты да өмірден өз түйгенін айтып берді. Батыр Бауыржан Момышұлындай тұлғаның келіні болуы өзінің тәрбиелі ұл өсіруіне ықпал еткенін де жасырмады. Мағыналы әңгіменің кімге болса да ұнары анық. Сол секілді, тапжылмай тыңдап отырған жастар бүгінгі кездесуден алғанымыз мол дейді.
Келген қонақты оқу орны өз сыйымен қуантты. Әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл сыйлады.