Әл Фараби аудандық әділет басқармасы жаңа ғимаратқа көшті

663

30-қыркүйек — Қазақстан Республикасының әділет органдары қызметкерлерінің күні. Атаулы дата аясында қалалық әділет басқармасы тағы бір жаңа ғимаратпен толықты. Бұл жолы Әл Фараби аудандық әділет басқармасының ғимараты ашылды.

Әл Фараби ауданында 250 мыңға жуық тұрғын бар. Енді олар жылжымайтын мүліктерін заңдастыруда, заңды некеге тұруда және зияткерлік меншікті анықтауда кезек күтпейтін болады. Аудандық әділет басқармасының 30-ға жуық қызметкері сапалы қызмет көрсетуге сақадай сай. Қала әкімдігі осыған дейін ескі ғимаратты паналап келген басқармаға Жангельдин көшесіндегі 13 «А» ғимаратының үшінші қабатын беріпті. Кеңсеге күрделі жөндеу жасалып, заманауи үлгіде жабдықталған.

Ноян Төлегенов, Әл Фараби аудандық әділет басқармасының басшысы: «Үкіметтің қаулысымен Шымкент қалалық Әділет басқармасы үшке бөлінді. Әл-Фараби, Абай, Еңбекші аудандық болып. 22-сәуірден бастап жұмысты «Жаңа шаһардағы» ескі БТИ-дың ғимаратында бастағанбыз. Бүгіннен бастап осы жерде жұмыс істейміз.»

Талғат Үрімбаев әділет органына осыдан үш жыл бұрын келген. Жас та болса өз ісінің шебері. Бүгінде жылжымайтын мүлікті заңдастыру бөлімінің жетекші маманы. Жаңа ғимаратқа орналасқандарына дән риза. Таза кеңсе де, қызмет көрсету оңай дейді. Құжаттарын заңдастыруға келген қарапайым тұрғындарға да тиімді болатынына сенімді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=JO-jqg93ge0[/youtube]

Талғат Үрімбаев, Әл Фараби аудандық әділет басқармасының жетекші маманы: «Бізге жеке мүліктерін заңдастыруға азаматтар көп келеді. Бұрын тар дәлізде ұзын-сонар кезек күтетін. Өйткені бір бөлмеде үш-төрт бөлімнің мамандары отыратын. Сыймайтынбыз. Енді жағдай жасалды. Әрқайсымызға жеке-жеке кабинет берілді.»

Айта өтейік, әділет басқармасында тек мүліктеріңізді заңдастырып қана қоймай, құқықтық көмек те ала аласыздар. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына жинлағандар кеңсе ішін аралап шығып, мамандарға жасалған жағдаймен танысты.