Шымкентте 3 ауысымды мектеп мәселесі шешілді

19

Шымкенттік мектептер оқу жылына 96 пайыз дайын. Сонымен қатар қалада 3 ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Ал №1 мектептің бастауыш сынып оқушылары биыл №8 білім ұясының ескі ғимаратына көшіріледі.

Биыл Шымкент қаласы тағы 15 мектеп пен 30 балабақшамен толықты. Нәтижесінде білім беру ұйымдарының саны 946-ға жетті. Осы жылы аз қамтылған отбасы балалары мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру орындарымен тегін қамтылады. Ал жекеменшік мекемелерге байланысты заң келесі жылы өзгеруі мүмкін. Оған қоса, қазір әлеуметтік осал топқа енетін жанұяларға көмек ретінде 1 реттік мектеп формасын беру жұмысы аяқталды.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Биыл 53 893 оқушыға 1 реттік мектеп формасын 41 мың теңгені беруді аяқтадық. Қазір аз ғана категориялы ата-аналар қалып отыр. Биылғы ерекшелік тамыз айында емес, ақша бөлуді шілде айында бастап кеттік.»

Сонымен қатар 138 мектептің жаңа оқу жылына дайындығы тексерілді. Оның ішінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының қорытындысы мен материалдық жабдықтарының талапқа сай келуі, балалардың қауіпсіздігі сараланды.

Нұргүл Шамшиева, Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы: «Жалпы мектептің материалдық жабдықталуына баса назар аударылды. Тексеріс нәтижесінде 2023 жылдың 2 тамызындағы жағдай бойынша қала мектептерінің 96,3 пайызында ағымдағы жөндеу жұмысы аяқталған. Барлығында турникеттер бар. Дабыл түймелері қосылған. Қауіпсіздік жүйелері бар.»

Айта кетейік, 2023 жылы қалада 3 ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілді. Бұған дейін кешке дейін оқып жүрген 45 мектепке қосымша 300 орындық, 65 мектепке 600 орындық ғимарат салынды. Ал №8 мектеп жаңа нысанға көшті. Соған орай аталған білім ұясының бастауыш сыныпқа арналған ғимараты №1 мектепке берілді.