– Гүлмира, Норвегияда өткен бүкіләлемдік шахмат олимпиадасындағы жеңісіңіз құтты болсын! Сонымен қатар жеке өміріңізде де елеулі өзгеріс орын алыпты. Оңтүстіктің қызы қай өңірге келін болып түсті?
– Рахмет! Алматының жігітіне тұрмысқа шықтым. Жолдасымның есімі – Линар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бірге оқыдық. Бүгінде ол «Меркур» автокомпаниясында қызмет етеді. Қыркүйектің 12-сі күні өзім туып-өскен Қазығұрт ауданында ұзату тойым болды. Ал, шаңырақ көтеру тойымыз 27-сі күні Алматыда өтті.
– Қазақы салт-дәстүрді қатты ұстанған Оңтүстік жұртшылығы көбіне қыздарының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуына қарсылық танытып жатады. Ал сіздің ата-анаңыз бұл шешіміңізді қалай қабылдады?
– Несін жасырайын, алғашында түбегейлі қарсы болды. Соған қарамастан біз қыз бен жігітше кездесіп жүрдік. Кейін Испанияда оқуда болып қайттым. Арадағы алшақтық сезіміміздің күшеюіне себеп болғандай. Төрт жыл кездескен уақыт ішінде бір-бірімізге деген түсіністігіміз, сыйластығымыз күн санап арта түсті. Осының бәріне куә болған ата-анам тек төртінші жыл дегенде баталарын берді.
– Гүлмира, сіз білім қуып кәсіби шахматтан қол үзіп, енді ғана оралып едіңіз. Енді тұрмысқа шықтыңыз. Жар атану спорттық мансабыңызды жалғастыруға кесірін тигізбей ме?
– Линар екеуміз шаңырақ көтеру туралы шешім қабылдамай тұрып бұл бойынша бір тоқтамға келіп қойғанбыз. Ол өзінің жұмысымен, мен спортпен айналыса беремін.
Жолдасым нағыз спорт жанкүйері. Қай жарысқа барсам да қолдап отырады. Тіпті дайындық барысында «Ойыңды жинақтап, ешнәрсеге алаңдама. Тек қана жеңісті ойла…» деп кеңесін беріп жатады. Осы ретте айта кетейін, Алматының келіні болғаныммен Оңтүстіктің атынан ойнаймын.
– 2014 жыл сіз үшін табысты болды деп айтуға болады. Әсіресе Тромс қаласында өткен олимпиаданы ерекше атап өту керек. Осы жарыс туралы кеңінен айта кетіңізші…
– Норвегияда өткен олимпиада тек мен үшін емес, ұлттық құрама үшін де өте табысты болды. Әлемнің 177 мемлекетінің шахматшылары бақ сынасқан олимпиадада жалпы командалық есеп бойынша біздің елдің 6-шы орынға тұрақтауы өте жақсы көрсеткіш. Біз АҚШ, Франция, Испания секілді спорты мықты дамыған елдерді артта қалдырдық. Ал өзім қола жүлдеге ие болдым.
– Шымкенттегі №4 спорт мектебінің түлегі екеніңізді білеміз. Бүгінде қайда жаттығасыз?
– Әкем Бекзат менің спорттағы алғашқы бапкерім болды. Төрт жасымнан бастап білгенін үйретіп, тіпті жарыстарға бірге ертіп жүрді. 2001 жылы Өзбекстанның ашық чемпионаты өткен болатын. Жарыста менің қабілетімді байқаған Григорий Ким әкемнің рұқсатымен мені қалаға алып келді. Л.Тәжиева атындағы №4 олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған спорт мектебіне осылайша келдім. Ол кезде небары 13 жаста едім.
Қазір Әсет Исекешов ағамыз басшылық ететін Шахмат федерациясы салып берген «Астана» кәсіби шахмат клубы бар. Сонда ұлттық құрамаға енген шахматшылар гроссмейстер Мұртас Кажгалеев пен ресейлік Юрий Яковичтің тәлімін алудамыз. Қазан айында Ресейде «Чемпиондар мемориалы» өтеді. Мұнан соң келер жылы биыл өткен олимпиада ойындарында үздік ондыққа енген елдер бақ сынасатын біріншілік болады. Қазір осы екі жарысқа дайындықты бастап жібердік. Айта кетейін, ұлттық құрама сапында бес қыз жаттығамыз. Олар шымкенттік Гүлісхан Нахбаева, алматылық Жансая Әбдімәлік, астаналық Динара Сәдуақасова, тараздық Мадина Дәулетбаева және мен.
– Айтпақшы, олимпиада ойындары басталмай тұрып бапкерлер сізді бұл ойынға жібергісі келмеді деп естіп едік. Себебін айта аласыз ба?
– Биыл өткен Қазақстан біріншілігінде шахматтың «блиц» түрі бойынша чемпион болдым. «Рапидтан» қола, ал «каскад» түрінде бірінші турдан тоғызыншы турға дейін 1-орында келе жатып, тек соңғы турда жеңіліп, чемпионатта 4-ші орынға бір-ақ түстім. Ал ұлттық құрамаға Қазақстан біріншілігінде 1-2 орын иелері ғана мүше бола алады. Осыдан кейін шахматтан бапкерлік кеңестің төрағасы Павел Коцур мені құрамаға қосқысы келмеді.
– Шахмат бойынша Қазақстанға негізгі қарсылас деп қай елді айта аласыз?
– Ресей мен Қытай, Грузия мен Украинаның қыздары шахмат бойынша элиталардың қатарында. Алла қаласа, 2-3 жылда біздің де сол қатарға қосылуымызға мүмкіндігіміз бар. Өйткені соңғы жылдары жақсы нәтиже көрсетіп келеміз.
– Ал Қазақстанда?
– Құрамадағы бес қыз бір-бірімізге қарсыласпыз. Өйткені халықаралық деңгейдегі жарыстарда сынға түсіп жүрген осы бесеуміз. Шахмат тақтасына отырғанда жеңіске де, жеңіліске де тап болатын жағдайлар кездеседі. Бірақ бір-бірімізбен тек шахмат ойынында ғана қарсыласпыз. Ал өмірде туған бауырдай қарым-қатынастамыз.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын берген сұхбатыңызда біздің елде шахматқа аса назар аударыла бермейтінін айтып қынжылып едіңіз. Қазіргі жағдай қандай?
– Шахмат федерациясының президенті Әсет Исекешов пен вице-президенті Нұрлан Сауранбаев ағаларымыздың арқасында спортшыларға көңіл бөлінуде. Жоғарыда атап өткенімдей кәсіби клубымыз ашылды. Жарыстарға дайындықты сол клубта жүргіземіз. Жарыстарға қатысып, жеңісіміз еленіп жатыр. Бір әттеген-айы өзім туып-өскен жердің кей азаматтары құттықтауға шамалары келмеді.
– Бұл жерде билікті меңзеп отырсыз ғой…
– Иә, спорттың өзге түрлері бойынша жүлдеге қол жеткізгендерді арнайы қабылдап, қолпаштап, тіпті көлік мінгізіп жататын билік шахматқа келгенде үнсіз қалды. Бұл жағдай бірінші рет емес, үнемі осылай қайталанып жатады. 18 жасқа дейінгі Азия ойындары мен әйелдер арасындағы Қазақстан біріншілігінің үш рет чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері атанғанымда да ешкім қолдау көрсетпеді. Тек өзім тәрбие алған Шымкенттегі Л.Тәжиева атындағы №4 олимпиада резервін дайындайтын спорт мектебінің директоры Бақытжан Жақсықұлов қана жеңіспен құттықтап тұрды. Әрине, ол кісіге айтар алғысым шексіз. Норвегиядан жүлдемен оралған соң Бақытжан аға қалалық спорт бөлімінің басшысына кіріп, «Шахматшы қызымыз осындай жеңіспен оралды. Қолдап, демеп жіберейік» деп ұсыныс айтып, мені қала әкімі арнайы қабылдайтын болған. Бірақ, ешкім қабылдамады да, шақырмады да. Өзге шахматшыларды жерлестері қолпаштап жатқанда көңіліңе қаяу түседі екен. Мен көлік немесе үй сұрап отырғаным жоқ, тек адамда көңіл деген болады ғой.
– Қайбір жылдары шәкірт жаттықтырып едіңіз. Нәтиже бар ма?
– Жоғары оқу орнында білім алып жүріп қосымша табыс ретінде өзгелерді жаттықтырғаным рас. Кейбір шахматшылар скайп немесе ІСС (Internet Chess Club) арқылы өзінің білгендерімен бөліседі. Ал мен кішкентай балаларға үйреткендіктен көбіне арнайы барып жекелей үйретіп жүрдім. Бірақ кәсіби түрде шәкірт тәрбиеледім деп айта алмаймын. Өйткені өзімнің үйренерім әлі көп.
– Сұхбатыңызға рахмет. Жеңісті сәттеріңіз көп болсын!
Әңгімелескен – Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №40, 01.10.2014