Айбергенов көшесі азғындалып барады

Шымкентті үшінші қалаға айналдырамыз деп сабылып жүргенімізге үшінші жылға кетіп бара жатыр. Бас жоспары жасалып, Үкіметте мақұлданып, бекітіп бергені сол екен шаһар басшылары Шымкенттің сәніне сән қосып, көркіне көз тоймайтын алып мегаполиске айналдыру ісіне кірісіп кетті. Істеріне береке берсін! Кімнің үлкен, дамыған, заманауи қалада тұрғысы келмейді дейсің? Алып жобаның бір бөлшегі іспетті біз, қала тұрғындары да мәз болып жүрміз. Десек те, 2-3 жылда танымастай кейіпке енген қаланың көзге шыққан сүйелдей көрінетін ыңғайсыз тұстары бар. Бұл мәселені айта-айта ауызға да обал болғанын жасырып қайтейік. Әйтсе де күн сайын алдыңнан табандап шыға бергесін айтпасқа, шамданбасқа амалың қалмайды екен.

41-030

Алдымыздан кесе көлденең шығатын сол баяғы жалға пәтер беретіндер. Таң қылаң бергеннен келесі таң атқанша тапжылмай кілтін жалаңдатып, пәтерін тәулікке жалға беретін пысықтардан бүгінде елдің әбден ығыры шықты. Тіпті сол маңдағы үйлеріне баруға ұялатындай хәлге жеткен. Жетпей қайтсін, қарындасымен, әпкесімен не болмаса анасымен кетіп бара жатқан жігіттерді тап бір тән ләззатын алу үшін пәтер іздеп жүрген «ғашықтар» деп ойлайтын әлгі делдалдар «пәтер керек емес пе?» деп алдынан жүгіріп шығады. Есі бар адам қалай ыңғайсызданбасын?! Оны қоя беріңіз, сол бір күндік жалға берілетін пәтерлермен көрші тұратын тұрақты тұрғындар күндіз-түні үйімізде тыныш отыра алмайтын болдық деп ашынады. Нәпсісін тояттауға келген жасы бар, жасамысы бар әлгі тұрақты тұрғынның жан-жағынан ыңқылдап, ыңырсып, беймаза күйге түсіреді екен.

Облыс, қала басшылығы мен құқық қорғаушылардың бұл мәселеден хабары жоқ дей алмайсыз. Күнде көріп жүр. Күнде сол маңнан өтеді. Кілтін жалаңдатқан құдайдан безгендердің не істеп тұрғанын жақсы біледі. Бірақ үнсіз. Не үшін екенін бірі біледі, бірі білмейді. Қарапайым халықтың ашуын туғызатыны да осы. Биліктің халыққа деген көңілі тек қағаз жүзінде, өздерін біздің орнымызға қойып көрсе ғой деп жыларман боп жүрген бір тұрғын. Шынымен де, әкім-қараларды отбасымен бірге сол жерге бір-екі күн тұрғызып қойса көрер едік. «Ойбай, ұл-қызым естімегенді естіп, көрмегенді көрді, мынадай ыңырсыған дауыстардан жерге кіретін тесік таппай отырмыз» деп көз жастары көл болар еді. Сол маңдағы халықтың қырық жаны бар екен. Шыдап келеді. Еттері де үйрене бастаған. Басқа амалы да жоқ қой ол байғұстың, пәтерін сатып, басқа жаққа көшіп кете қояйын десе жаман аудан екенін жұрттың бәрі біледі. Білгеннен соң жолағысы келмейді.

Шынын айту керек, полицейлерден қайыр болмай тұр. Анда-санда рейд жүргізгенсіп, бір-екі жеңгетайды ұстап жататыны бар. Дегенмен тән саудалау-шылар бұдан әсте сескеніп, тайсақтап отырған жоқ. Сонау бір жылдары Қошқаратаның жанындағы жабайы моншаларды жезөкшелер қаптап, ондаған жыл бойы қызыл жағалылар олардың көзін құртуға шамалары жетпей келген еді. Сол маңда тұратындардың айтуынша полицейлер жеңгетайлардың «крышасына» айналған екен. Кейін құдайдан қорықты ма, әлде билік тарапынан қатаң қадағалау жасалды ма әйтеуір Алла үйінің маңы жын-шайтандардан тазаланған-ды. Дегенмен шымкенттік тұрғындар қазіргі тәуліктік пәтерлерден көресіні көруде.

Шымқаланың орталық бөлігінде орналасқан 8-ші шағынаудан мен Айбергенов, Жангелдин көшелерінің бойындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары түнге қарай тыныш ұйықтай алмай қалдық деп зар қағады. Айтуларынша әрбір үйде ондаған жалдамалы пәтерлер бар. Барлығы сағатқа немесе бір күнге ғана жалға берілетін көрінеді. Қараңғы түсе әлгі пәтерлерді «клиенттер» сатып алып, жынойнаққа айналдырады екен. Түнімен айқай-шу, төбелес, айтуға ауызың бармайтын дауыстарды естіп келеміз, – дейді тұрғындар. Балаларының тәрбиесіне кері әсер ететін болды деп қорқады.

Білуімізше бір ғана 8-шағынауданда 400 ге жуық пәтер әлгіндей тәсілмен жалға беріледі екен. Айбергенов пен Жангелдин көшелеріндегі пәтерлердің санынан тіпті жаңыласың. «Квартира», «квартира бар» деп айқайлаған дауыс-тары жер жарады. Саудалары қызып тұр. 3 мың мен 10 мың теңгенің арасында жалға береді.

«Келетіндердің қатары сиреп көрмеген. Ылғи осы, қайнайды да жатады. Пәтер саудагерлерінің кейбірі егде жастағы кісілер. Кезінде әжептеуір қызмет істеген. Пайда табам деп Құдайын ұмытқан осындай міскіндерді жер қалай көтеріп жүр екен?!», – деп жергілікті тұрғындар жыларман болуда.

41-029

Нұрғали есімді азамат «орталық қой» деп осы 8 шағынауданнан пәтер сатып алып, артынша өкініп қалыпты. Сөйтсе ол тұратын подъездегі 25 пәтердің тек төртеуінде ғана тұрақты тұрғындар бар екен. Қалған 21-і түгел бір күндік пәтерлер. «Жап-жас қыздар мен жігіттердің таң ата сол пәтерлерден шығып келе жатқанын көреміз. Бір күндік пәтерде қыз бен жігіт не бітіреді дейсіз? Әрине зинақорлыққа барады. Талай мәрте учаскелік полицейлерді шақырдық. Олардың айтатыны – «біздің елде секске тыйым салынбаған, – дейді. Ақыры білмейтін біреуге пәтерін сатып құтылыпты. Олай істемейін десе бой жетіп қалған қызы, мектепте оқитын баласы бар. «Ахылап-үһілеген дауыс-тарды есту олар түгілі өзімізге де қиын тиіп жүрді» дейді жігіт ағасы.

Осы аудандағы 63-ші үйдің тұрғыны Алексей деген орыс жігіт біз тұратын үйде 50 пәтер бар болса соның 27-сі бір күнге сатылатын пәтерлер дегенді айтады. Ал, Айбергенов көшесіндегі 5 «б» үйінде тұратын «М» есімді әйел: «Пәтер сататындар өздерін бүкіл үйдің қожайындарындай санайды. Қашан қоясыздар мынадай масқараны деп талай айтқанбыз. Сөйтсек бұлар ұялудың орнына айқайдың астына алады. «Қолдарыңнан келгенді істеңдер, біз полиция бөлімін, салық, учаскелік полицейдің бәрін түгел сатып алғанбыз, қолдарыңнан түк те келмейді» деп мазақ қылады. Ай сайын билік органдарына ақша қыстырып кететін көрінеді. Сосын олар тиіспейді. Бұлардың осылайша қорықпай тайраңдап жүруінің тағы бір себебі естуімше бұл жағдайға қатысты елімізде қылмыстық жаза көретіндей заң жоқ екен. Пәтер саттың деп соттата алмайды екен заң орнындағылар. Тек аз-маз айыппұл салатын болса керек. Мұны жаңағы пәтер сатып тұратындардың өзі айтқан маған. Бүгіндері тұрақты тұрғындардың көбісі әлгілерге пәтерлерін сатып бұл жерден қашып кетті»,-дейді. Бір сөзбен айтқанда Айбергенов көшесі азғындалып барады. Жалғыз ол емес Шымкентте пәтерді қысқа уақытқа жалға беретін мекендер өте көп. Теміржол вокзалының алдында, 17, 18 шағынаудандарда осындай саудагерлерді топ-тобымен көруге болады. Кеш қылаң беріп, қараңғы батар-батпас «квартира» «квартира» деп қызыл кеңірдек болған сатушылар тіпті қолдарына «квартира» деген жазуы бар тақтайшалар да ұстап алатын болған. Бұл маңның да тұрғындарының түн тыныштығын осы жалдамалы пәтерлердің «клиенттері» әбден ұрлап бітіпті. «Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Бұлардың жолын кесуге биліктің мүлде шамасы жетпейтін болғаны ма?», – деп күйінеді жергілікті халық.

Ашынған жұрт бұл бассыздық тиылмайтын болса Елбасыға барып шағымданамыз деп бел буып отыр. «Мәселені шешу тек сол кісінің ғана қолынан келеді. Ақырғы үмітіміз сол ғана»,- дейді. Расында да жергілікті биліктің бұл жағдаймен күресуге дәрменсіз болып отырғаны қынжылтарлық. Мыңдаған құқық қорғаушылар, әкімшілік, сот орындары жабылып жүріп шеше алмайтын бұл не деген күрмеуі тоқсан мәселе екені белгісіз. «Суточная квартира» бизнесінің бұлайша сиырқұйымшақтанып, шешімін таппауы, тиылмауы сол құқық қорғаушылардың, биліктегілердің өздері де бұл бизнестен пайда тауып отырғанын байқататындай. Әйтпесе терроризм мен экстремизм, басқа да аса қауіпті қоғамдық мәселелерге қарағанда бұны шешу заң орындары мен билік үшін түкке тұрмайтын шаруа болуы керек еді. Себебі бұл қадағалауға көнетін-ақ мәселе. Тек жауапты кісілердің бел шешіп кіріспеуінен күрмеулі күйде қалып отыр.

Елдегі үшінші қала мәртебесіне ие болып отырған Шымкент шаһарында осындай ұлт бетіне салық боларлық сүйкімсіз көріністер өкінішке қарай толастамай отыр. Өмірді енді бастап келе жатқан жас өскіндер үшін теріс тәрбие болатын мұндай сорақылықтар қашан тиылары әзірге белгісіз. Елбасы қамшы баспайынша қозғалмайтын жергілікті атқамінерлердің мұндай күрделі мәселелерді өздігінен шеше саларына жұрт та сенбей отыр. Әйтеуір не де болса сең қозғалса екен дейміз. Бұл мәселені заңды жолмен шешуге болады емес пе? Мұны әсіресе облыс басшысы Асқар Мырзахметов пен қала әкімі Дархан Сатыбалдыға қарата айтқымыз келеді. Өйткені қала тыныштығын сақтау мен облыс орталығы үйлерінің бейшара кейіпке түсуі құқық қорғаушыларды айтпағанда, бірінші кезекте осы кісілердің атына кір келтіріп, ұятына, істеп жатқан қызметіне селкеу түсіреді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014

P.S.: Шымкенттің тыныштығы, абүйірі осылайша бұзылып тұр. Әкім мырзалар мен полицейлер айтылған сыннан қорытынды шығарып, зинақорлық әрекеттердің өршуіне себепші болып отырған қысқа уақытқа жалға берілетін пәтер бизнесін ауыздықтайтын шығар деп үміттенеміз. Халыққа жақсылық жасаған пендесіне Алла да жақсылығын аянып қалмасы анық.