Сессияға дейін облыстық мәслихаттың бес бірдей тұрақты комиссиясы алдында облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына облысымыздағы басқару схемасына енгізіліп отырған өзгерістерді хабарлай отырып, бірнеше басқармаларды біріктіруді көздейтін жобаны депутаттар талқысына салған болатын.
Соның ішінде дін істері жөніндегі басқарманы ішкі саясат басқармасына, жастар саясаты басқармасын білім басқармасына қосу ұсынысы қызу талқыға түсті. Тұрақты комиссия отырысына жиналған депутаттар өзге облыстармен салыстырғанда діни ахуал біздің өңірде қатаң бақылауды қажет ететіндігін, оның үстіне мешіттердің саны да көп екендігін, мемлекеттік шекараға таяу орналасқан облыс екендігімізді алға тартып, дін істері басқармасын біріктірмей, дербес қалдыру керектігін айтты.
Ал облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан жастар саясаты басқармасын білім басқармасына берудің қажеті жоқтығын, облысымызда 700 мыңнан астам жас барын, олардың жұмысын, әлеуметтік мәселесін қадағалап, бақылап отыратын арнайы өз алдына басқарма болуы керектігін алға тартты.
«Туризм басқармасы ілгері уақытта Спорт және денешынықтыру басқармасының құрамында болды, үйреніп қалған саласы ретінде со жаққа қоссақ қайтеді» деген ұсыныстар да болды. Ең бастысы әкімшілік басқару жүйесін талқыға салған бұл жолғы басқосуда мәслихат депутаттары біраз қызылкеңірдек болғаны рас. Өз белсенділіктерін көрсеткендей болған. Тіпті, «бұл мәселені талқылау әлі ерте сияқты, біз бұл жобамен алдын ала танысып үлгермедік те. Материалдарды қолымызға кеш берді» деп ертоқымын ала тулаған депутаттар да болды.
Алайда тұрақты комиссияда тау қопарар Толағайдай тепсінген депутаттар сейсенбі күні өткен облыстық сессияда облыс әкімдігі ұсынған басқару схемасындағы өзгерістер жөніндегі жобаны мақұлдап жіберді. Тіпті онсызда айтыла-айтыла, тілім-тілімі шыққан тіл басқармасы екі бөлініп кете барды. Ономастика бөлімі -Мәдениет басқармасына, мемлекеттік тіл саясаты білім басқармасына қосылды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=fLmRYXMinpA[/youtube]
Осылайша, жоғарыда аталған басқармалардан бөлек, жақында ғана құрылған туризм болса, кәсіпкерлік және индустриялды инновациялық даму басқармасының ішіндегі бөлім болып құрылатын болды. Сонымен қатар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының құрамына енді. Жобаны ұсынушылардың түсіндіруі бойынша бұдан (сондағы өзгеріс бұрынғы 5 басқарманы алып өзге 4 басқармаға қосу арқылы) басқару персоналы 25 адамға қысқарып, қызметтік көліктер мен ғимараттардың есебінен қазына қаржысы 46 миллионға үнемделетін көрінеді. Мекемелерді қайта құруға аз уақыт кетпейді деп отыр жобаны ұсынушы орган. Сессияда сөз алған облыс әкімі Асқар Мырзахметов аталмыш құрылымдық өзгерістердің, қысқартулардың арқасында қыруар қаржы үнемделетінін баса айтты. Депутаттар мен басқарма басшыларының кейбірі бұл өзгерістерді онша құптай қоймағанымен басталған шаруа аяқсыз қалмайтынын біліп тарқасты. Сонымен, облыста бұған дейін 22 басқарма болып келсе, қазір оның орнына 17 басқарма қайта құрылмақ. Олардың аталуы төмендегіше болады:
1. ОҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы;
2. ОҚО қаржы басқармасы;
3. ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасы;
4. ОҚО денсаулық сақтау басқармасы;
5. ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы;
6. ОҚО мұрағаттар және құжаттама басқармасы;
7. ОҚО мәдениет басқармасы;
8. ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы;
9. ОҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасы;
10. ОҚО кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы;
11. ОҚО жер қатынастары басқармасы;
12. ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы;
13. ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы;
14. ОҚО ауылшаруашылығы басқармасы;
15. ОҚО құрылыс басқармасы;
16. ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы;
17. ОҚО еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы.
Айтпақшы…
Сессияда облыс әкімі Асқар Мырзахметовке «Мәслихатқа 20 жыл» төсбелгісі салтанатты түрде табыс етілді.
«Оңтүстік Рабат», №40, 01.10.2014