Мұғалім — мамандықтың төресі

1498

Мұғалім — мәртебелі мамандық. Әкім де, депутат та, дәрігер де мұғалімнен тәлім алған. Ауылда болсын, қалада болсын, мұғалім зиялы маман ретінде есептеледі. Еліміздің білімді ұрпағын дайындап жатқан олардың еңбегі орасан. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдеріне артылар жүк ауыр.

Балаға білім үйретуден жалықпайтын бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегі орасан. Партаға алғаш отырған бірінші сынып оқушыларының қолына қаламсап ұстатып, жазуды, 42 әріпті жаттатып, оқуды үйретеді. Ал Камила Жанқұлова үшін бұл күндер артта қалған. Биыл 3-сыныпқа жетекшілік етіп, оқушыларын жетілдіріп келеді. Кәсіби мерекесінде қуанышын оқушыларымен бөлісті. Солардың бала тілегі арқылы жұмысына шабыт алады.

Қарасу ауылындағы №83 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Камила Жанқұлова — тәжірибелі маман. 2006 жылдан бері дәл осы білім ордасында қызмет етіп келеді. Бастауыштан түлетіп ұшырған оқушыларының алды биыл мектеп бітіреді. Ұстаз үшін ең бағалы сыйлық — өзі тәрбиелеген балаларының ел азаматы атануы дейді.

Камила Жанқұлова, Қарасу ауылындағы №83 мектептің бастауыш сынып мұғалімі: «Ең басты сыйлық — шәкірттерімнің білімді болып ер жетуі. Олардың әрқайсысынан үміт күтемін. Ол үшін аянбай еңбек етуге дайынмын.»

Ауыл мектебінде ұстаздар күні аталып өтілді. Шағын ғана бөлмеге жиналған ұлағатты жандар бірін-бірі кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ардагер ұстаздарға құрмет көрсетті. Солардың бірі — Забира Сегізбаева. 40 жылдан бері бастауыш сыныпқа сабақ беріп, ел перзентін тәрбиелеп жүрген жанның еңбегін аудандық білім бөлімі елеп, төсбелгі тақты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=jBGIwWiy0Kg[/youtube]

Забира Сегізбаева, Қарасу ауылындағы №83 мектептің бастауыш сынып мұғалімі: «Ұстаз болу оңай емес. Әр баланың көңіл табу, білімге деген құтарлығын ояту да қиын. Бірақ талай еңбек етіп, ізденсе, ата-аналармен тығыз жұмыс істесе, бағындырмайтын белес жоқ. Ең бастысы, шыдамдылық керек. Ол ұстазды шыңдайды, алға жетелейді.»

Шынында да мұғалім — мамандықтың төресі. Баламен бала болып жүретін жандар, олардың амандығы үшін тілекші. Егеменді елдің есті ұрпағын тәрбиелеуде мәртебелі мамандық иелерінің атқарар рөлі орасан.

Қарасудан шыққан ғалым да, дәрігер мен тілші де, биолог пен химик те, әнші мен биші де дәл осы ұстаздардан тәлім алғандар. Бұл көш әлі де жалғаса береді. Себебі, олар ұстаздық етуден жалыққан емес.