Соңғы жылдары Түркияда қолында қаражаты бар бай – бағландар табысы мол деп кино саласына инвестор бола бастаған. Құйған қаржысының қайтарымы жаман болмайтынын жақсы түсінгендей. Рас, істің көзін тауып, тілін түсінген адамға үлкен бизнес. Бауырлас елдегі кинокомпаниялар мен продюсерлік орталықтар бұны бизнес деп білгеніне бірнеше жылдың жүзі болды.

41-016

Көздегендері 77 миллион көрермені бар тек ішкі нарық емес, телетауарларын сырт елдерге де экспорттау басты мақсаты. Жоспарларының жаман болмағанын өзіміздегі отандық арналардан аңғаруға болады. 2000-шы жылдары Бразилия мен Аргентиналық сериалдар саябырсып, олардың орнын түрік сериалдары басты. Әсілі, Анна, Изабелла, Ракель деген қыздардың есімі ысырылып, енді Шехризат, Зейнеп, Бериван деп ат қою сәнге айналған еді. Ұлдарымыз «мен Юсуфпын» деп мақтанып, біреуге ренжісе «сен Қамбарсың» деп кемсітіп жатты. Бұлардан кейін де түрік актерларының есімін жеті атасындай жатқа айтатын жастар өскенін жасырмаймыз. Бұл мақтаныш емес әрине, айтпағымыз сериал сатып алу дәстүрі әлі үзілген жоқ. Ал, түрік ағайындар біз секілді сериалға «зәру» елдерге кино сатып, бұл саладағы кәсіптің көзін тапқандай. Мәселен, қазақ көрермендеріне жақсы таныс атақты «Сұлтан Сүлейман» тарихи сериалы биыл 17 млн доллар табыс түсіріп, түрік телеиндустриясында рекорд жасап отыр. Аталған сериалды дайындаған продюсерлік орталықтың басшылығы бұл 2013 жылғы көрсетілімнен түскен пайда екенін ескертті. Алдағы мақсаты кіріс көзін тағы да 10-12 пайызға арттырып, сериалдың жалғасы ретінде жаңа жобаны бастау.

41-015

Кезінде еліміздің арналарынан көрсетілген және бір фильм бар «Көкжалдар мекені»(kurtlar vadisi) деп аталады. Бұл да қомақты қаржы тапқан тележобалардың бірі. 15 млн долларлық пайдасымен «Сұлтан Сүлейманнан» кейін екінші орында. Бұлардан басқа да продюсерлік орталықтардың қоржынын қампайтып, ел қазынасына тамшылап болса да қаржы құйып жатқан сериалдар баршылық. Кино өнер ғана емес, табыс һәм идеология екенін түсінген түрік үкіметі кино түсіреміз дегендерге демеуші бола бастағанына бірнеше жыл өтті. Анадолы еліндегі статистикаға қарасақ, 2000 жылдардың басында барлық орталықтар жабылып жүріп бар-жоғы жылына 10 кино түсірген екен. Кейіннен мемлекет қолдау көрсетіп, 12 айда түсірілетін телеөнімнің саны 100-ден асқан. Барлығы сапалы демейміз, дегенмен, үкімет тіреу болып, қолға алынған жоба әйтеуір өздеріне жемісін берері анық. Осылайша, кез келген тақырыпты сериалға айналдыра салатын түрік ағайын дәл осы кинотуындылары арқылы еліне келетін туристердің санын 12 пайызға арттырған.

41-014

 

Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі 2009-2012 жыл аралығында әлемнің 76 еліне 40 мың 675 сағат сериал саттық деп статистика таратты. Алушылар Балқан түбегі мен Азия және Орта Азия мемлекеттері. Ең көп табыс әкелген сериалдардың қатарында Қазақстанға жақсы таныс «Асау жүрек», «Көкжалдар мекені» бар. «Тоқтама, әрі қарай кеттік» деген саясатпен 2011 жылдардан бастап, енді Еуропа мен Америка елдеріне көз салады. Жоспарлары нәтижесін беріп, көршісі Грекиядан, Ресей тіпті Біріккен араб әмірліктерінен миллиондаған көрермен тартыпты. «Merhaba», «nasılsın», «tamam» «teşekkurler» сөздерін жаттаудан басталған қызығушылықтың соңы түрік тілін үйренуге сеп болған. Нақты факт: Грекияда 10, Балқан елдерінде де оннан аса түрік тілінің курсы ашылған. Сериалға құда түсушілердің бірі Ресей өздерінің «Домашний тв» кабелдік каналдарынан орын берген. Мәселен, сүйіп көргендері соншалық «Сұлтан Сүлейман» сериалын орыс-тар 11 сағат бойы эфирге қойғызған. Арабтың «Gulf news» басылымы соңғы жиырма жылда БАӘ елдеріне Түркиядан 60 млн долларға жүзден аса сериал сатылғанын жазыпты. Алыс жатқан Африка елдерінде дәл осы телетауар жақындастырғандай. Солтүстік және орталық Африкада да 85 млн көрермендері бар екен. Қысқасы, түріктің сапалы һәм сапасыз сериалдары қаржыдан басқа да жемісін беруде. Және «қайда барсам?» деп ойланып жүрген туристерге де Анадолы еліне деп карта сызып бергендей.

Самат Сүлей

«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014

P.S. Мәселен, өзіміз жақтан баратын демалушылар Ыстамбұлға табаны тимей жатып (бәрі емес.С.С.) Сұлтан Сүлейманның сарайы мен Хюрремнің гареміне баруға асығады. Ал ол жерге кіру ақылы әрине. Сондай-ақ, тек біздікілер ғана емес, басқалар да түрік сериалдарын көрген жеріне барсам деп құлшынады.