Шымкент пен Эскишехир – бауырлас қалалар!

582

Қала күні қарсаңында Шымшаһар тағы да бір бауырлас қалаға толықты. Ол – Түркияның Эскишехир қаласы. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек хабарлайды. Айта кету керек, бұған дейін Шымкент қаласы әлемнің 8 қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан еді.

Бүгін, 13-қазан күні Шымкент қаласы әкімдігінің кіші мәжіліс залында қала әкімі Дархан Сатыбалды Түркияның Эскишехир қаласының губернаторы Гюнгер Азим Туна бастаған делегацияны қабылдады.

Екі жақты кездесу барысында қала әкімі шаһардың бүгінгі тыныс тіршілігі жөнінде ақпарат мәлімет беріп, қаланың алдағы даму жоспарымен таныстырды.

Қала әкімінен кейін сөз алған Эскишехир қаласының губернаторы Гюнгер Азим Туна мырза бұл кездесудің бауырлас екі ел арасындағы байланысты нығайтуға зор ықпал ететінін айтты.

Кездесудің ең маңызды сәті – Шымкент қаласы әкімдігі мен Эскишехир провинциясының әкімшілігі арасындағы екі елдің қарым-қатынасын дамыту жолындағы «Бауырлас қала» хаттамасына қол қойылды.

 

 

Кездесудің соңында басшылар төс қағысып, қонақ кәде жасасты. Қонақтар шымкенттіктерге Абай мен Мұқағали Мақатаевтың түрік тіліне аударылған шығармаларын тарту етті. Түрік құрамы одан соң қаланың көрікті жерлерін аралап, индустриалды аймақтағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі