Фотосурет интернеттен алынды

Түркістанның полиция қызметкерлері бірнеше пәтер ұрлығын жасаған 18 жасар ұрыны құрықтады. Қалалық ішкі істер бөлімдеріне бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, үйлеріне ұры түскенін, ақшалары мен бағалы заттарын алып кеткені жөнінде шағымданған.

Фотосурет интернеттен алынды
Фотосурет интернеттен алынды

2014 жылдың 7-қазанында Түркістан ҚІІБ-на 32 жастағы азаматша үйінде ешкім болмаған кезде белгісіз біреу оның үйіне кіріп, сейфтегі зергерлік бұйымдары мен ақшасын алып кеткенін айтқан. Жалпы шығын көлемі бір миллион теңгеден асып кетеді.

Жедел іздестіру іс-шарасы барысында Түркістан қаласының криминалдық полиция қызметкерлері 1996 жылы туылған, бұрын тонау бойынша сотты болған азаматты құрықтады. Ол өзі жасаған пәтер ұрлығын мойындаған.

Ұры жәбірленушілердің үйде жоғын пайдаланып, сыртқы есігін бұзу арқылы ішке кірген. Сөйтіп, кез келген бағалы заттарды және ақшаны алып, ізін суытып отырған. Кейіннен ұрланған заттарды сатып, оны өз қажетіне пайдаланып отырған.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың тағы да 14 пәтер ұрлығына қатысы бар екенін анықтады. Жалпы шығын көлемі анықталуда.

Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 175-бабы, «Ұрлық» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.