Түркістаным, Алты алаш ардақтаған!

561

Түркістаным, Алты алаш ардақтаған!

Армысың, түбі текті Тұран далам,
Қасиеті жерімнің тұмар маған.
Кескініңді кербез қып бейнелесем,
Жазираңа жап-жасыл жыр арнағам.

Сенде тұнық тірлігімнің аспаны,
Қарт тарихтың мүжілген тау-тастары.
Орталық боп, орта ғасыр халқына,
Ұраныңды талай хандар бастады.

Айбының бар, Алашқа аты мәлім.
Сан ғасырдың тербеткен сатыларын.
Салтанатты сарайдан, ақ алтыннан,
Артық сенің бір уыс топырағың!

Қанатыңды өзгемен тең ұштырып,
Әр күніңді тойлаймыз жеңіс қылып,
Әмір-Темір хандар да аты-шулы,
Кесенеңді тұрғызды келістіріп.

Берген, шүкір, Аллаға сондай бақты,
Тылсымыңа туристер таңдай қақты.
Руханилық тербеген сан шыңдарда,
Түркістаным тұрады қандай жақсы!

Қойнауыңда ырыстың ынтымағы,
Береке мен бақыттың күншуағы.
Тұнық ауаң бұлақтың тамшысындай,
Ажарланып әр таңда құлпырады.

Шоқтай боп лапылдаған жастарың бар,
Жырдай боп тізілетін дастаның бар.
Түркістан сар далаңда сайраңдаған,
Ұлылар көзі болған асқақ үн бар.

Түркістан – тарих сырдың тұлғасы анық,
Түркістан – Ер түріктің сұлбасы анық.
Түркістан – хан-сұлтанның жатқан жері,
Шырқайын шоқтығыңды жырға салып.

Жасару тек өзіңнен артылмаған,
Жан жоқ болар көруге талпынбаған.
Болашағың баянды, бақты болсын,
Жайнай бер, гүлдене бер, жарқын қалам!

Ақнұр АСЫЛХАН

ҚТжӘ 12-11 тобы