Құрылысы жырға айналған Шымкенттегі «Құрсай» шағынауданындағы мектепті салған құрылысшылар жалақысыз жүр. Еткен еңбектерінің ақысын алмағандарына 2-3 айдың жүзі болыпты. Мердігер компания уәде еткен жалақысын бермеген соң, құрылысшылардың алды жұмысын тастап кетіп қалған.
Түрлі сылтауға тойған құрылысшылардың бір бригадасы бас партияның өңірлік филиалынан көмек сұрап та үлгерді. «Строй импульс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауаптылары жалақыны созбалаңға салуымызға тапсырыс берушілердің аудармаған ақшасы себеп деп отыр.
Құрсайдағы мына мектепті салған құрылысшылар жалақысыз жүр. Бір емес, бірнеше бригада бірігіп салған. Бүгінгі таңда сол құрылысшыларды бірін де көрмейсіз. Өйткені, төленбеген жалақының жыры 3-4 айға созылған соң, кетіп қалған. Бір топ құрылысшы еткен еңбегінің ақысын алып беру үшін «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауынан бір-ақ шықты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=2WJ4FzgThRk[/youtube]
Қайрат Құрманғалиев, құрылысшы: «Біз келгенде Қаңлыбаев Мақсат деген «Строй Импульстің» басшысы сөзбен келісіп, істей беріңдер деді. Ақша беремін деді. Басында шамалы төлеп тұрды. Одан кейін ақша жоқ, есеп-шот бұғатқа түсіп қалды, әкімдік ақша бермей жатыр деп жүрді. Міне, 2-3 ай болды, айлық бермейді. Келісім-шарт болмаса да қолхаты бар.»
Осылайша бас партиядан көмек сұрай келген құрылысшыларға сотқа жүгінуге кеңес берілді. Мектепті салған құрылысшылардың еңбекақысы неге төленбегенін білмек болып, нысан басына бардық. Бізді мердігер компанияның жауапты өкілі қарсы алды. Сөйтсек, расында да жалақы мәселесі жырға айналыпты. Мұны жасырған жоқ. Тек әкімдік дер кезінде қабылдаса, қалған берешектерін берсе, бұл мәселе шешіледі дейді.
Мұрат Қаңлыбаев, «Строй импульс» ЖШС-нің жауапты өкілі: «Біздің өзіміздің де айлық алмағанымызға 3-4 ай болды. Тамыз айынан бері бермей қойды ақшаны. Айлық бермегеннен кейін тастап кетуіміз керек пе? Жұмысты бітіруіміз керек қой? Егер әкімдік мына нысанды ертерек қабылдап алса, анау ұстап отырған 5 пайыз ақшасын берсе, береміз ғой айлықтарын.»
Ал тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімінің басшысы мердігер компанияға ешқандай берешегіміз жоқ деп отыр.
Еркін Бұхарбаев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы: «Мемлекеттің қарызы жоқ. Тек қана 5 пайыз ұсталып қалған. Ол — нысанды бізге толық өткізілген жағдайда ғана берілетін сома. Оған дейін оларға беретін мүмкіндік жоқ.»
Осылайша құрылысшылары жалақы алмаған соң кетіп қалған мердігер компания кеткен кемшіліктерінде де түзей алмай отырған көрінеді. Сол себепті мемлекеттік қабылдау комиссиясы нысанды пайдалануға беруге асығар емес. Есесіне құрсайлық балдырғандар тар мектепте үш ауысымда оқуға мәжбүр.