Әйгерім Бегімбет- газетіміздің жауапты хатшысы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. Болашағынан зор үміт күттіретін жас журналистердің бірі. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңалыққа құмар талантты әріптесіміз соңғы кездері белсенді блогер ретінде де жастарға кеңінен танымал бола бастаған.
Әйгерімнің бойындағы таланты мұнымен де шектелмейді. Ол соңғы кездері фотоөнермен машықтанып жүр. Онысы әжептеуір нәтиже беруде. Соның айғағы болар, жақында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының 24 жылдығына орай ұйымдастырылған фотобайқауда жүлделі I-орынды иемденді. Фотобайқауға «Күз» тақырыбында түсірілген фотосуреттер қатыстырылған болатын. Біршама талапкерлердің арасынан біздің Әйгерімнің осы тақырыпқа түсірген дүниелері топ жарып шықты.
«Мен әсіресе кішкентай балақайларды түсіргенді ұнатамын. Себебі олардың эмоциясы шынайы болады. Ал мен өмірде шынайылықты жақсы көретіндіктен шынайы күлкі, шынайы қынжылыс, шынайы сүйіспеншілікті құрметтеймін, бағалаймын», – дейді өзі. «Оңтүстікрабаттықтар» әріптесімізді жүлдесімен құттықтай отырып, оқырманға жүлде алған сол суреттерді тамашалауды ұсынамыз. «Талабың таудай болсын, алар асуын аласармасын Әйгерім!» дейміз әріптесімізге.
«Оңтүстік Рабат», №46, 12.11.2014