Ауыл иісі аңқыған көрме

341

Шымкентте фотограф-журналист Әйгерім Бегімбет пен фотографтар Шыңғыс Әбдіразақ және Қанат Дарханның «Тіршілік» атты фотокөрмесі ашылды. Оған Түркістан облысына қарасты ауыл өмірімен қатар, тұрғындарының тұрмысынан сыр шертетін 50-ден астам фотосурет қойылған. Авторлар осы туындылар арқылы ауыл адамдарының өмірін, мәселелерді жалпыға жеткізгісі келіпті.

Бұл көрмені тамашалауға келгендердің қарасы көп. Олардың арасында есімі елге белгілі ақын жазушылармен қатар, белгілі журналистер де баршылық. Елордан келген фотограф Шүкір Шахай жас та болсын елді қажытқан мәселелерді көре біліп, оны көрерменге ұсынған фотографтардың жұмысын жоғары бағалайтынын айтады.
– Мен Әйгерім қызды фотография саласына тәй-тәй басып келген сәтінен білемін. Сондықтан да оған әрқашан да қолдау көрсеткім келіп тұрады. Осы саладағы бірен-саран қыз баласының бірі. Сол себепті, Елордадағы бір қауым фототілшілердің атынан арнайы келдім. Суреттердің барлығымен танысып шықтым. Үлкен қалаларға ұялмай ұсынатын көрме екен. Осында қойылған туындылардың арасында маған ерекше ұнағаны – «Топыраққа тұншықтық, айналайын көке, жай жүр!» сөзі қабырғаға жазылған ауыл суреті. Осы ауылда жол мәселесінің өзекті екенін көрсетіп тұр. Мына сөзді оқып, өзің бір еріксіз күлесің. Бірақ астарына үңілсек, үлкен мәселе жатыр. Осындай ауыл тұрмысындағы проблемаларды жақсы көрсете білген. Қалада жүріп, ауыл тұрмысын сағынған жандар келіп, бір мауқын басып алатын көрме болған. Авторларға айтар алғысым шексіз. Жастардың болашағынан үлкен үміт күтемін, – дейді Шүкір Шахай.

Әйгерім Бегімбет алғашқы фотокөрмесінің «Тіршілік» деп аталуына не түрткі болғанын түсіндіріп, бұл фотокөрменің өмірден ерте озған талантты фотограф Қанат Дарханның рухына арнағанын айтады.
– Қанат Дархан – туған бөлем. Бұл жобаны бірге бастағанбыз. Бірге грант ұтып алдық. Қай ауылға барып, не түсіретінімізді бірге жоспарладық. Өкініштісі біз жоспарымызды бірге соңына жеткізе алмадық. Сондықтан да осы фотокөрмені Қанаттың рухына арнадық. Бөлемнің түсірген 15 шақты туындысын арнайы қойдық. Ауылда туып-өстім. Әлі күнге ауылда тұрамын. Сол себепті, маған ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі, мәселелері жақсы таныс. Көрменің атауын «Тіршілік» деп алуымыздың себебі де осында. Өмірден қанша қиындық көрсе де қайтпаған қазақ әйелдері, қарапайым еңбек адамдарының жұмысын көрсететін фотосуреттер бұл. Мысалы 23 жылдан бері тек қамыс орып сонымен күнелтіп жүрген апай, 30 жылдан бері тандырға нан жапқан және 42 жылдан бері трактор айдап нәпақасын тауып келе жатқан кейіпкерлер бар. Біз осындай қазақ әйелдерінің мықтылығын, қайсарлығын, олардың өмірге деген құштарлығын басқаларға үлгі еткіміз келді. Бізде тепсе темір үзетін жігіттер «жұмыс жоқ, ауылда тұру қиын» деп екі қолға бір күрек таба алмай жүреді. Олар уақыттарын босқа өткеріп жүр. Ал, жоғарыда айтқан кейіпкерлеріміз суретке түсіру үшін бізге уақытын зорға тапты. Себебі, жұмыстан қолы босамайды. Міне, неге біз осындай еңбек адамдарын халыққа үлгі етпеске?,-дейді Әйгерім Бегімбет.

Көрмені ұйымдастыру барысында Түркістан ауылдарын аралаған авторлар қала халқына таныс емес көптеген мәселемен танысқан. Тіпті бір тамшы қара судың қадіріне жеткен ауыл адамдарының өмірі ой салғанын айтады.
– «Тіршілік» атты фотокөрмеміздің ерекшелігі – ең әуелі шынайылығында. Ешқандай боямасыз өмірдің көрсетілуінде. Шынайы кейіпкерлермен таныстыру. Сондықтан да акцентті шынайылыққа бердік. Сарыағаш ауданының «Жүзімдік» ауылына бардық. Сол жерде су мәселесі өте күрделі. Қалада су ішкіміз келсе, краннан суды стаканға құйып аламыз да іше саламыз. Олар «Канал» деген ауылдан 1500 теңгеге көлік жалдап келіп, судың бір литрін бір теңгеге сатып алады да қайта кері такси жалдап қайтады. Сол суды екі күнге жеткізу керек. Бізге оңай нәрселер – олар үшін өте қиын. Сол себепті біз әр ауылдың осы сияқты өзіндік мәселелерін көрсетуге тырыстық.
Айта кетейік, көрме 8 қазанға дейін жалғасады. Кіру тегін.


Мекенжайы: Шымкент қ., City Shopping Gallery орталығы (бұрынғы «Клара Центр Сапар»), Республика даңғылы, 4 үй. Түркістан облысының ауыл-ауылын аралап, сондағы адамдарды, тұрмысты және проблеманы көрсететін фотосуреттер қойылған көрме. Ауыл тынысымен тыныстап, шынайы кейіпкерлермен танысқыңыз келсе, асығыңыз!

Айта кетейік, фотокөрме АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асырып отырған Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылды.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №40, 2 қазан 2019 ж