«Бәріміз Президенттің сарбазымыз»

Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ,  Шымкент аграрлық колледжінің директоры
Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ,
Шымкент аграрлық колледжінің директоры

– Кенжехан Атақұлұлы, сіздің есіміңіз оңтүстік жұртшылығы үшін етене таныс. Әсіресе мақтаралдықтар мен шардаралықтарға. Қос ауданға басшылық еткен тұсыңызда іскерлігіңізбен көзге түсе білдіңіз. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары болдыңыз. Одан кейін де басшылық қызметтерді атқардыңыз. Бірақ бүгінде биліктен көрінбейсіз. Қайда жүрсіз?

– Елден алыстай қойған жоқпын. Жұртшылықтың ортасында жүрмін. Облыстық жұмылдыруға дайындық, азаматтық қорғаныс, авариялар мен апаттық жағдайлардың алдын алу мен жоюды ұйымдастыру басқармасының басшысы қызметінде жүргенімде аталған мекеме қысқартуға ұшырап, өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің ұсынысымен Шымкент аграрлық колледжіне келдім. 2013 жылдың 17 шілдесінен бастап осы оқу орнына басшылық етудемін. Бұл салаға да үйреніп қалдық.

– Әдетте қызметке келген басшы іске кірісе салысымен өзіндік жүйесін қалыптастырып жатады. Сіз колледжге келгелі оқу орнында не өзгерді?

– Біздің колледж ауылшаруашылығы саласы бойынша тек қана облыс емес, республикаға танымал білім ұясы. Оқу орны кезінде ауылшаруашылығы ғылыми тәжірибе стансасы болған базада орналасқан. Бұл біздің білім беру, ғылыми зерттеулер мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі іс-әрекетімізге жауапкершілік жүктейді.

Соңғы бір жылдың ішінде кабинеттердегі оқу жабдықтары мен көрнекі құралдарды 95 пайызға жаңарттық.

Орталықтандырылған газбен жылытатын жылу қазандықтары орнатылып, жылу мәселесі 100 пайыз шешілді. Былтыр жатақхана мен асхананы күрделі жөндеуден өткізіп, ішіндегі жиһаздарды жаңарттық. Колледждің кіре беріс ауласына көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Келер жылы колледждің оқу-өндірістік базасын салмақ ойдамыз. Биыл тиісті жер бөлініп, жобалық-сметалық құжатына қаржы бөлінді. Алла бұйыртса, келер жылы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Жоспар жүзеге асса, 30 орындық жатақханамен қоса екі типті әдіспен салынатын жылыжай, қойма, ветеринарлық емхана жұмыс жасайтын болады. Осы ретте ұсынысыма қолдау білдірген облыс әкіміне колледж ұжымы атынан алғыс айтқым келеді. Бұл – біз үшін жұмысты жақсартудағы үлкен жауапкершілік.

Қазір өздеріңіз білесіздер, дуалдық білім беру жүйесі қолданысқа еніп келеді. Бұл немістердің білім беру әдісі болып табылады. Бұл жүйе біздің колледждің қолданысына енді. Соған байланысты 40 пайыз теория, 60 пайыз практикалық тұрғыда білім беріп келеміз. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, мен қызметке келе сала барлық оқытушылардың басын қосып, жемқорлықтың алдын алу шарасын қолға алдым.

Мен басшылыққа келген тұста колледжде 10 мамандық бойынша білім берілетін. Қазір оларға қосымша ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу және де ветеринарлық фельдшер, санитар, қолдан ұрықтандыру және тағы да басқа мамандықтарды аштық. Бүгінгі таңда 1700-ден астам студент 17 түрлі мамандық бойынша білім алуда.

– Бізде жастар заңгер, есепші мамандығына көп барады деген пікірді жиі естуші едік. Сіз мұнымен келісесіз бе?

– Рас, кезінде ел арасында сондай ағым болғаны белгілі. Ал қазір екі адамның бірінен сұраңызшы, заңгер, экономист, бухгалтер, қаржыгер. Көбі дипломын құшақтап, екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Оның бәріне жұмыс қайдан болсын?

Қазіргі нарықтық экономика заманында өнім өндіру қажет. Соның ішінде ауылшаруашылығы саласына деген бетбұрыс ерекше. Интенсивті технологиямен өнім өндіру арқылы өнім көлемін арттыруға, нәтижесінде табыс-ты молайтуға болады. Мемлекеттің бұл салаға да назары ерекше. Қаржылай қолдауды айтпағанның өзінде ағын су, жер, зиянкестермен күресуге арналған дәрі-дәрмек, бәрі-бәрі Үкімет тарапынан тегін беріліп келеді. Осының бәрін ескерген болу керек, жастардың қызығушылығы артуда. Бізде оқыған маманға сұраныс та жоғары.

– Демек колледж түлектерінің арасында бос жүргендері жоқ қой?

– Жұмысқа орналастыру келісімшарт аясында жүргізіледі. Яғни, мекемелермен келісе отырып, жұмыспен қамту шараларын жүзеге асырып келеміз. Түлектердің 100 пайызын жұмысқа орналастырамыз деп айта алмаймын. 90 пайызға жуығы жұмыссыз қалмайды. Әсіресе мал дәрігерлері, орманшы мен электрші мамандарына сұраныс көптеп түсуде.

– Жастар арасындағы теріс әрекеттердің алдын алу мақсатында түрлі кездесулер мен өзге де басқосулар өткізіліп келеді. Алайда олардың кейбіріне жастар не үшін келгендерін біле бермейді. Мұндай жағдай жақында ғана облыстық жастар орталығында орын алып еді. Осы ретте «кездесулер мен басқосулардың нәтижесі бар ма?» деп сұрағым келіп отыр.

– Бір жақты жауап беру қиын. Ол шараны ұйымдастырушыға тікелей байланыс-ты. Әйтеуір қағазға тіркеу үшін өткізілетін кездесу әлбетте нәтиже бермесі анық. Әрбір еткен істі қайтарымы болатындай етіп жасаған дұрыс. Өзгелерді қайдам, біздің колледжде ұйымдастырылатын жұмыстар қатаң бақылауға алынады. Және де бізде теріс әрекеттердің алдын алу шаралары тек қана кездесу, басқосумен шектелмейді. Бос уақытты тиімді өткізу мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс жасауда. Бос уақыты мүлдем жоқ баланың құқықбұзушылыққа баруға да уақыты болмайды.

– Аудан, қала басшылары арасында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған алғашқы әкім өзіңіз. Одан бері де он төрт жыл өтіпті. Еңбек ғұмырын елге арнаған өзіңіз секілді кей азаматтар мемлекетке деген ренішін айтып жүр. Ал сіздің өкпеңіз бар ма?

– Мен шаруа отбасында дүниеге келгенмін. Еңбек етіп жүріп, кейін әскерге барып Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Тұрақты жұмысқа орналасып, комсомолдан бастап, аудандық партия комитеті, партия ұйымының хатшысы, совхоз директоры, аудандық атқару комитетінің төрағасы болдым. Жергілікті басқару жүйесі шыққан соң 1992-1997 жылдар арылығында Мақтарал ауданына басшылық еттім. 1998-1999 жылдары Шардара ауданының әкімі болып, 1999 жылдың тамызынан 2002 жылдың қазан айына дейін қазіргі Мақтарал ауданының билік тізгінін ұстадым. Шынымды айтсам, ол кезде егемендік алғанымызға көп уақыт бола қоймаған, бүгінгідей өнім өндіру көрсеткіші жоқ. Жекешелендіру саясаты жүріп жатқан. Мемлекеттік тапсырысты орындау деген қиын еді. Әлі есімде 1996 жылы облысқа қарасты аудан, қалалардың ішінде мемлекеттік тапсырысты 100 пайызға тек Мақтарал ауданы ғана орындаған болатын. Ол кезде облысқа Зауытбек Қауысбекұлы басшылық ететін. Осы жұмыстың нәтижесінде Президент алдында облыстың атынан сөз сөйледім. Мұның өзі мен үшін тарих болып қалды. 2000 жылы аудан, қала әкімдерінің арасында «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Меніңше мұның бәрі — еңбектің нәтижесі. 2012 жылы қазіргі өңір басшысы Асқар Исабекұлының ұсынысымен «Құрмет» орденімен марапатталдым. Айта берсем, мемлекет тарапынан еленбей жатқаным жоқ. Бастысы, өткен өмірімізге өкпе жоқ. Қолдан келгенше халыққа еңбек еттім деп ойлаймын. Қандай қиын заман болмасын жұмысты ынта-шынтаңмен беріліп істесең, алынбайтын қамал жоқ.

– Шенеунік орынтақты сағынбайсыз ба? Мемлекеттік қызметке қайта шақырса барар ма едіңіз?

– Сағыныш деп айтқан жөн болмас, себебі бүгінгі қызметім де жаныма жақын. Не дегенмен балалармен жұмыс жасап жатқандықтан өзіндік қызықшылықтары бар. Жанға тыныш. Ал мемлекеттік қызметке қайта келу туралы ұсынысқа келер болсам, шынымды айтсам ол туралы әлі ойланып көрмеппін. Бірақ мына жайтты айта кетейін. Сонау партия заманында бізді «партияның сарбазы» дейтін. Ал қазір Президенттің сарбазымыз. Егер «сен осы жерге керексің» деп жаңа қызметке ұсыныс түсіп жатса, неге бармасқа?

– Бүгінде мемлекеттік қызметке келгісі келетіндердің білімін тестілеу жүйесі арқылы жұмысқа қабылдау үрдісі қалыптасты. Кеңестің мектебінен өткен азамат ретінде тестілеу жүйесіне деген көзқарасыңызды білсек…

– Партияның заманында кадр сая-саты өзгеше болатын. Партия кадр-ды барлық саладан өткізіп, соның ішінен іскер азаматтарды реттеп, басшылық қызметке тағайындайтын. Ал қазір жұртты бір компьютерге байлап қою деген шықты. Меніңше ол дұрыс емес. Кейде біреудің бағы жанып ең жоғары балл алып кететін де жайттар кездеседі. Ол аз дегендей мемлекеттік қызметке келгісі келгендерге арналған тестілеудің де өзіндік қитұрқы тірліктері болып жатқанын естіп жүрміз. Сондай-ақ, ұлттық бірыңғай тестілеуге де өз басым қарсымын. Тестілеу арқылы баланың білімін анықтау мүмкін емес. Себебі тестілеу арқылы адамның ішкі мүмкіндігін біле алмайсың.

– Әңгімеңізге рахмет!

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014