«Біздің бапкерлерде ауызбіршілік жоқ»

«Қазақ күресін әлемдік деңгейде дамытуға «қазақ күресі» деген атауы кедергі, сондықтан да алдымен атауын өзгерткен жөн» деп алашапқын болып жүргенде, «Әлем барысының» бас жүлдесі қазақ даласынан алыстап, Куба еліне кетіп бара жатты. Әлем барысына берілетін 100 мың АҚШ доллары айбынды атағымен бірге Кубаның алыбы Оскар Рене Брайсон Видальға бұйырды. Төл спортымызды шартарапқа әйгілі етуге талпынған халықаралық жарыс нәтижесі ұлтымызға жақпас сыңайда аяқталғаннан кейін, «Қазақ неге жеңілді?» деген сауалдың жауабын әркім өз көкжиегінен іздей бастады.

Қазақ күресінен Кереку жерінде өткен жарыста Қазақстанның емес, Кубаның әнұраны ойналғанда іште пайда болған түсіндіруге келмейтін бір өксік тұла бойды әлем-тапырақ етті. «Өзімізде қалатыны анық» деп күтілген жеңістің мұхит асуы – бойдағы бейғамдықты бір сілкігендей болған-ды. Енді сол бір «Әлем барысына» қатысқан қазақ палуандарының арасында Оңтүстіктің бірде-бір оғланы жоқ екендігін ескеріп, жалпы қазақтың шеңберінен берірек, өз өңіріміздің жайын сөз етсек…

45-001

«Қазақылықтың қайнаған ортасы, қазақ тілінің құт мекені» деген теңеулерді төгіп-төгіп жібергенде айдарынан жел есіп шыға келетін Оңтүстік палуандарының «Әлем барысына» қатыспақ тұрмақ, «Қазақстан барысынан» жарытып жүлде алмағаны аян. 2013 жылдың додасында Жұманазар Ерсұлтановтың қола жүлде олжалағаны болмаса, одан ары да бері де өткен «Қазақстан барысынан» еңсерген түгіміз жоқ. Бұған не себеп? Басты олқылық – облысымыздағы қазақ күресін дамыту бойынша түзілген жүйеде ме екен? Сауалдың жауабын Жұманазар Ерсұлтановтың өз аузынан естідік.

Өзін ғана баптап қоймай, өзі де бапкерлік етіп жүрген Жұманазар палуан қазақ күресіне келгенде облысымыздың көрсеткіші ақсаңдап қалатынын ұят деп біледі. Бүгінде қазақ күресінен облыс көрсеткішін сөз еткенде, дауысына намыстан пайда болған діріл араласатын палуанның айтуынша, жарыс кезінде өзге облыстың спортшысы Оңтүстіктің спортшысымен белдесуге шығатын кезде оған бапкері: «Қазір Оңтүстіктің палуанын жеңесің, одан кейін пәлен облыстың палуанымен күресесің» деген сыңайдағы сенімді жорамалдар жасалатын күй қалыптасқан. Бұрындары қазақ күресінен қандай да бір жарыс болғанда «Оңтүстіктің жігіттері чемпиондықпен қатар түйе палуан атағын да қоса алып кетеді» деп күтілген болса, қазір керісінше «Қазір Оңтүстікпен шығасың» десе, «Оны ұтамын, содан кейін кіммен шығамын» дегенді айтады.

Араға 8 жыл уақыт үзіліс салып кілемге қайта оралған Жұманазардың айтқанындай, бізде мықты жігіттер, қазақ күресіне ебі бар өрендер көп. Басшылық жол көрсеткенімен де жаттықтыру ісі бапкерлердің қолында. Күреске қатысып жүрген балаларды аптасына екі мезгіл жинап, бір залда жаттықтыру керек. Сонда олар бір-бірімен күресіп, жетіледі, үйренеді. Облыстық деңгейге шығады. Солай ғана қазақша күресті дамыта аламыз. Бірігіп жұмыс істеу қажет. Бізде жаттықтырушылар арасында ауызбіршілік аз болып тұр. Әрқайсысы балаларды өз залдарына бөліп алған. Әркім өзі жаттықтырады. Бір-бірімен күрестіргісі келмейді.

Бүгінде қазақ күресінен облыс атынан үлкен жарыстарға шығып жүрген палуандарымыздың барлығы Шымкент қаласы төңірегіндегі ауылдан шыққан деп айтуға болады. Ордабасы ауданы – қазақ күресінің ордасы деп білетін Жұманазар палуан да осы ауданның орталығы Темірлан елді мекенінен шыққан.

Ауылда күреске қызығушылығы бар баланы кішкентай кезінен-ақ күреске жаттықтырады. Одан кейін қалаға шығарып салады. Студент болған кезінде қалада жаттығады. Палуандардың барлығы ауылда күресе келе қалаға келіп жалғастырады. Ауылдағы бапкерлер шамалары келгенше жаттықтырады. Одан кейін қалаға келген соң, қалғаны облыс деңгейіндегі жұмыстар атқарылуы керек. Ал, шалғай аудандардағы ауылдардан келіп жатқан палуан жігіттердің қарасы аз. Айта кетерлігі, Түркістан қаласында қазақ күресі жақсы дамып келеді. Мақтарал, Арыс және Шардара аудандарында осы қазақ күресін өркендету қажет.

Жұманазар Ерсұлтанов, «Қазақстан барысы-2013» турнирінің қола жүлдегері:

– Көп ауылдарда қазақ күресімен айналысуға жағдай жасалмаған. Кішігірім жарыстарға барған кезде, тіпті жуынып-шайынатын душтары да болмай қалады. Залдарда төселген кілемнің өзі ескіріп, жыртылған. Жыртылған жерлердегі тесікке балалардың аяғы тисе, буындары тайып, кейде сүйектері сынып кетіп жатады.

«Қазақстан барысы» ұйымдас-тырылып келе жатқаннан бері бір түсінгеніміз, шығыс өңірінің палуандары өзге өңірлерге есе жіберер емес. Шығыстан шыққан жігіттер екі рет қатарынан «Қазақстан барысы» атанды. Оның алдын бас жүлде алмаса да, жүлделі орындарды берген емес. Шығыс жұрты жұтқан ауаны оңтүстік халқы да жұтып отырғанын, ондағы қазақ та осындағы қазақ сықылды Тәңірінің алдында тең жаратылыс екенін ескерсек, шығыс палуандарының мықты шығуына не себеп?

– Шығыс Қазақстанда қай спорт залына барсаңыз да, бапкерлер мен жігіттердің мықты екенін көресіз. Оларда деңгей жоғары. Бапкерлер бірлесіп, оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Жаттықтырушылардың ауызбіршілігі жақсы. Сондықтан да оларда қазақ күресі жақсы дамып жатыр. Бізде де солай болса екен, – дейді Жұманазар Ерсұлтанов.

Кейде «Спортта жеңіске жету – патриоттық рух болмаса, бекер» деген сындағы сөздер айтылып қалады. Алайда, спортпен айналысып, жеңіске деген жігерді жану үшін материалдық капиталдың да үлкен мәнге ие екенін жоққа шығару даулы болмақ. Өйткені, ақша өзінің басты мотивация құралы екенін дәлелдеп-ақ келеді. Осы ретте біздің оңтүстіктегі жас палуандарының айлық жалақы тұрғысынан қамсыздандырылуы да ескеруді қажет ететіндей көрінеді.

– Жас палуандардың дені студент. Бізде нәтиже көрсеткіші жақсы балаларға ғана айлық беріледі. Орта көрсеткішке ие, бірақ болашағы бар-ау деген балаларға айлық жоқ. Ондай палуандарға айлық қаралмаған. Біздегі қазақ күресінде ұтып, чемпион болса ғана айлық алады, – дейді «Қазақстан барысы-2013» турнирінің қола жүлдегері.

Бұл – біздегі қазақ күресінің дамуына түйткіл болады деген мәселелердің бір парасы сынды. Алда «Еуразия барысы» өтпек. 22-қараша күні Тараз қаласында болатын жарыста қазақ палуандары тағы да өз баптарын көрсетеді. Жұманазар Ерсұлтановтың сөзіне қарағанда, ол бұл жарысқа қатыспайды. Бірақ, бұл дегеніңіз, Жұманазар жалпы қазақ күресінен кетеді деген сөз емес. «Оңтүстік халқы, спорт басшылары сенім артып отырғаннан кейін «Қазақстан барысынан» бір алтын жүлде алып келмей, тоқтауға болмайды деп ойлаймын. Мен, Құдай қаласа, Оңтүстікке алтын жүлде алып келуім керек» деген палуан келесі жылы болатын «Қазақстан барысына» әзірлікті қазірден жүргізіп жатыр. Оңтүстік палуандарының қазақ күресінен болатын додаларда көш соңындағы ақсақ-тұқсақ бір қатарда қалып қоюына болмайды.

Жәнібек НҰРЫШ,

Сарбиназ Алдабергенова

«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014