Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалық етуімен облыс активінің жиналысы өтті.Онда мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арналған жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қаралды. Өңір басшысы алға қойылған міндеттердің ауқымдылығына тоқталып, Елбасы жүктеген тапсырмаларды қысқа уақыт ішінде орындау үшін тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар жедел тапсырмалар берді.

001

Елбасы бұл жолғы халыққа жолдауында әлеуметтік салаға аса көңіл бөлген. Олардың арасында апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу бар. Үш жылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді екен. Сондықтан Президент Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырды. Мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағытталмақ.

Елбасының шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру тапсырмасы кәсіпкерлердің көңілінен шықты.

Әлемдегі саяси ахуал – елдің тұтастығына сын. Мұны зиялы қауым жақсы түсінеді. Қиындықтарға қарамастан Қазақстан бұл тығырықтан Елбасының салиқалы саясаты арқасында шығатынына ешкімнің күмәні жоқ.

Оңтүстікқазақстандықтар Елбасының жолдауын бір адамдай қолдап, оны жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.