Сүйінші! Өлкемізде жаңа әзілкештер ұжымы құрылды. Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістерінен құрылған әзілкештерді Уәлибек Әбдірайымов жетекшілік етеді.
Жаңа өнер ұжымы сахна шымылдығын «Күле алмасаң…» атты сазды-думанды қойылыммен түрді. 8 әртістен тұратын ұжымның ерекшелігі — жан-жақтылығында. Бір әртістің өзі әртүрлі кейіпте өнер көрсетеді. 10 жылдан бері сахна еркесі атанған Гүлжанар Сазамбайқызы бірнеше рөлді бір қойылымда сомдау оңайға соқпағанын жасырмайды.
Гүлжанар Сазамбайқызы: «Қиындық болмады десем, өтірік айтқан боламын. Бұл қойылым бір кейіпкердің образын алып, 1,5 сағат жүретін шығарма емес. Мұнда бір кейіптен екінші кейіпкердің образын сомдау керек. Сол іштей құбылу қиын. Алғашында ауырлау болғанымен, кейін үйреніп кеттік.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=mi2PRQ_Ix2k[/youtube]
Сиясы кеппеген туынды авторы — Уәлибек Әбдірайымов. Қойылымда қоғамдағы белең алған несие проблемасы, дәрігерлердің қателігі, парақорлық, маскүнемдік сынды проблемалар астарлы әзілмен жеткізілді.
Театр ұжымы әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 18:30-да көрермендері үшін әртүрлі тақырыптағы комедияларын ұсынады.