Қазақстандық кәріс ұлтының ел аумағында шоғырланғанына 75 жыл және кәріс мәдени-ұлттық орталығының ашылғанына 25 жыл толды. Айтулы датаны ұжым айрықша атап өтті. Мерейтойда жерлестеріміз ақ дастархан жайды. Концерттік кеш ұсынып, арқа-жарқа тойлады.
Мария Тен кәріс тағамдар көрмесін ұсынды. Мұнда тәттілерден бастап ұлттық тағамдары да бар. 81 жастағы кейуана ас-ауқатты арнайы мәзірмен ғана емес, үлкен махабатпен әзірлеген.
Мария Тен: «Таңертеңнен бері көрмені тамашалаушылар көп болды. Мен түні бойы осы ұлттық тағамдарды әзірледім. Біздің асхананың ерекшелігі сол — тек адам ағзасына пайдалы тамақтары дайындаймыз. Мысалы, күріш. Ол бет терісіндегі әжімдерден сақтайды, ал ірімшік өмір-жасымыздың ұзақ болуына сеп болады.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=hF-p3do6PcE[/youtube]
Өңірімізде кәріс мәдени ұлттық орталығының ашылғанына биыл — 25 жыл. Ал олардың Қазақстанда тату-тәтті бір атаның баласындай ғұмыр кешіп жүргеніне 75 жыл толыпты. Мерейтой қарсаңында облыс әкімдігінің тарапы да қарап қалмады. Жерлестерімізге шапан жауып, арнайы құттықтады.
Юрий Югай, облыстық кәріс мәдени ұлттық орталығының төрағасы: «Қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, өте қуаныштымын! Біздің ұлтымыз бен дәстүріміздің дамуына елімізде бар жағдай жасалған. Тіпті ұлттық мерекеміздің әрқайсысын да ерекше тойлап жүрміз. Жастарымыздың да білім алып, өз мамандығының шебері болуына мүмкіндігі мол».
Мерейтой концерттік шараға ұласты. Айта кетейік, ресми мәліметтерге сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысында 9764 кәріс өкілі өмір сүреді.