Шығысқа барса үй де, жұмыс та бар

Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының негізгі міндеті – халықты жұмыспен қамтудың өңірлік бағдарламаларын жүзеге асыру, ішкі еңбек нарығын қорғау, кедейлікті жою, халықтың тұрмыс деңгейін, табысын көтеру, еңбекақы төлеуді жетілдіру, аса мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдауды ұйымдастыру және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету болып табылады. Осы ретте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергеновке жолығып, аталмыш бағыттардың өңірімізде қалай жүзеге асырылып жатқанын сұраған едік.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов

– Тұрар Керімұлы, әңгімемізді оңтүстікқазақстандықтардың әлеуметтік жағдайынан бастасақ…

– Халықты әлеуметтік қорғау, тұрмыс жағдайын жақсарту мен өмір сүру деңгейін арттыру – еліміздің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты мемлекет басшысы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында халықты әлеуметтік қолдау, халықтың әл-ауқатын жақсартуды басым бағыттардың бірі ретінде нақтылап берді. Елбасының алдымызға қойып отырған міндеттерін орындауда облыс халқының әлеуметтік ахуалы жақсарып, тұрақтылығы артты. Мәселен, облыс халқының саны 2761,3 мыңды құраса, соның 1258,2 мыңы, яғни, 48 пайызы экономикалық белсенді топқа жатады. Соңғы жылдардың деректеріне көз жүгіртсек, жыл өткен сайын оңтүстікқазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы жақсара түскен.

– Десек те, арамызда кедейшіліктің қамытын кигендердің саны азаяр емес. Осы ретте аз қамтамасыз етілген отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектерді ашық көрсетіп өтсеңіз…

–Облыстағы кедейшілікті төмендету мақсатында халықтың әлжуаз топтарына әлеуметтік жәрдемақылар, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы мен тұрғын үй, азық-түлік, материалдық көмектер көрсетіледі.

Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда облыс бойынша 18 жасқа дейінгі балалары бар — 70 657 отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады. Ал аз қамтамасыз етілген – 4824 азаматқа әлеуметтік жәрдемақы тағайындалса, 438-іне коммуналдық қызмет көмегі, 4-еуіне азық-түлік көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, аз қамтамасыз етілген отбасылардың жеке және қосалқы шаруашылықтарын дамыту мақсатында 4 отбасыға 4 бас ірі қара мал алып берілді.

– Зейнет жасындағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік көмектер қандай?

– Зейнет жасындағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалмайды. Мәселен облыс бойынша 202 мың зейнеткер болса, жыл сайын олардың 8 мыңға жуығына ардагерлер үйіне демалуға жолдама беріледі. Сонымен қатар басылымға тегін жаздырылады. Ал, 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға зейнетақысына қосымша ретінде 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек төленеді.

Өңірімізде әлеуметтік қолдауды қажет ететін – 106 мыңнан астам мүгедек бар. Оларға мемлекеттен тиісті жәрдемақы беріліп, әлеуметтік көмек көрсетіледі. Атап айтсақ, протез-ортопедиялық бұйымдар, сурдо-тифло құралдар, қол арбалар, гигиеналық заттар және жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады. Жағдайы төмен зейнеткерлер мен мүгедек азаматтардың қоғамдық көліктерде тегін жүруіне, коммуналдық қызметтерді жеңілдіктермен төлеуге, дәрі-дәрмектерге қол жеткізу, азық-түлікпен, көмірмен қамтамасыз ету қарастырылған. Осы азаматтар үшін «Әлеуметтік такси», «Инватакси» жұмыс істейді.

47-016

– Қайда барсаң да алдыңнан жұмыссыз жүргендер шығады. Басқарма тарапынан екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне қаншалықты күш жұмсалуда? 

– Өңірде жұмыс жоқ емес, керісінше тірлік қыламын деген адамға түрлі мүмкіндіктер жасалып жатыр. Мәселен, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы ай сайын жүздеген жұмыссыз тұрақты жұмысқа орналасып жатса, бірнеше мыңы қайта даярлаудан өтіп, біліктілігін арттыруда. Ал кәсіп ашып, өзімді-өзім жұмыспен қамтымақпын дегендер сол істің қыр-сырын үйренуге мемлекет есебінен оқытылып, оларға стипендия төленеді. Тіпті, кәсіпті меңгеріп қана қоймай, өз бизнесін ашатындарға да қаржылай көмек көрсетіледі. Қаланы былай қойып, ауылдағы ағайынға бұдан артық нендей жағдай керек? Өкініштісі сол, халықтың бірі жалқау болса, енді бірі күзетші, аула сыпырушы, оператор, техник, жүргізуші, сауыншы, құбыр тазалаушы болып жұмыс істегісі келмейді. Барлығы да заңгер, экономист, бастық болғысы келеді. Осы айтылғандардан жасалар түйін, облыста жұмыс жоқ емес, сол бар жұмысты атқаруға құлық жоқ. Егер халық жалқаулықтан арылса, екі қолға бір күректің табылары анық.

– Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту дұрыс жолға қойылған ба?

– Бүгінгі таңда облыс бойынша еңбек жасындағы — 70 826 мүгедек бар. Еңбекке қабілеттісі — 39 664. Өкінішке қарай, солардың жартысынан көбі жұмыссыз жүр. Осыны ескерген облыс басшысы 2014 жылдың сәуір айынан бастап «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулы бекітті. Соған сәйкес, алдағы 3 жылда облыстағы еңбекке жарамды барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтар кезең-кезеңімен жұмыспен қамтылатын болады.

– Этникалық қазақтарды елге оралуға ынталандыру мақсатында Үкiмет біршама шараларды қолға алғаны белгілі. Оралмандарды қоныстандыру біздің өңірде қалай жүзе асуда?

– Естеріңізде болса, 2014 жылдың наурыз айында Үкімет ҚР «Халықтың көші-қон туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп «Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» қаулы қабылдаған болатын. Қаулыға сәйкес, оралмандарға Үкімет айқындаған 7 өңірден басқа аймақтарға қоныстануға рұқсат етілмеді. Ал, бекітілген өңірден басқа облыстарға қоныстануға ниетті оралмандардың есепшотында 2 млн теңгеден астам қаржы болуы талап етілген болатын. Бұл қаулы қандастарымыздың елге оралуын шектеді. Салдарынан елге қоныстануға ниет еткен этникалық қазақтардың саны күрт азайды. Осыдан соң 2014 жылдың шілдесінде ҚР «Халықтың көші-қон туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Астана мен Алматы қалаларынан басқа өңірлерде оралман мәртебесін беру жұмыстары жалғастырылуда. Сондай-ақ, олардың есепшотында қандай да бір қаржының болуы талап етілмейді.

– Ата қонысына оралған бауырларымызға жеңілдіктер қарастырылған ба? 

– Облысымызда оралмандарды бейімдейтін және ықпалдастыратын 2 орталық бар. Олар Шымкент қаласы мен Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында орналасқан. Мұнда оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар, орталықта тұратын оралмандар мен олардың отбасы мүшелері ақпараттық және анықтамалық, психологиялық қызметтерді, құқықтық көмекті тегін алады. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді үйренуге, Қазақстан Республикасының тарихын, мәдениеті мен салт дәстүрін оқуға, әртүрлі мәдени іс-шараларды өткізуге, жұмысқа орналастыруға, кәсіптік даярлауға, қайта даярлау және біліктілікті арттыруға көмек беріледі. Айта кетейін, оралмандарға берілетін көптеген жеңілдіктер да сақталған. Атап айтар болсақ, оралмандардың, этникалық қазақтардың және олардың отбасы мүшелері тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өздерінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылады, тегін медициналық көмек алуға, мектептерде және мектепке дейінгі ұйымдарда, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беретін оқу ұйымдарында оқуға түсуге бөлінген квотаға сәйкес білім алуға, әлеуметтік қорғалуға, жұмыспен қамтылуға құқылы. Алайда, оралмандарға көшіп келу квотасы берілмейді. Себебі, ҚР 2013 жылдың желтоқсан айындағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында оралмандардың көшіп келу квотасы қарастырылмаған.

– Айтпақшы, Шығыс Қазақстанда жұмыс күшінің аздығынан Оңтүстіктегі мыңдаған отбасы сонда көшіріледі екен дейтін сыбыс бар. Қаншалықты рас?

– Иә, шынымен де Шығыс Қазақстанда еңбек қолы, жұмыс күші қат. Сондықтан да «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және кәмелет жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар, 29 жасқа толмаған жастар мен оралмандар Шығыс Қазақстанға көшіп, жұмысқа орналасуға, қызметтік пәтер алуға мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп, ниет білдіргендердің құжаттары қабылдануда.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ