Сыныбының «Менделееві»

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов еңбек жолын 1992 жылы Сарыағаш ауданы Келес электр желілерінің көлік жүргізушісі болып бастаған. Сосын техникалық мектепте оқытушы болған. Кейін… Кейін мемлекеттік қызметке араласты. Дегенмен ол жас күнінде қандай еді? Студенттік өмірі қалай өрілді? Ендігі әңгіме сол жайлы…

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов

Хирург болғысы келген

Кейіпкеріміз мектепте оқып жүргенде ұйымдастырушылық қасиетімен ерекше көзге түсе білген. Әсіресе мектептегі қоғамдық іс-шаралар бала Бахадырсыз өтпепті. Белсенді оқушының сабақ үлгерімі де өзгелерден ерекшеленіп тұрған. Әсіресе химия пәні сүйікті сабағы болды. Әдетте бақылау жұмысы кезінде тапсырма екі нұсқа бойынша берілетін болса, химия пәнінің мұғалімі оқушы Бахадырға шешілуі қиын есептері бар бөлек нұсқа дайындайды екен. Сыныптастарының айтуынша, бала Бахадыр берілген тапсырманың қиындығына қарамастан әп-сәтте шешіп, бақылау жұмысын алғашқылардың бірі болып тапсырып жүрген. Осы бір алғырлығының арқасында Бахадыр Мәдәліұлі «сыныптың Менделееві» деген атқа ие болған. Тек химия емес, өзге де пәндерді өте жақсы деген бағаға оқыған ол өзіне берілген тапсырманы орындап қойса, жанындағыларға көмек беруді ойлап тұрады екен. Демек, бала күнінен мейірім мен жанашырлық қасиетін бойына сіңіре білген.

47-014

Химиялық элементтерді жатқа біліп, «тағы да білсем», «үйренсем» деп тұратын Бахадыр оқушы кезінде дәрігер болуды армандаған. Соның ішінде хирургия саласына деген қызығушылығы басым болыпты. Кім біледі, бәлкім саясаттану факультетін таңдамағанда, қолына скальпель ұстаған дәрігер болар ма еді?!

Айтпақшы, кейіпкеріміз оқыған сыныпта 28 оқушы білім алса, оның шамамен 12-сі ұл, қалғаны қыз баласы. Қыздар демекші, кез келген сыныпта озат оқыған ұл балаға нәзік жандылар қауымы ерекше сүйсініспен қарайтыны белгілі. Себебі сабақ үлгерімі жақсы ұлды қыздар тәуір көретін. Бала Бахадырға да сол үшін көп қыздар сырттай ғашық болған. Дегенмен, өзгелерге қарағанда сыныпқа жаңадан ауысып келген қыздың көзі алдымен Бахадырға түскенін несіне жасырайық. Бұған өзге сыныптастары қызыға қараса, енді бірі қызғанатын. Бүгінде ол әрекеттерін сыныптастары ерекше еске алып, оны «бала күнгі қызғаныш» дейді.

Камила Байдәулетова, сыныптасы: 

– Біздің кезімізде «алтын белгі» алу деген тауды қопарумен тең болатын. Озат оқығаның үшін мақтау қағазын алсаң, соның өзі мақтаныш еді. Сыныпта жыл сайын грамота алушылар тізімінен Нарымбетовтің фамилиясын міндетті түрде кездестіретінбіз. 

Ол химия пәнін ерекше сүйіп оқитындықтан медицина жолын қуады деп ойлайтынбыз. Оның өзі де «хирург» болғысы келетін. Біз құрдастары болғандықтан «жоқ, сен хирург емес, гинеколог дәрігер болғын» деп қалжыңдайтынбыз. Әр әзілдің астарында бір шындық болатыны белгілі. Бұл әзіл оның қыздарға деген ерекше құрметінен кейін туындаған. 

Айта кетейік, «Сен үлгі алатын тұлға» айдарының бүгінгі кейіпкері алғаш рет білім ұясының табалдырығын 1979 жылы аттап, 1989 жылы Ташкент облысындағы Амангелді атындағы №18 қазақ мектебін тәмамдаған.

47-012

«Брэйк-данс» Бахадырдан қалған

Бахадыр Мәдәліұлы 1993 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түседі. «Саясаттану» факультетін таңдаған ауылдың қарапайым жігіті жатақхана өмірімен танысады. Кім біледі, бәлкім саясаттану факультетін таңдамағанда, қолына скальпель ұстаған дәрігер болар ма еді?!

Еліміз аяқтан әлі тұра алмаған шақта студент Бахадыр да өзгелер секілді жоқшылықты сезінеді. Үнемі жоқтан бар жасап, айналасындағыларға қамқорлық танытып жүреді. Тіпті сессия кезінде жатақханада бірге тұратын курстастары студент Бахадырдың бөлмесіне жиналып, емтиханға бірге дайындалады екен.

47-011

«Шешілмейтін түйін жоқ» деген қағиданы ұстанған ол құрдастары қандай да қиын жағдайға тап болсын, қолынан келген көмегін аямай, ең болмағанда «өмір онымен тоқтап қалған жоқ» деп, моральдық тұрғыда қолдау көрсетуді өзіне міндет санаған. Өмірге тек позитивті көзқараспен қарай білген ол үнемі өз ортасын күлкіге қарық қылып жүрген. Бірақ өзі көп күле бермейтін дейді курстастары.

47-013

Жас болған соң қызға қырыңдау, жігіт болып кештетіп көшеге шығу деген болып тұрады емес пе? Кейіпкеріміз де бұл тұрғыда осалдық таныта қоймаған. Бірақ «құлай сүйдім», «күйдім» деген сәттері курстастарының есінде қалмапты. Соған қарағанда романтиктердің қатарынан болмаған секілді.

Гаухар АНАПИЯЕВА, курстасы: 

– Біз оқыған жылдары елде дағдарыс деген кеңінен етек жайып, бүгінгідей тұрақты айлық деген болмаған. Ақша жоқ, студентпіз. Бірде сабақтан шыққан курстастар қалтамыздағы соңғы тиынға асханадан тамақтанайық деп шештік. Сол кезде Бахадырдың ортамызға келіп, бәріміздің ақшамызды жинап алып, «Николь» базары маңындағы бағасы арзан асханадан самса мен сусын алғаны есімде. Біріміздің ақшамыз көптеу, енді бірімізде мүлдем болмағанына қарамастан әлгі самсаны бәріміз теңдей бөліп жеген едік. Міне, Бахадырдың бұл әрекеті арқылы оның бауырмалдығын анық аңғаруға болады. Осы оқиғадан кейін қарнымыз ашса, дереу Бахадырға барып, «не істейміз» дейтінді шығардық (күліп). Сенесіз бе, ол біздің курстасымыз емес, құдды қамқор ағамыз секілді болатын. 

Айтпақшы…

Кейіпкеріміз озат оқып, қоғамдық шараларға ат салысып қана қоймай, спортпен де жақсы шұғылданыпты. Әрине, ол кезде бүгінгідей спорттық үйірмелер жоқтың қасы. Бірақ, оқу орнында өтетін спорттық жарыс-тарда белсенділік танытқан. Сондай-ақ, Бахадыр Мәдәліұлы биді жақсы билеген. Әсіресе «брэйк-данс» түрін билегенді ерекше ұнатыпты. Кейіпкеріміздің биге деген икемділігін шымкенттік жастар да жақсы біледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын қала күні қарсаңында Бахадыр Нарымбетовтың жастар бас қосқан кеште «брейк-данс» билеп, көпшілікті таң қалдырғанын қала жастары әлі ұмыта қойған жоқ.

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №47, 19.11.2014