1993 жылдан бері теңгенің «туған күнін» мерекелеп жүрміз. 15-қараша күні мереке ретінде аталып өтіледі.

Ал негізі, нақты айтсақ, теңге туралы ой билікке 1991 жылы келген. Осы жылы құрамына Меңдібай Алин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов және Хайрулла Ғабжәлелов секілді дизайнерлер енген арнайы топ құрып, теңгенің нобайын жасауға кіріседі.

1992 жылдың 27 тамызында Ұлттық банк басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Англияға аттанады. «Теңге» сөзі көне түркінің «тәнга» – ақша деген сөзінен шыққан. Айтқандай, ұлттық валютаны «теңге» деп атауды ұсынған – халықаралық инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов еді.

46-013

Сөйтіп, төл ақшамыз Ұлыбри-танияның әлемге әйгілі әрі ең көне «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкноттық фабрикада басылып шықты. 1993 жылдың 12-қарашасы күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Арада үш күн өткен соң, 15-қарашада тәуелсіз Қазақ елінің өз валютасы қаржы нарығында айналымға еніп, Қазақстан рубль аймағынан шықты. Осыған орай ескі ақшаны теңгеге айырбастау 15-қараша күні таңғы сағат 8:00-де басталып, 20-қараша күнгі сағат 20:00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, 1 теңгенің бағамы 500 сомға бекітілді. Ал 1 АҚШ доллары 4,75 теңге болып бекітілді.

Сол күндер әлі есімде. Ата-анам, туысқандар абыр-сабыр. Барлығы біздің үйге жиналды. Бір бөлмеге өздері әкелген ақшаны үйіп тастап, санай бастады. Одан кейін еркектер ақшаны сөмкеге салып, шығып кетті. Арада қанша уақыт өткені есімде жоқ, біртіндеп келе бастады. Біразы құр қол қайтса, енді бірі зат сатып алған. Әлі есімде, әкемнің Ержан есімді інісі папкы алып келіпті. Папкы болғанда кәдімгі кеш жүргізушілері ұстап тұратын, екіге айқара ашылатын папкы. Жұмсақ полиэтиленнен жасалған. Оны неғыласың деген сұраққа бөлменің дуалына қағып тастаймын деді. Түсіндіру үшін дереу біреуін алды да шәй ішкен кезде отыратын тұсқа барып, еден плинтустан бастап, қаға бастады. Қабырғаға сүйенген адамның арқасына әк жұқпайды. Бұған дейін көп үйден сол жерге айналдыра мата қағатынын көргенбіз. Ол көп ұзамай, тозып, жыртылып кететін. Ал мынау жақсы екен, анда-санда дымқыл шүберекпен сүрте саласың. Оның үстіне бағасы арзан, бір тиыннан сатылыпты. Өзіміздің жаңа ғана шыққан теңгенің тиыны. Атам ұнатқан соң Ержан тәтем көп қылып әкелуге шығып кетті. Сөйтсе, бір сағат бұрын 1 тиыннан сатылған папкінің бағасын сатушы енді 1 теңге қылып жіберіпті. Сондай да сәттер болған.

46-014

Тиын демекші, алғашқы кезде қағаз тиын болғаны естеріңізде шығар? 10, 20, сосын, қателеспесем, 50 тиындық қағаз ақша болды. Сапасы нашар болғандықтан, тез жыртылып қалатын. Кейін бірден жоқ болып кетті. Келер жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалған 2, 5, 10, 20 және 50 теңгелік бақырлар шықты. Алғашқы жылдар болғандықтан, баға күнделікті дерлік құбылып тұрды. Мысалы, анам мені күнде дүкенге түскі сағат 3-те жұмсап, нан сатып алатынбыз. Сол бөлкенің бір күні 30 тиыннан 40 тиынға, тағы екі күннен соң 60 тиынға қымбаттағаны әлі есімде.

Теңге құнсызданды ма?

Алғаш рет теңгеміз 1999 жылдың сәуірінде құнсызданды. Сол жылы ұлттық валюта өз құнын бірден 64,6% пайызын жоғалтыпты. 2009 жылдың 4 ақпаны күні теңге екінші рет құнсызданды. Осыған дейінгі әлемдік қаржы дағдарысы кезінде теңгенің айналымдағы құнын ұлттық қордың күшімен ұстап отырған Ұлттық банк сол күні теңгенің саудадағы құнын еркін жібере салды. Бір доллар 25 теңгеге қымбаттады. Соның салдарынан ең алдымен қарапайым халық зардап шекті. Барлық тауар, азық-түлік пен қызмет ақысы бірден қымбаттап шыға келді.

Үшінші рет теңге биыл, 11 ақпанда құнсызданды. Теңге тағы да 20 пайыз құнын жоғалтты. Бұл жолғы девальвация халыққа ауыр тиді. Ең алдымен, осыдан бірнеше күн бұрын Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов халықтың алдында сөз сөйлеп, теңге құнсызданбайды деп мәлімдеген болатын. Шенеуніктер, тіпті, құнсыздану ел экономикасына пайдалы деп те жариялады. Олардың айтуынша, отандық өнімдерге деген сұраныс артып, ұлттық қордың жаратылуы бәсеңдейді. Ал құнсызданудың жағымсыз жағын санап шығудың өзі артық секілді.

46-015

Енді халықты «Теңге тағы құнсыздана ма?» деген сауал мазалап отыр. Оның себебі, мұнай арзандап барады. Тек шекарамыз ғана емес, енді экономикамыз да тығыз байланыста болатын Ресейдің рублі де долларға шаққанда өз құнын күннен-күнге жоғалтуда. Осы тұста мұнайдың арзандауына байланысты ел бюджетіне біршама өзгертулер де енгізіліп қойды. Дәл қазір мұнайдың бір баррелі халықаралық биржаларда 80 доллардың о жақ-бұ жағында жүр. Мұндай баға 2010 жылдан бері тіркелмеген. Ұлттық банк басшылығы қазан айының соңында «Теңге енді құнсызданбайды» деп тағы бір рет уәде берді. Алайда, аузы күйіп қалған халық үрлеп ішуге үйренуде. Яғни, ешқандай мәлімдемеге сенбей отыр. Бұған қоса Қайрат Келімбетовтың кеңесшісі қызметін атқарып келген Олжас Құдайбергенов 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктегі қызметінен кететінін мәлімдеді. Оның себебін қаржы маманы өзінің теңгенің құнсызданбайтыны жайындағы пікірлерін оқырманы банктің ресми қызметшісінің ұстанымы ретінде қабылдануы мүмкін екенімен түсіндіреді. Дегенмен, дәл осы маманның өзі қазіргі жағдайда алдағы үш айға ешкімнің де болжам жасай алмайтынын, жыл соңына дейін теңге құнсызданбайтынын айтады. Ал келер жылдың жағдайын тек желтоқсанда ғана талқылауға болатын көрінеді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

«Оңтүстік Рабат», №46, 12.11.2014