«Табиғат әлемі — балалар көзімен». Осындай тақырыппен өткізілген оқушылар арасындағы байқау мәресіне жетті. Биыл 28-ші рет қолға алынған сайысқа 325 оқушының еңбегі қатысытырылыпты. Оның 24-і ғана жеңімпаздар сапынан табылып отыр.
Үздіктер арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарыс балалар суреттері, фотосуреттер мен фотоколлаждар және апплекация сынды өнер бағыттарынан өткен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=xOqYRWheh1k[/youtube]
Сонымен, 1-орындардың қатарынан Әбдікәрім Жұлдыз (Шымкент қаласы, Т.Тәжібаев атындағы № 47 мектеп-гимназия), Оразбай Наурызбай (Отырар ауданы, Жамбыл атындағы мектеп-лицей), Әсел Нұрәділ (Сайрам ауданы, С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназия), Шапағат Пірімбек (Төлеби ауданы, Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектеп) есімді оқушылар табылды.
Шапағат Пірімбек, 1-орын иегері: «Мен қазір өте қуаныштымын, себебі 1-орын алдым. «Табиғат айнасы» деген тақырыпты алып, табиғи жүннен және ағаштан картина жасадым. Еңбегімді елеп, марапаттады, ұйымдастырушылар алқасына алғысым шексіз».
Серік Әуесханов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Биылғы байқаудың ерекшелігі — біздің басқарма жанынан ашылған экологиялық орталықтың 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан жеңімпаздарды да ерекше құттықтадық. Бағалы сый табыстап жатырмыз. Шәкірттерге ізденуді тоқтатпаңдар дегім келеді! Тек қана алға!»
Айта кетейік, байқаудың өрбуі мен жеңімпаздардың сый-тартуына қазынадан 5 млн. теңге бөлінген.