– Әр спортшының ішінде жататын заңды, қалыптасқан арман-мақсаты болады. Оған бәрі қол жеткізе бермейді, әрине. Сонысымен құнды. Ол – чемпион атанып, шыңға шығу. Мен бұл арманды бағындыра алдым. Алайда, мен үшін бұдан да қымбат, бағалы тағы бір арман бар еді. Яғни, өз ұлтымның, елімнің намысын қорғап, өз мемлекетімнің туын алып шықсам, сол елге қызмет етсем деген… Аллаға шүкір, ол да орындалды. Тек ұзақтан, сағындырып барып келді. Америка, Англия, Италиядағы сайыстарға қатыстым. Сол елдерде мемлекетімнің туын желбіреттім. Міне, қазақпыз, қазақ елінің атынан келдік, дедік. Мәселен, АҚШ-та 86 мемлекеттің командасы қатысқан әлем біріншілігіне бардым. Өзге спортшылармен қатар тұрып, Қазақ елінің байрағын алып шыққанда көзіме жас алып, арманы орындалған, бақытты жан сезіндім. Маған бұдан артық қандай қуаныш, қандай бақыт керек еді?
Қазақтың қайсар баласы, алты алаштың азаматы, Қазақстанда ғана емес, әлемдік спортта да (таэквондо) ойып алар орны бар Мұстафа Өзтүрік атамекенге оралып, көзі тірісінде берген соңғы сұхбаттарында осылай ой толғаған екен. Түркияның Қайсары қаласы Кожажыл елді мекенінде дүниеге келген саңлақ спортшы ортамызда болса, биыл 60 жасқа толар еді. Қырық жылдық қысқа ғана ғұмырында үлкен белестерді бағындырып, бірнеше елдің тарих тақтасына есімін жазған жан. Мұстафа Кәбенқажыұлы кіндік қаны тамған Анадолы жерінде және атамекеннен алыста жүріп, жора-жолдастарына мына бір сөзді де жиі айтқан екен.
«Қазақ туыс іздейтін, елін іздейтін ерекше халық қой. Ол жақтағы (Қазақстандағы) ағайын елдің, ауылдың ішінде жүр. Сондықтан біз сияқты қатты сағынбайтын шығар?! Біз шетелде жүрміз. Кейде ойлайсың: барлығының елі бар, менің елім қайда?» деп.
Күн өткен сайын кеудесін сағыныш сезімі кернеген тау тұлға мақсат-мұратына қол жеткізіп, Атамекенге оралу үшін үлкен еңбек еткені ел есінде. Батырдың Анадолы топырағында аунап өскен балалық шағы мен жетістігі жайында білу үшін туған қарындасы Періхан Куртулушпен сұхбаттасқан едік.
– Мұстафа Өзтүріктің қысқа ғана өмірінің көбісі сыртта өткені белгілі. Сіздің есіңізде не қалды?
– Рас айтасыз. Ағам үйден гөрі сыртта көп болды. Екеуміздің арамыз 8 жас. Сондықтан тек мектеп уақытында ғана бірге болдым, ал ол кезде мен кішкентай едім. Яғни, бүкіл балалық шағымыз бірге өтті деуге келмес. Әсілі, сол кездегі көріністер есімде бірде бар, бірде жоқ. Жастайынан спортқа араласты. Бірақ ол барған спорт түрі таэквондо емес, күрес еді. Жаттығудан келген сайын, маған сен ұл болғаныңда ғой деп жиі айтатын. Сонымен қатар тек спорттың соңынан қуып кетпей, кітапты көп оқитын. Шежіре, тарихты түгендеп отыратын. Әсіресе, қазақтың батырларымен мақтанып, солардың ерлігі әр қазақтың бойынан табылуы тиіс дейтін.
– Негізгі мамандығы спортшы емес екені белгілі. Толықтыра кетсеңіз.
– Орта білімді Ыстамбұл қаласында тәмәмдады. Оны бітірген шетелде білім алуға іріктеу өткізіліп, қазақтың 20 баласына жолдама берілді. Осылайша, жиырманың бірі болып, Шығыстың еліне аттанды. Яғни, Тайвань Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетіне түсті. Ол кезде 15-16 жаста еді. Сөйтіп бес жыл бойы сол жақта аталған мамандық бойынша жоғары білім алды. Журналистикада оқып жүріп, корейдің ескі жекпе-жектерінің бірі таэквондоны үйреніп келді. Сол елдің ережесі бойынша, студенттердің барлығы қосымша пән ретінде спорттың бір түрін таңдайды екен. Бұрын аунап, күресіп жүрген ағамыз содан спорттың басқа түріне ауысқан.
– Шығыс елінде жүргенде жеткен жетістігі, алған атақ-абыройы жайлы айта отырсаңыз…
– Жолдама алып, Тайваньға барған қасындағы жолдастарының бірі қазіргі менің күйеуім, Хамит. Хамит те бірге барған, дайындалған. Уақыт өте келе Мұстафа жарыстарға қатыса бастаған. Түрлі додаларда топ жарып, тек Тайваньда емес, айналасындағы көрші елдерде де есімі танылған. Ол жерде таэквондо спортынан халықаралық деңгейде үздік мәртебе алып, 6-шы Дан дәрежесін иеленді. Бұл Ислам мемлекеттерінің ішінен алған жалғыз мұсылман деп жазды, тарихта қалды. Сол уақытта шығыс жекпе жегінің һәм киноның жұлдызы болған Брюс Лимен жақын араласқан. Тіпті екеуі бір жаттықтырушыдан сабақ алған екен. Хамиттің аузынан естіген және бір дүние ағам әлгі 6-шы Дан дәрежесін бағындырса, Брюс Лидікі аздау, яғни төмен болған. Осылайша, 5 жылда талай белесті бағындырып, кәсіби журналист және халықаралық спортшы деген атақпен Түркияға оралды.
– Демек, киноға түсуге ұсыныс осы кезде басталды ғой?
– Иә, Ыстамбұлда режиссерлер киноға шақырып, бірнеше рөлде ойнады. Алайда, ағам оларға да талап қоя отырып, келісім берді. Мен өзімнің қазақтығымды танытатын көркем фильмнің сценарийін жазам және сонда басты рөлді өзім сомдаймын деп. Сөйтіп 1987 жылы «Алатай» атты кино түсірілді. Яғни, Мұстафа тек спорт шебері емес, сонымен қатар талантты өнер адамы екенін дәлелдеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан — Самат СҮЛЕЙ.
Жамал Кабадайы, Мұстафаның шәкірті:
–Мен Мұстафа ұстазымызбен ең алғаш рет 1984 жылы таныстым. Ол кісіні көрмей тұрғанда спортшы замандастарымнан Ыстамбұлға бір жапон келіпті деп естіп, кездескенше асыққаным есімде. Жұрттың жапон деп шулайтындай реті бар. Өйткені оған дейін тек шығыс ұлтының азаматтарынан көретін едік қой, жылдамдықпен шеберлікті ұштастыратын. Сөйтіп, жапон деп жүрген ұстазымның ұлты қазақ, діні мұсылман екенін біліп, қуандым, мақтандым. Сосын таэквондоны үйреніп, сабақ алу үшін енді ғана есік ашып жатқан мектебіне жазылдым. Кейін ағамыз Германияға кететін болып, өз орнын маған аманат етті. Содан бері Мұстафа Өзтүрік атындағы таэквондо клубының жұмысы тоқтаған емес. Қазіргі күні ұстазымның спорттағы ізін өшірмей, 30 жылдан бері жолын жалғастырып келемін. Есімі тек Анадолы жерінде ғана емес, күллі шығыс және Еуропа елдеріне кеңінен танылған тұлға біздің мәңгі мақтанышымыз болып қала бермек.