Жаңа жылдық шыршадан ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен аз қамтылған отбасылар да шет қалмады. Абай ауданының әкімдігі мүгедек бүлдіршіндерді де арнайы шақырып, мерекемен құттықтады. Олар үшін жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды. Сый-тартулар үлестірілді. Кеш қонақтарына Аяз ата мен Қарша қыздың қатысуымен арнайы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Айару Бекмұратова, №89 мектеп-лицейдің оқушысы: «Рахмет, мен өте қуаныштымын! Аяз атаға тақпақ айттым, маған сыйлықтар берді. Мен жаңа жылды жыл сайын асыға күтемін!»
Ахмет Татыбаев, Абай ауданының әкімі: «Балалардың жүзінен қуаныш көрудің өзі — біз үшін бақыт. Сондықтан демеушілерді тауып, солардың көмегімен сый-сыяпат жасадық. Әрине, біз мұнымен шектелмейміз. Жаңа жылда да көптеген шарапаты көп іс-шараларды өткіземіз. Бұл — біздің міндетіміз деп білемін.»
Бұдан бөлек ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға арналып ақ дастархан жайылды. Бүлдіршіндер тегін түстенді. Сыйлықтар мен қайырымдылық шарасы демеушілер көмегімен жүзеге асқан. Айта кетейік, бүгінде бір ғана Абай ауданында 2500 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы бар. Жетім балалардың саны 1570-ке жеткен. Олардың 160-ы әкімдік шыршасына қатыстырылды.