Оңтүстікте трансформаторға қажетті жабдықтар цехы іске қосылды

559

Кентау қаласындағы трансформатор зауыты жанынан «МоноЭлеТех» ЖШС-нің жаңа заманауи өндірісі іске қосылды. Жаңа өндірісте гофроландырылған бак пен эмальденген алюминий сымдарын, мыс және алюминий шиналарын шығаратын желілер бар. Сондай-ақ, батыру тәсілімен бояу, заманауи сынақ стансасы да осында орын тепкен. Аталған технологиялық желілер жылына 10 мың дана трансформатор өндірісіне арналған жабдықтар шығаруға қауқарлы.

003

50 жаңа жұмыс орнын ашқан өндірісті іске қосу үшін 817 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Кәсіпорынға шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағытында мемлекеттік қолдау көрсетілген, яғни компания 11 пайыздық мөлшерлеменің тек 1 пайызын ғана төлейді, қалған 10 пайызын мемлекет өтейді.

004

Аталған жобаны іске асырудың нәтижесінде «Кентау трансформатор зауыты» Ресей мен Қытайдан тасымалдаған импорттық бөлшектерді енді зауыт жанындағы «МоноЭлеТех» кәсіпорыны дайындайтын болады.

Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев: «Осы цехтың іске қосылуының нәтижесінде бұрын сырттан тасымалданатын бөлшектер өзімізде шығарылатын болды. Яғни, зауыт 10 пайызға импорт алмастырып отыр. Бұрын 40 пайыз импортпен жабдықталатын болса, қазір 30 пайызға төмендеді. Өнімдердің жергілікті құрамы 70 пайызға дейін көтерілді. Жалпы, облыста индустрияландыру картасы аясында құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 223 жоба іске асырылуда.»

Жаңа өндірістің іске қосылуы Кентау трансформатор зауыты шығаратын өнімдердің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етіп отыр.

Дереккөз: ОҚО әкімлігі аппаратының баспасөз қызметі