Шымкентке су жаңа автобустар әкелінді. Он көлік алдағы уақытта қала тұрғындарын діттеген жеріне жеткізеді деген сенім бар. Дегенмен, осы арада жолаушыларды тасымалдайтын көлік компаниялары өкілдерін алаңдататын бір мәселесі бар. Олар арнайы өткізілетін тендер әділ болса дейді.
Қаз-қатар тұрған жаңа автобустардың бірінің рөліне Нұрбек Тұяқов отырады. Тәжірибелі жүргізуші жұмысқа деген ынтасы және жауапкершілігінің арқасында осындай мәртебеге ие болды. Темір тұлпарының мүмкіндіктерін тексеріп көрген 40 жастағы көлік жүргізушісі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автобуста барлық жағдай қарастырылғанын айтады.
«АвтоАрт ЛТД» мекемесінің өкілдері әр автобусты 65 мың АҚШ долларына сатып алғандарын айтады. Серіктестік былтыр осындай автобустың бесеуімен бағытты толықтырса, биыл жылдың соңында тағы 10 автобус сатып алды. Алайда көлік компанияларын алаңдатып отырған күрделік — жолауышларға қызмет көрсету жөніндегі қала әкімдігімен түзілген келісім-шарт мерзімінің аяқталуы.
Бұл маңызды мәселе тек № 74 бағытта қызмет көрсететін «АвтоАрт ЛТД» мекемесі басшылығын ғана мазалап отырған жоқ, қаладағы 86 бағыт бойынша қызмет көрсететін көлік компанияларын алаңдатып отыр. Алайда жауапты мамандар уайымдауға еш негіз жоқ, бағыттарға мекемелерді бекіту заң шеңберінде жүргізіледі дейді.
Байқау әділ өткізіледі деп сенеді кәсіпкерлер. Ал осыған қарамастан жолаушылар тасымалымен айналысу құқығына жүйелі жұмыс істеп келе жатқан көлік компаниялары емес, базасы мүлдем жоқ, техникадан жұрдай, кадрларды ойдан қырдан тапқан мекемеме ұтса, ұтыларымыз анық.