Спидтің алдын алу және онымен күресу орталығы

Шымкентте ғасыр індеті – СПИД-пен күресу жалғасып жатыр. Облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күресу орталығының мамандары аудан-қалаларда тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Спидтің алдын алу және онымен күресу орталығы

Ғасыр дертінің алғашқы белгілері мен жұғу жолдарын жастар біле бермейді. Олар мұны облыстық спидтің алдын алу және онымен күресу орталығының мамандарымен өткен кездесуде сұрап, білді. Жиын қатысушыларын аты суық ауруға шалдыққандардың жағдайы да алаңдатып отыр. Ал спидті жұқтырғандар үлкен күтім мен ауруға қарсы тұру қауқары күшейтілген емді үздіксіз қабылдауы қажет дейді мамандар.

Нұрсұлтан Үсіпбаев, Шымкент қалалық әскери-техникалық мектептің тәрбиеленушісі: «Әрине, СПИД қандай ауыр дерт екенін естігенімізбен, оның жұғу жолдарын егжей-тегжейлі білмейтінмін. Бүгін оны мамандар арқылы естідік. Мен де енді сақтанып жүремін, салауатты өмір салтын сақтансам, маған қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын.»

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында СПИД-ке шалдыққандардың саны 2533-ке жетті. Оның 60 пайызын 16-29 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда анағұрлым артқан. Бірақ қорқынышты жағдай бұл ғана емес.

Жастар СПИД дертінің жұғу жолдарынан хабардар болды
Жастар СПИД дертінің жұғу жолдарынан хабардар болды

Гауһар Қысмұратова, облыстық спидтің алдын алу және онымен күресу орталығының зертхана меңгерушісі: «Өкініштісі сол – жыл сайын осы СПИД-ке шалдыққандар саны артып жатыр. Бұған дейін бұл дерт көбіне нашақорлар мен жеңіл жүрісті адамдарда кездескен. Ал қазір қарапайым адамдар да шалдығып жатыр. Науқас өзінің ауру екенінен бейхабар болады, көбіне жүктілікке сынама жасағанда әйелдердің дертке шалдыққаны анықталады.»

Облыстық спидтен сақтандыру орталығы мамандарының сөзіне сенсек, бүгінде ғасыр індетінің тарауына тосқауыл қою үшін түрлі шаралар қолға алынған. Мектептер мен көпшілік орындарда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы хабарлама-парақшалар таратылып келеді.