Шымкенттіктер Елбасы жайлы фильмді тамашалады

263

«Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші фильмі көрерменге жол тартты. Бүгін жерлестеріміз қаламыздағы «Мега-Шымкент» орталығының кинозалында жаңа еңбекті тамашалауға мүмкіндік алды. Алғашқы күннің өзінде кинотуындыны көруге келгендердің қарасы қалың. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының өміржолы мен саясаттағы көшбасшылық бастамалары көрініс тапқан жаңа туындымен біз де танысып қайттық.

"Елбасы жолы" фильмінің 4-ші бөлімінен
Фильмнен үзінді

Бұл бөлімде оқиғалар тізбегі басты кейіпкер – Сұлтанның 30-40 жас аралығындағы өмірінен өрбиді. Яғни, Қарағанды металлургиялық комбинатының парком хатшылығында жүрген шағы. Залдағы көрермен жас та болса саясатқа етене араласып, іскерлік қырынан танылған жігітті осы киноэпопеядан кезіктірді.

Билеттің құны 1000-1300 теңге аралығын құрады

Еркебұлан Нарбаев, көрермен: «Елбасының бастан өткерген қиындықтары мен оның өмірдегі ұстанымдары, кезіктірген жандары мен қызметтес адамдарын таныдық, Отбасы жайында көрдік. Тамаша кино. Тағы да қайталап көргім келіп отыр.»

«Елбасы жолының» төртінші фильмінің түсірілімі осыдан 7 ай бұрын Мәскеуде басталған еді. Еңбектің басым бөлігі кеншілер қаласы – Қарағандыда түсірілген. Партия үйіндегі алқалы жиын, ондағы Сұлтанның еңбеккерлер мүддесін қорғаған кезі де сол шаһарда көрініс тапты. Басты рөлді әдеттегідей танымал актер Нұрлан Әлімжан сомдаған.

Батырхан Дәуренбеков, «Оңтүстікфильм» МКМ директоры: «Фильмде ұшақтың ұшуы деген сияқты дүниелердің барлығы расында ұшақта түсірілмеген. Арнайы құралдар көмегімен жүзеге асқан. Бірақ ол кинода мүлде білінбейді. Өте жақсы, білікті мамандар жұмыс жасаған. Сондықтан мен кәсіби тұрғыдан таң қалып отырмын, өте жақсы, сапалы дүние.»

Айта кетейік, «Тығырақтан жол тапқан» фильміне 2,5 млн. теңге қаржы жұмсалған. Енді алдағы бір апта бойы жергілікті кинотетарларда аталған киноэпопеяның төрт бөлігі көпшілік назарына ұсынылатын болады.