Шымкенттіктер коммуналдық қызмет ақысын төлеу үшін ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Қараша айынан бастап коммуналдық төлемдер үшін бірыңғай түбіртек енгізілген. Жаңалықты жатырқай қабылдаған қалалықтарға электр қуаты мен газ, жылу, ыстық су және тұрмыстық қалдықтар тасымалдау қызметінің ақысын төлеу оңайға соқпай тұр.
Бұл азаматтар арзандатылған азық-түлік алу үшін емес, коммуналдық қызмет ақысын төлеу үшін кезекте тұр. Қолдарындағы бірыңғай төлем түбіртіктері тек «Энергопоток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассаларында қабылданатындықтан, кассадағы ұзын-сонар кезекті күтуге мәжбүр.
Ал мамандар мұндай бей-берекетсіздікке тұрғындардың өзі кінәлі дейді. Айтуларынша, қолдарына тиген түбіртектегі соманы бірден төлеудің орнына басым бөлігі айдың аяғын күтіп жүретін көрінеді. Әсіресе, соңғы үш күнде ағылып келеді екен. Ал кассадағы қызметкерлер үздіксіз әрі жылдам қызмет көрсететінін алға тартты.
Дариға Ахметова, «Энергопоток» ЖШС-ның бас бухгалтері: «Төлемақы қабылдау уақыты нығұрлым қысқарды. Бір тұтынушыға бір минут кетеді. Кассаның қызметкерлері де бұл жылдамдыққа үйренген. Ал кезекте тұрған азаматтарға ол білінбейді, өйткені орталық кассаған келетіндер тым көп. Бірақ, біздің кассалар қаланың өзге де нүктелерінде бар. Оны ешкім есепке алып жатқан жоқ.»
Ал коммуналдық қызмет ақысын төлеп шыққандардың жаңа түбіртекке келгенде көзқарасы екіге бөлінеді. Бірі ыңғайлы десе, енді бірі жеке-жеке төлемді қолдайды.
Дегенмен, мамандар бірыңғай төлем түбіртегін жақсы жоба деп бағалайды. Алғаш жүзеге асып отырғандықтан кемшіліктері болатынын да жасырмайды. Бүгінгі таңда кассалардың қатарын көбейтуді жоспарлап, екінші деңгейлі банктер мен Қазпошта АҚ-мен келісім жасап жатқандарын да жеткізді.
Егер оң шешім берсе, «Энергопоток»кассаларынан бөлек, Қазпоштаның кез-келген филалында коммуналдық қызмет ақысын төлеуге болатынын айтып отыр. Ал әзірге бірыңғай төлем Каспий банктің интернет ресурсында қабылданады.
Дариға Ахметова, «Энергопоток» ЖШС-ның бас бухгалтері: «Бұл — дұрыс шешім, бұл дұрыс жаңалық. Тек басында осындай шикіліктер болады. Тұтынушылар шыдамдылық танытса, бәрі де өз орнына келеді.»
Айтпақшы, тек орталық кассадан өзге әр шағынауданда кассалар бар. Коммуналдық қызмет ақысы бұдан бөлек 20 нүктеде қабылданады. Ал жаңа жоба елге сіңісіп кеткенше сабырлық сақтауды сұранған «Энергопоток» мамандары болашақта барлық кемшіліктер түзеліп, кассалардың тағы да көбейетініне уәде берді.