Несиесін төлемей жүрген борышкерлердің саны 7 млн-ға жетті

28

Елімізде несие және басқа да қарызын төлемей жүрген борышкерлер саны 7 млн адамға жетті. Олардың қатарында несиеден бөлек коммуналдық төлем мен алимент төлемегендер бар. Бұл туралы қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов айтты.

Қазір «Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Ол заң банкрот болған азаматтарға 5 жылға дейін несие бермеуді көздейді. Сондай-ақ, жағдайы қиындай түссе 7 жылдан кейін тағы банкроттыққа өтініш бере алады.

Заң қабылданса, борышкерді банкрот деп жариялаудың 3 түрі енгізілмек. Қазір құжат жобасына ұсыныстар енгізіліп, мәжілістің екінші оқылымына жіберілді.