Тойға кешігіп барасыз ба?

Қазақта той көп. Әрине, болғаны жақсы. Себебі қуанышыңды бөліссең, көбейеді деген бар емес пе? Бірақ бүгінгі тойлардың өтілу барысы 180 градусқа өзгеріп кетті. Той сценарийін айтпағанның өзінде басталуының өзі бір мұң. Кешкі жетіге шақырылған қонақтар сегіз-тоғызсыз келмейді. Той кешігіп басталады. Тіпті сағат 11-ден соң кей тойларда адам да қалмайды. Кешігіп келіп, тоянасын беріп кетуге асыққан ел тойдың сәнін бұза бастағалы да біраз болды. Мұның бәріне кім кінәлі? Оның себебін той иелері шақырылған қонақтардың кешігіп келуімен байланыстырса, ал қонақтар керісінше, «егер той иесі ешнәрсеге қарамай, белгіленген уақытында бастаса, ешкім ренжімес еді» деген пікірді айтуда. Ал сіз қалай ойлайсыз? Өзіңіз тойға кешігіп барасыз ба?

49-007

Нұрғазы БҰҚАРБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Мен тойға кешікпеймін. Көбіне алғашқылардың бірі болып барамын. Бірақ қазір тойдың қадірі қашып барады. Кешігіп басталу, қазаққа жат сценарийлермен өткізу әдетке айналды. Ежелгі құндылығымызды жоғалтып алмаудың қамына кірісу қажет. Жергілікті бюджеттен қаржы қарастырып, «Ең үздік асаба», «Ең үздік той», «Тойға кешікпей келетін қонақ» деген сынды номинациялар бойынша акция өткізсек. Арнайы комиссия қалада өтетін тойларды аралап, насихат жұмыстарын жүргізсе, халық санасына жетер деп ойлаймын. Тек қана тойдың уақытылы басталуы емес, сондай-ақ асабалардың той басқаруы, тіпті керек десеңіз дастарханға қандай тағамдарды ұсыну қажеттілігі де кеңінен түсіндірілсе деймін. Мұндай шараны қолға алу қажеттігі туралы ұсынысымды қалалық мәслихат сессиясында соңғы 2-3 жылдан бері айтып келемін. Алайда жыл соңында одан да өзге өзекті мәселелер көтеріліп, қаржы тапшылығы орын алуда. 

Қайырғали МЕДЕТ, журналист-жазушы:

– Мен Алматыда 20 жылдан астам жұмыс істеп, кейін Оңтүстікке келдім. Алматыда той-томалаққа кешігу деген болмайтын. Уақытылы басталатын. Ал бізде малын жайып, басқасын реттеп келемін дегенше уақыт бір пәсте өтіп кетеді. Міне, содан тойға келушілер кешігіп жатады. Жақында болған мына бір жағдай есіме түсіп отыр. Ауылдағы Ахметбек деген көкем қуанышын өзгелермен бөлісіп, той жасады. Шақыру қағазында той сағат 20:00-де басталады деп көрсетілген. Қонақтардың бәрі уақытында жиналды. Сол кезде «ел-жұрт тойға уақытылы келе бастапты ғой» деп қуанғаным бар. Сондай-ақ, тойдың түріне қарай оның өткізілу уақытына мән берген жөн. Мәселен бесік той, сүндет тойларды күндіз өткізу керек. Ең бастысы, тойға шақырған уақытынан кешікпей бару керек. Өзім солай жасаймын.

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ, Мақтарал ауданының тұрғыны, асаба:

– Бізде ең әуелі тойға шақырылған жаңа құдалар кешігіп келеді. Оған өзіміздің дарақылығымыз кінәлі. Мәселен құдалыққа баратын болсақ, он адамнан кем ертпейміз. Ал олардың жинала қоюы қиын. Жалғыз себеп осы. 

Менің ойымша тойға кешігу дегеннің алдын алу мүмкін емес. Бір адам не бір орта дәл уақытында баруға дағдылануы мүмкін, бірақ бүкіл халықты қалай тәртіпке саласың? Ол үшін шақыру қағазында көрсетілген уақыт өткен соң тойхананың есігін тарс жауып, кешіккендерді кіргізбеу керек. Бірақ, мұны кім жасай қойсын? Жеке өзіме келетін болсам, мүлдем кешіккен емеспін. Адам баласы болған соң түрлі жағдайлар болады ғой. Мүмкіндігінше кешікпеуге тырысамын. Ал егер маңызды қонақтардың қатарында болсам, барлық шаруаларымды ысырып қойып, айтылған уақытта барамын.

49-006

Ал осы кезде…

Той өткізудің мәдениетіне байланысты облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысы бойынша арнайы Үндеу де қабылданып отыр. Төменде сол үндеуді назарларыңызға ұсына отырып, тойға кешікпей барайық дегіміз бар.

Той өткізу мәдениетін жетілдірейік!

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген дөңгелек үстелге қатысушылардың облыс тұрғындарына

Үндеуі:

Біз – Оңтүстік Қазақстан облыстық, Шымкент қалалық ардагерлер кеңестерінің, ОҚО әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы хатшылығының, ОҚО «Азаматтық альянсы» бірлестігінің, облыстық кәсіподақтар кеңесінің, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының, Шымкент қалалық ішкі саясат, мәдениет бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері, республикалық, облыстық, қалалық БАҚ өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, өзге де зиялы қауым өкілдері облыс тұрғындарына Үндеу жолдап отырмыз.

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

Бүкіл байтағымызда, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары мен аудандарында, кенттері мен ауылдарында той да, тойханалар да барған сайын көбейе түсуде. «Той – Құдайдың қазынасы», «Той тойға ұлассын», «Той көріңіздер» деп бата-тілек айтатын қазақ үшін тойдың мән-маңызы айрықша екені белгілі. Тойдың және той өткізетін орындардың артуы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсарғанын да білдіреді.

Кейінгі жылдары той өткізу мәдениетінде біршама жақсы үрдістер пайда болуда. Ғасырлар бойы халық сынынан өтіп, сұрыпталған салт-дәстүрлер жаңашылдықпен үйлесе жалғасын таба бастады. Дастархан мәдениеті биіктеді. Өнерпаздар талғамы өсті.

Өкінішке қарай, тойдың өте-мөте кешігіп басталуы, музыканы құлақты жаратындай қатты қойылуы, театрландырылған көріністердің тым көп уақыт алуы, шын ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың орнына «сақал байлаған», «әртістік кимешектер киген» жасанды жандардың бата беруі, көңілге қона бермейтін қойылымдар қоюы, асабалардың көп сөйлеуі, талғамсыз әңгімелер айтуы, сөз берілгендердің де бірін-бірі қайталап, жаттандылыққа ұрынуы жұртшылықты ығыр етеді. Әлдебір ұлттарға еліктеп, қазаққа жараспайтын рәсімдерді тықпалау, мәселен шырақтар қоршаған торт асату және жанып тұрған отты сөндіру, небір тамақ түрлерінің желінбестен ысырап болуы да қатты ойландырады. Сый-сияпаттар, шапан-шапқыттар, тырысушылық секілді даңғойлық, өркөкірек өзімшілдік бадырая білініп, кері әсер тудыратыны жасырын емес. Үйлену тойлары алдында жастардың сейіл-серуен құруы, яғни «гулянка» аталатын шарасы да шектен шығып барады. Көше қозғалысына кедергі келтіру, әдепсіздік, тәртіпсіздік орын алуда. Кейбір өңірлерде той басталар-басталмас азық-түлікті қапшықтарға тықпалау сияқты жат әдеттер дендей түсуде. Басқа да кемшіліктер аз емес.

Ардақты ата-әжелер! 

Әке-аналар! Үлкенді-кішілі ұрпақтар! Жастар!

Той өткізудің мәдениетін ұлттық ұлы ұлағаттарға, озық салт-дәстүрлерге сай биіктету — баршамыздың парызымыз. Жоғарыда атап көрсетілген кемшіліктерді, басқа да олқылықтарды түзетуге, талғампаздықты, тағылымды арттыруға бір кісідей атсалысайық. «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бол!» деген бабаларымыз. Тойлардың түр-түрлерін ұйымдастырып, өткізуде де бірлік пен ынтымақты, мәдени деңгейді нығайта түсуге тиістіміз.

Біз баршаңызға осы Үндеуді арнай отырып, мынадай мәселелерді айрықша атап көрсетеміз:

1. Ең бастысы, қандай той болса да белгіленген уақытта, кешіктірілмей басталуы керек. Көптеген кемшіліктер тойдың бір, кейде екі-үш сағат кеш басталуына байланысты туындайды. Барлық тойларды тұп-тура көрсетілген сағатта бастауды ұсынамыз. Осыған қол жетсе той иелері де, жастар да, басқалар да, шақырылғандар да, тойхана қызметкерлері де шаршап-шалдықпайды. Мүмкіндігінше кейбір тойларды, әсіресе тұсаукесер, сүндет тойларды күндіз өткізген жөн деп санамыз.

2. Асабаларға талапты күшейте түсу қажет. Облыстық, қалалық, аудандық ішкі саясат, мәдениет басқармалары мен бөлімдері, өзге де тиісті мекемелер асабалар оқуларын, курстарын, семинарларын ұйымдастыруы тиіс деп санаймыз.

3. Той өткізуге байланысты алуан түрлі сценарийлер, жобалар, ұсыныстар жасап, кітапшалар шығарып, тарату тиісті ұйымдар мен мекемелер, ұлтқа, мәдениетке, өркениетке жанашыр меценаттар тарапынан жан-жақты қолға алынуы керек.

4. Үйлену тойларының алдындағы «гулянка» деп аталатын шараны түбегейлі өзгерту — аса ділгір мәселе. Оны ұлттық салт-дәстүрге сәйкестендіріп, қасиетті орындарға тәу ету, тағзым жасау, гүл қою, т.б. рәсімдерге арнау қажет. Ішімдік ішу, көше қозғалысын бұзу, тағысын-тағы жат әрекеттер мен әдеттер қатаң айыпталып, жазалануы керек.

5. Бесік той, тұсаукесер, сүндет тойдан басқаларына жас жеткіншектерді мерейтойларда жас бүлдіршіндер беталды жүгіріп, алыса ойнап, асабаның да, өзгелердің де мазаларын алатынын білесіздер.

49-008

6. Көршілес кейбір елдерде той туралы заңдар немесе жергілікті өкілетті органдар бекіткен ережелер қабылданған. Бізде де осы мәселелерді ойластырған абзал деп санаймыз.

7. Телеарналарда, газеттер мен журналдарда арнайы бағдарламалар мен айдарлар ашып, той мәдениетін биіктету туралы жан-жақты айтылып, жазылып, талқыланып, бейәдеп өткен тойлар сыналып, өнегелі тойлар насихатталғаны жөн.

8. Тойларды бірте-бірте спиртті ішімдіктерсіз, сапалы, таза қымыз бен қымыран арқылы өткізген абзал болар еді. Жалпы, бәсеке үшін, дақпырт үшін тамақ түрлерін көбейтіп, ысырапқа жол беру – өркениетке де, мәдениетке де, қасиетті Құран талаптары мен ұлттық салт-дәстүрге де қайшы деп, иманды қорытындылар шығарар кез жетті.

9. Той мәдениетіне байланыс-ты тақырыптар облыстағы барлық қалалар мен аудандарда, кенттерде, ауылдарда, ардагерлер кеңестерінде, жастар бірлестіктерінде, ұйымдарда, оқу орындарында, мешіттерде, мәдени-көпшілік орындарында талқыланып, озық ойлар мен пікірлер қорытындыланып, тиісті мекемелерге тапсырылса, олар жинақталып, таратылса деген ұсынысымыз бар.

Облыстық ардагерлер кеңесі мен облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының хатшылығы біраздан бері барлық аудандар мен қалаларда «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» тақырыбы бойынша алуан түрлі кездесулер, сырласулар, талқылаулар өткізіп келеді. Ол жүздесулерде той өткізу мәдениеті де терең қозғалуда. Сайып келгенде, жоғарыда айтылған ұсыныстардың бәрі жүйелі атқарылса, кемшіліктер түзетілсе, қазақ тойының мәдениетін мәністі етуге мүмкіндіктер мейлінше мол екені аян.

Құрметті жерлестер!

Осы Үндеуімізді қызу қолдайды деп сенеміз.

Той өткізу мәдениетін жетілдіруге бір кісідей жұмылуға шақырамыз!

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №49, 03.12.2014