Былтыр қазан айында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатынын жеткізген болатын.
Тәуелсіздік алғалы бері мұндай мерейтой алғаш рет тойланғалы отыр. Елбасының бұл идеясы Қазақстан халқының қолдауына бірден ие болды. Қазіргі таңда Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өту туралы Республикамыздың түкпір-түкпірінде әртүрлі пікір-таластар басталып та кетті. Әсіресе осы мерейтой туралы әлеуметтік желілерде көптеген пікірлер айтылуда. Дегенмен, Елбасының бұл идеясын естігенде жеке өз басым қатты қуандым. Себебі қазіргі таңда қазақ хандығының, жалпы қазақ мемлекеттілігіне қатысты әртүрлі күмәнмен қарайтын пікірлер айтыла бастап еді. Тіпті «Қазақ деген ел болмаған», «қазақтың тарихы жоқ» дегендей пікірлерді естіп те үлгердік. Естеріңізде болса осыдан біраз уақыт бұрын Ресей президенті В.Путиннің қазақ халқы туралы айтқан пікірі ғаламторды біраз шулатып еді. Міне, енді Елбасының осы идеясынан кейін осындай күмәнмен қарайтындардың аузына құм құйылатын болды деп ойлаймын. Қазақ хандығы — Қазақстан аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың мұрагері, этникалық процестермен байланысты әлеуметтік қатынастардың өзгерістер мен экономикалық даму нәтижесі. Осы орайда қазақ хандығының тарихына қысқаша тоқталып өтсем;
1457 жылы Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих и Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері — Шу мен Талас өңірі деп айтылады. Әбілқайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыттың ішінде халықтың саны 200 мыңнан асып түседі. Қазақ хандығының құрылуы осыған дейін бүкіл Қазақстан аумағында болған әлеуметтік-экономикалық және этно саяси процестердің заңды қорытындысы еді.
XV ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, Батыс Жетісуға табан тіреді. XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығы нығайып, этникалық аумағының негізгі бөлігін қамтитын шекаралары кеңейе түстеді. Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен, Ресеймен тығыз байланыс орнатты. Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел, Тәуке хандардың есімдері Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүреді. Өйткені олардың қазақ жерін нығайтудағы, қазақтардың үстемдігін орнатудағы әрекеттері орасан зор болатын.
Қазақстандық тарихшы-ғалымдардың Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегін негізге ала отырып, жан-жақты зерттеу нәтижесінде Қазақ Хандығының құрылған жылы 1465 жыл деген қорытындысы алынған екен.
Көптеген тарихшылардың пікірінше, осы уақыттан бастап Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы Еуразия құрлығындағы мемлекетаралық қатынастардың жеке субъектісіне айналған.
Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақ хандығының 550 жылдығының мерейтойы Шу алқабында тойланатындығын өз сөзінде «Келер жылы тойланатын барлық мерекелер Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады. Ең негізгі атап өтілетін шара ол Қазақ хандығының құрылған жері Шу мен Талас арасындағы алқапта қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен үлкен шара өтеді. Аталған шараға халықаралық деңгейдегі қонақтар қатысады» – деп мәлімдеген.
Сонымен қатар А.Мұхамедиұлы елімізде бұл оқиғаны мерейтой күндерінің қатарына қосу керектігін және Мемлекет құрылуының мерейтойы ең алдымен азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру мен қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға бағытталып отырғандығын айтқан және де Министрдің айтуынша қазіргі таңда Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасы дайындалып қойылған.
Аталған тұжырымдамада Қазақ Хандығы құрылуының ғылыми деректері, мерейтойдың концептуалдық негіздері, идеологемалары, негізгі мақсаттары мен міндеттері және оның кезеңдері келтірілген.
Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өту басты үш концептуалды негізде жүзеге асырылатын болады екен, олар:
– патриоттық: қазақ халқының Отанына сүйіспеншілігі;
– ақпараттық: ғылыми көпшілік бағдарламаларды, ғылыми-танымдық деректі фильмдерді, қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы көркем фильмдерді жасап, жетекші орталық телеарналар арқылы тарату;
– ғылыми: қазақ хандығының құрылу проблемаларын зерделеу мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми конференциялар ұйымдастыру.
Министрлік сондай-ақ, мерейтойды атап өтудің іс-шаралар жоспарын жасады. Оған сәйкес, келесі жылдың басынан Қазақ Хандығының құрылу тарихын зерттеу мәселелерін талқылау бойынша жобалар іске аса бастайды, соның ішінде қазақ мемлекеттілігі туралы ақпараттарды анықтау мақсатында Батыс Еуропа, Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Египет, Өзбекстан сияқты елдердің мемлекеттік мұрағаттары мен музейлерінен, ғылыми-зерттеу орталықтарынан іздестіру жұмыстары қолға алынатындығын және де «Мәңгілік ел» ұлт тарихына арналған деректі, көркем және анимациялық фильмдер сериясын түсіруді жоспарлап отырғандығын жеткізді.
Сонымен қатар, мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндермен (Наурыз, Жеңіс күні, Мемлекеттік рәміздер күні, Астана күні және т.б.) байланысты барлық шаралар Қазақ Хандығының 550 жылдығы аясында өтетін болады екен.
Жылдың аяғына дейін өңірлерде мерейтойлық іс-шаралар жалғасады. Жалпы, келер жылы мерейтойға арналған 100-ге жуық ірі шара өткізу жоспарланыпты.
Жоғарыда айтылғандарға орай, біздің облысымызда, қалаларда осы мерейтойға байланысты оқу орындарындарда студенттер мен оқушылар арасында әртүрлі сайыстар, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, патриоттық акциялар, ойындар, фестивальдер. Ал мәдениет мекемелерінде көпшілікке арналған іс-шаралар мен мұражайлар арасында көрмелерді өткізуге, театр-ларымыз Қазақ хандығына байланысты қойылымдарды көрсетуге тиіс деп ойлаймын. Сонымен қатар БАҚ-да оның ішінде телеарналарда патриоттық видеороликтер, ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық бағдарламалар мен ғылыми дәйектерге негізделген деректі фильмдер көрсетіліп отырса, біз бұл ұлы тойды өз деңгейінде атап өткен болар едік.
Тұрар АКИМОВ, ОҚО Тарихи-мәдени-этнографиялық орталығы директорының орынбасары
«Оңтүстік Рабат», №1, 07.01.2015